«Алдында 7 адамнан көп өлді»: Шымалғанға жиылған жұрт шу шығарды (видео) — Қазақстан жаңалықтары
Шымалған станциясында болған ірі жол апатынан жолаушылар осы күнге дейін көп адамның пойыз басып көз жұмғанын айтып шу шығарды. Осы орайда олар көп жылдан бері көпір сұрап келе жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Алматы» арнасына сілтеме жасап.
Ірі жол апаты 15 қыркүйек күні сағат 19:20 кезінде болды. «Екатеринбург-Алматы» бағытында қозғалып келе жатқан пойыз автобуспен соқтығысты. Апаттан үш адам зиян шекті: әйел мен екі бала. Сондай-ақ, жүргізуші көз жұмды.
Автобус ішінде отырғандар жүргізушінің көпке дейін есік ашпай қойғанын айтып ашынды. Алайда олар бұл жағдайға жүргізушіні кінәламайтынын жеткізді.
«Шыны керек, көзі байланып қалды. Міне, Құдай тұр ғой. Бәріміз – халық, әйел адамдар, бала-шаға шулап жатырмыз. Бәрі «Есікті аш» деп айтып жатыр. «Көзі байланған» деген нәрсе жаман екен. Есікті аша алмай қалды ғой. Бір фары бар пойыз келе жатты. Автобус іші адамға толы. Алды мен артында кептеліс. Ортада шығатын жер жоқ. Шыны керек, күнде осы. Шыны керек, жүргізуші ашпай отырды. Өліп кетті. Мына жерге көпір керек», — деп ашынды автобус ішінде болған жолаушы Қайратбек Қалдықұлов.
Тағы бір азамат көптен бері көпір сұрап, салдыра алмай жүргенін жеткізді. Айтуынша, осы күнге дейін пойыз басып көз жұмғандар саны көп.
«20 жылдан асты. Мына жерде күнде жолдамыз. Кешкісін үлгермейміз, өту мүмкін емес. Жаяу өткен адамдарды қаншама пойыз қақты. Осы күнге дейін 7 адамнан көп өлді. «Көпір саламыз» дейді, бірақ салынбайды. Бізге көпір керек. Мына жерде біреулер, милициялар «Жүргізуші кінәлі» дейді. Жоқ, жүргізуші кінәлі емес», — деді азамат.
Естеріңізге сала кетсек, Шымалған станциясында ірі жол апаты болып, үш адамның жансақтау бөлімінде жатқаны туралы хабарлаған едік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жағдайға байланысты көңіл айтты.
stan.kz