Тоқаевтың көмекшісі президенттің Қытайға сапарының үш ерекшелігін атады

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Мемлекет басшысы 10-12 қыркүйекте Қытайға мемлекеттік сапармен барып, бірқатар екіжақты келіссөз өткізіп қайтты

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президентінің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапарының үш ерекшелігін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Біріншіден, бұл іс-шара мемлекет басшысының президенттік сайлаудан кейінгі Қытайға алғашқы мемлекеттік сапары болды. Қытай тарапы да оған үлкен баға беріп отыр. Екіжақты қарым-қатынаста басымдық бар екенін сезініп, олар да өз тарапынан бізбен етене жұмыс істеуге, бірге дамуға, халықтарымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істеуге дайын екенін растады», — деді Нұртілеуов президенттің Қытайға екі күндік сапарын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, Тоқаев Қазақстан Қытаймен өзара байланыс және ынтымақтастықты тың белеске шығаруға мүдделі екенін жеткізген.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді

«Айта кету керек, Қытай тарапы да бұған үлкен мән беретінін көрдік, сезіндік. Олар бізбен сауда-экономикалық қатынастарды, көліктік-логистикалық, өндірістік, сонымен қатар, жаңа бағыттарда жұмыс істеуге дайын екенін растады», — деді ол.

Екінші ерекшелік, оның айтуынша, мемлекеттік сапар дүниежүзілік саясат пен экономикадағы аумалы-төкпелі кезеңде өткен. Бұл екіжақты қатынастардың стратегиялық сипатқа толық сәйкес екенін көрсетеді. Сәйкесінше, осы тұста екі ел лидерлері аймақтық және халықаралық мәселелер төңірегінде пікір алмасып, ортақ ұстанымын, сонымен қатар, өзекті проблемалар бойынша позицияларын топшылады.

Тағы оқыңыз: Тоқаевтың баспасөз хатшысы Қытайдың Қазақстандағы басты мақсатын атады

«Үшіншіден, президент сапары Қытайдың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылғанына назар аудару абзал. Осы қадаммен біз Қытаймен достас халық екенімізді көрсеттік. Тату көршілікті көрсеттік. Өзара тиімді ықпалдастықты әрі қарай жан-жақты бекіте түсуге дайындығымызды білдірдік», — деді Тоқаевтың көмекшісі.

Айта кетсек, 10 қыркүйекте Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға мемлекеттік сапар жасады. Екі күнге созылған сапар барысында президент Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен келіссөздер өткізіп, бірқатар саяси, іскерлік топтармен кездесті.

Екі ел лидерлерінің келіссөздері нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасында  10 маңызды келісімге қол қойылды.



sputniknews.kz