Министр пойыз апатынан зардап шеккендердің аты-жөнін жариялады
Қысқа сілтеме алу
Жүргізуші бірден артқы есікті ашқан, 16 адам автобустан сыртқы шығып үлгерген. Апат кезінде көліктің ішінде төрт адам болған
НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Бүгін министрлер шұғыл баспасөз мәслихатын өткізіп, Шамалған теміржол өткелінде болған апаттың мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, автобус өткелден өтемін дегенде көлік кептелісіне тап болған. Көлік жүргізушісі алыстан келе жатқан пойызды көрген.
«Ол бірден артқы есікті ашқан. 16 адам автобустан сыртқы шығып үлгерген. Апат кезінде көліктің ішінде төрт адам болған. Жүргізуші және бір әйел екі баласымен. Автобус жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Қалған үш адам Қарасай аудандық ауруханасында ауыр жатыр. Дәрігерлер олардың өмірін сақтау үшін бар күшін салып жатыр», — деді Тұрғымбаев астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Ал индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр зардап шеккендердің аты-жөнін жариялады.
«Зардап шеккендердің ішінде 1986 жылы туған Жәнібекова Эльвира Әбдірқызы және оның екі қызы бар. Балалар 2014 және 2016 жылы туған. Эльвира Әбдірқызының өзі Алматы локомотив депосының қызметкері болып шықты. «Қазақстан темір жолы» компаниясы оны емдеу және оңалту жағынан барлық көмекті көрсетеді», — деп атап көрсетті Скляр.
sputniknews.kz