Өлең: Кенен Әзірбаев (Кененнің Ләтипамен айтысы)

0

Өлең: Кенен Әзірбаев (Кененнің Ләтипамен айтысы) казакша Өлең: Кенен Әзірбаев (Кененнің Ләтипамен айтысы) на казахском языке

К е н е н:
Мен едім Кенен аңын Қордайдағы,
Төгейін өлеңімді таңдайдағы.
Ләтипа, дабысыңды естіп келдім,
Жатсаң да Төмен Балқаш шалғайдағы.
Өзіңдей өнерпазды көргенімде,
Қайнайды зығырданым қай-қайдағы.
Топардың тоғайында сен бір бұлбұл,
Әніңді құбылжытып салғай-дағы,
Ақиық Алатаудың қыранымын,
Қондырып бұтағыңа алғай-дағы.
Л ә т и п а:
Сен бе едің Қордайдағы Кенен деген,
Құлағым келеді деп елеңдеген.
Сыртыңнан естуші едім атағыңды,
Ойда жоқ түлеп түртіп келер деген.
Ашадан Сауытбек пен Жидебай кеп,
Айтысып менен көңлі төмендеген.
Қайрақбай, Әлдибай мен Көшкімбай кеп,
Бәйсімбекпен алты ақын шөмендеген.
Болғанда сен іздеген, мен сұраған,
Іздеген сұрағанға деген келген.
Ап етпей, қап етпестен, Кенен құрбым,
Азырақ сынасалық өлеңменен.
К е н е н:
Мен едім Дулаттағы Кенен ақын,
Жол жүріп жеті бекет келген ақын.
Тайымда атқа қосып елім мені,
Бәйге алған оза шауып арғымақпын.
Жеңдім деп өңшең шалды мақтанасың,
Олар қайда болып ед менен ақын?!
Тіліңді тарта сөйле асқақтамай,
Шаңыма ілеспейді сендей қатын.
Л ә т и п а:
Сен болсаң кім қорқады, Кенен ақын,
Жасыңнан жарымаған кедей ақын.
Мақтанба көрмегендей, білмегендей,
Қураған көк шолақпен сірі тақым.
Сен болсаң кім сескенер, Кенен болыс,
Қолына таяқ алған кедей болыс,.
Мақтайсың өзіңді өзің көтермелеп,
Келсең де үш жүз түйе сұрап помощь.
Бүкіл мынау қазақтай серік таппай,
Қасыңа қосып апсың «сары орыс».
К е н е н:
Ләтипа, келтірмеші шайтанымды,
Біліп ем осы сөзді айтарыңды.
Орыс пенен қазақты бөлетұғын,
Көңлің неге орыстан тойтарылды?
Үш жүз түйе аламын әскер үшін,
Қом — шомымен айдатып қайтарымда.
Талассаң тар кезеңге мен шығармын,
Тыртаңдап шауып көрші байталыңды.
Л ә т и п а:
Ей, Кенен, жүйрік емес, жүріскерсің,
Өлеңге, әуенменен мініскерсің.
Желпінін жеңемін деп, аптықпағын,
Шындасам сөз таба алмай тіміскерсің.
Арының қайтпай жүрген ақын болсаң,
Қысылып жүрген жолың жіңішкерсің.
Көкбайтал күнде озып бәйгі алып жүр,
К… бәйгі алса иіскерсің.
К е н е н:
Ләтипа, бір көруге ашың едім,
Ауылың Хантаудағы қашық еді.
Көкбайтал күнде озып жүргенменен,
Оны да жабы сәуірік басын еді.
Тұғырдан туған құлын шабан болып,
Кешке де ілеспейтін жасық еді.
Қазанның күйесіндей қара байың,
Күйеуің таңдап тиген осы ма еді?
Кетпеннің ұңғысындай кеңірдегі,
Көргенде қалдым түрін шошып енді.
Қашар мен арғымақты матағандай,
Жатасың қайтып қана қасына енді?
Жүрсеңші Алматыға бізбен бірге,
Қояйын сүйгеніңе қосып сені.
Тіл алсаң бізден қалма,
Ләтипажан, Әйелге теңдік жолы ашылды енді.
Л ә т и п а:
Ей, Кенен, қоқан, сестен қорықпаймын,
Дүлдүлмін, неше таңға зорықпаймын.
Өлеңнің таңдайымда ұясы бар,
Ешкімнен үйренбеймін, тарықпаймын.
Болса да байым момын, елім жақсы,
Үстінде үш болыс ел қалықтаймын.
Елімнің еркелеткен арқасында,
Дарияда жүзіп жүрген балықтаймын.
К е н е н:
Ләтипа, асыл нарқын білген қандай,
Жас шақта күліп, ойнап жүрген қандай!
Бұл күні әйелдерге ерік тиді,
Қалайша жүрсің шыдап жаман байға — ай?!
Жанымда жау-жарақты жолдастар бар,
Жүрсеңші тілімді алсаң бізден қалмай.
Жоқ болса жанашырың, сүйенерің,
Өкімет пана болып қорғағандай.
Л ә т и п а:
0, Кенен, бұл сөзіңе нана алмаймын,
Шын айтсаң, мен соңыңнан қала алмаймын.
Байымды подводқа жұмсап жібер,
Сонан соң жөнін тауып амалдайын.
Ақ бата, қызыл қанды бұзбаймыз деп,
Ұзатты байлап, матап ел — ағайын.
Өзіңдей әзілдессем құрбыменен,
Еркексіп ұра беред жаман байым

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!