Алматыда талдың түбінен табылған баланың әкесін 11 жылға бас бостандығынан айыру сұралды — Қазақстан жаңалықтары
Алматының Шығыс айналма жолында өз баласын өлтіруге оқталды деп айыпталған Мұрат Асқар-Оғлыны 11 жыл үш айға бас бостандығынан айыру сұралды. Сотталушының өзі әліге дейін кінәсін жоққа шығарып отыр.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.
Атышулы іске негізгі сот отырысы шамамен жарты жылға жалғасты. Осы уақытта 25 куәгерден жауап алынды. Сот жарыссөздерінде прокурор Еркін Баймағамбетов сотталушыны қатаң жазаға тартуды сұрады.
«Мұрат Асқар-Оғлыны Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша кінәлі деп танып, аталған бапқа сәйкес, 11 жыл үш айға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеуін сұраймын» — дейді прокурор.
Сонымен қатар прокурор мемлекеттік сарапшының берген қорытындысы жол-көлік оқиғасы нұсқасын жоққа шығарғанын атап өтті. Айтуынша, баланың киімі мен денесінде ЖКО-ға тән белгілер болмаған.
Ал сотталушы Мұрат Асқар-Оғлының өзі әлі де кінәсін жоққа шығарып отыр. Сотта соңғы сөзін айтқан ол өзін балаларынан ажыратпауды сұрады.
«Мен мұндай әрекетке барған жоқпын. Балалар – мен үшін ең қасиетті дүние. Оларсыз өмірімді елестете алмаймын. Мен мұндай әрекетке баруға ешқашан жол бермейтін едім. Ондай нәрсе ойыма кіріп-шықпайды да», — дейді сотталушы.
Еске сала кетсек, 2018 жылы 16 шілдеде Алматыда Шығыс айналма жолының аймағында 4 жасар бала тал түбінен табылды. Бастапқыда оны көлік қақты деген болжам шықты. Кейін әкесі ұлын өзі ұрғанын мойындап, оған қатысты іс қозғалды. Артынша ер адам өз сөзінен айнып, ұлын ұрмағанын айтты.
stan.kz