Ел көлеміндегі ерекше диктант |
Оқылды:
16
Өткен сәрсенбіде еліміздің түпкіртүпкірінде латын қарпімен жазу бойынша Бүкілхалықтық диктант ұйымдастырылған еді. Ел көлемінде өткен игі шара Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің қабырғасында да қолға алынды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Латынға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деген еді. Сондықтан, Елбасы тікелей қолға алып отырған қазақ графикасының латын қарпіне көшу мәселесі қоғам дамуына ерекше серпіліс бермек. Бұл ретте, Бүкілхалықтық диктанттың да маңызы зор.
Мұндағы мақсат – ректор Марат Ибатов басшылық етіп отырған білім ордасындағы оқытушылар мен студенттердің сауатына зер салып, таным көкжиегіне көз жүгірту болатын. Сөйтіп, диктантты Қаламқас Қалыбекова бастаған «Қазақ тілі мен мәдениеті» кафедрасының ұжымы өткізіп, оған бас-аяғы 3011 оқытушы мен студент, магистранттар қатысты. Нәтижесі де көңіл қуантады. Аталған 3011 адамның 919-ы диктантты «өте жақсы» көрсеткішпен жазып шықса, 1387-сі «жақсы» деген баға алып, өз мүмкіндіктерін мейлінше сынап көрді.
– Бұл игі шара біздің университет үшін аса маңызды. Себебі, алдағы уақытта еліміз осы латын қарпіне ауысатыны жөнінде кеңінен айтылып келеді. Сондықтан, бұл оқиға оқытушылар мен студенттер, магистранттар үшін қаншалықты маңызды екені айтпаса да белігі. Жаңа қаріп – жаңа мүмкіндіктерге бастары анық. Біз ең алдымен соны түсінуіміз қажет. Әлемдегі ғылым мен ілімге осы қаріп арқылы барынша жақындай түсетінімізге сенімдімін, – деді Қаламқас Қалыбекова.
Айзада РАХЫМЖАНОВА,
ҚарМТУ-дың оқытушысы.