«Бұрынғымен салыстырғанда, қазір әйелдер әдеміленіп кетті»: Мұхаметжан Тазабеков не себепті әйелдер еркекті белсіздікке әкелетінін түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары
Жуырда Мұхаметжан Тазабековтің «ашық-шашық» жүрген әйелдер еркекті белсіздікке әкеледі деп көпшіліктің қарсы көзқарастарын тудырған еді. Stan.kz тілшісі айтыскер ақын, қоғам қайраткері, «Асыл арнаның» директоры Мұхаметжан Тазабековпен жолығып, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап алды.
Мен ол сөзді қыздарға емес, жігіттерге айтқан едім
– Мұхамеджан аға, сіздің «Жалаңаштанған қыздарға қараған ер адамдар аденома мен простата рагына шалдығып, ұрпақ сүюден қалады» деген сөзіңіз қызу талқыға түскен еді. Сіз сөзіңізді медициналық тұрғыда дәлелдеуге тырысты…
– Біріншіден, мен жалаңаштыққа қарсы жаңалық ашқан жоқпын, бізге дейін зерттеліп, дәлелі айтылған ғылымның сөзін айттым. Маған жанталасып қарсы шығып, сөзімді қатеге шығармақ болғандар қыздардың жалаңаштығы еркектерге атымен зиян емес деп те айта алмайды. Зиян емес екеніне дәлел іздесе дамыған ғылымнан да, шариғи ілімнен де жауап таппасы анық. Бұрын, «ауру астан, дау қарындастан» дейтін еді, қазір керісінше «дауымыз астан, ауруымыз қарындастан» болып жатқаны өкінішті.
Екіншіден, түпкі ойымды түсінген адамға мен ол сөзді қыздарға емес, жігіттерге айтқан едім. Неге дейсіз ғой, өйткені бұрынғымен салыстырғанда, әрине, қазір әйелдер әдеміленіп кетті. Неше түрлі келісті киім мен мінсіз макияждың арқасында осы күні сыртынан қарасаң «әдемі емес» әйел, «көркем емес» қыз жоқ. Сол себептен, ер азаматтар мезгілсіз махаббат пен қажет емес қозуларға бой беріп, кейін арандауға ұрынып қалмасын деген болатынмын. Бұл ойымнан әлі де қайтқан жоқпын. Мұндай жалаңаштанған қоғамда көзіңді жауып жүрсең дерттен де, өрттен де аман боласың. Ит-құс, жануарларда да өз жұптарына деген қызғаныш бар. Біз де қыздарымызды, әйелдерімізді бөтен көздерден, бөгде пиғылдардан қорғауымыз керек.
Батыр Бауыржан атамыз айтты ғой, «Адамды бұзатын не? Тағы сол атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз — еркектер бұзамыз». Әйел — әлсіз жаратылыс. Ол ердің қабырғасынан жаратылған, қалауын қанағаттандыратын, қажетін толықтыратын ең жақын жұбы. Әйел жерге емес, ерге арқа сүйейді.
Демек олардың жүріс-тұрысы, киім-киісі еркектің талғамы мен талабына сай болып тұр емес пе? Ең бірінші бізге ердің талғамына өзгеріс керек. Және ол өзгеріс өздері үшін пайдалы. Көзі бояу емес, ұяты ояу қызды іздесе, ертеңгі күні махаббаты макияжбен бірге жуылып кетпей, өте мықты отбасы болатынына сенемін. Бұл әрине, «қыздар жалаңаш жүре берсін, сен өзіңді ұста» деген сөз емес, ол ер адамның табиғатына қайшы. Еркек атаулының ең әлсіз тұсы – әйел. Мүмкіндігінше жалаңаш әйел азайып, талапшыл еркек көбеюі керек. Бүкіл әйелді киіндіріп немесе еркектердің көздерін перделеп қоя алмаймыз. Тек әйел ұятты, еркек есті болуын қалаймыз.
– Сізше жалаңаштанған қыздардан қандай қауіп бар?
– Білесіз бе, егер еркектер көшеде тырдай жалаңаш әйелді көрсе, оған қозушы көзқараспен қарамайды. Тіпті оған жиіркенішпен қарайды. Ал жартылай жалаңаштанған киім кез-келген адамды басқаша хәлге түсіреді. Мысалы, сиқырлы образға енген әйелдің сырт көрінісіне сұқтанып қараса, ол еркектің ойына жалған махаббаттың дәні егіледі. Кейін жер-жаһанның жылтырағын үйінен көрмегесін құмарын қалай басады, ентігінің емін қайдан алады? Оянған сезімі орнын таппай, тұншыға берген соң, көзі қызарып, көшеге шығып, тәртіпсіздікке ұрына бастайды. Ойынға қанбаған баладай бір нәрсе жетіспей тұрады. Еркектің бойында шектен шығушылықтың алғышарттары осылай пайда болады.
Енді қараңыз, қазір жеткіншектер интернеттен жыныстық қатынасты ашық көрсететін видеоларды еш қысылмай көріп жүргені жасырын емес. Шешесінің етегінен кеше шыққан ұлдар бөтен әйелдің ұятты жеріне экран арқылы көз салуда. Жасынан жалаңаштыққа көзі, арсыздыққа еті үйренген баладан қалай ертең елді түзейтін ер шығады. Керісінше, сұлулық көрсе сезімі оянатын қабілеттен айырылады. Демек, бұл саны аз қазақ үшін үлкен қауіп.
Мен көптеген елдерде болдым. Мысалы, Еуропада көпшілікке арналған моншаға бара алмайсың. Себебі, еркектер мен әйелдер бірге қоғамдық моншада түсе береді. Олар бір-бірінің тыр жалаңаш денесін көргенде ешқандай әсер сезінбейді. Яғни, бұл еркектің қозу процесінің жойылып келе жатқанын көрсетеді.
Негізінде әйел адамның жыныстық қалауы белгілі бір жасқа келгенде, мейірімге айналып кетеді. Сондықтан да ер азаматтарымыз әжелердің бетін сүйіп, бауырына басын қоя алады. Ал, еркек адамның нәпсісі мен шақуаты өзімен бірге өледі. Осы үшін де келін-кепшік дәстүрлі тәрбиемізде ақсақалдың қолын алып, құшақтап көрісе бермейді. Керісінше, етек-жеңін жинайды.
Қызды бірде отқа, бірде суға да салып отыру керек
– Бір орыстілді сайт сіздің жалаңаштануға байланысты жазған постыңызға қатысты «Мұхамеджан Тазабек секілді еркектер әйелдерін орамалмен қымтап, ас үйге отырғызып қояды» деп мақала жариялағаны бар…
– Иә, жұбайым орамал тартады, ұзын етек көйлек киеді. Бірақ, өз ұяты мен арын бөгде еркектің көзінен сақтанатын дәрежеде ғана солай киінеді. Әйтпесе, қоғамдық орталар мен материалдық игіліктердің ешқайсысынан кем қалып жатқан жоқ. Ол кісі ас үймен ғана шектеліп қалған адам емес. Астында көлігі бар, бала-шағаның тәрбиесіне қатысты айналысатын өз шаруалары бар. Әйеліңді бөтен көзден қызғану оның бүкіл құқықтарын шектеу деген сөз емес. Құдайға шүкір, жұбайым, қыздарым, жеңгелеріміз біздің әулеттің келіні, қызы болғанына риза.
– Жалпы «ұят болады» деген сөзді жиі қолданатын халықпыз ғой. Қазіргі қоғамда «ажырасу ұят, шешіну ұят» десеңіз, «ұятмен» атанып қалуыңыз мүмкін. Біз ненің ұят, не нәрсенің ұят емес екенін кейде шатастырып алатын сияқтымыз. Бұған не дер едіңіз?
– «Құдай жоқ, о дүние жоқ» деген адамдар дәлел тапқандықтан айтып жатқан жоқ. Олар «құдай бар, ақырет бар» деп жүрген жауапты адамдардың қасында абыройсыз болып қалғысы келмегендіктен де «құдай жоқ» деуге ауыздары барып жүр. Осы сияқты «ұят керек емес», «ұят бізді шектеп жатыр», «еркін болуымыз керек» деп жүргендер, өздерінің ұятсыздығын бекітіп, ойына келгенін істеуді заңдастырып алғысы келгендіктен айтады. Ұятсыз тірліктеріне толықтай жол ашып алғысы келетіндіктен ғана құндылықтарды жоққа шығарғысы кеп жүр.
– Сіздегі ұят не?
– Мендегі ұят – ата-анаңды сыйламау, уәдеде тұрмау, туған-туыстарың мен дос-жарандарыңды менсінбей кету, ұл-қыздарыңа лайықты әке бола алмау. Адамшылықты жоғалтқанға Алла риза болмайды. Ұлы мақсатым- адам боп, иманды пенде өмірден өту. Алланы риза қылатын, оған лайықты құл болғым келеді. Ертеңгі күні жанымыз қалаған мәңгілік мекеніне барғанда «Құлым саған ризамын. Уақытша сынақтардан өттің» деген Алла тарапынан алғыс алғым келеді.
– «Ұл қожайын болу керек. «Үлкенің де, кішің де ұлды тыңдаңдар» деп қыздарыма айтып отырамын. Өйткені, ұл — шаңырақтың ертеңгі иесі» деп айтқан сөзіңіз бар. Әке ретінде ұл-қыздарыңызды тәрбиелеуде ұстанатын қағидаңыз не?
– Қыздарыма әрдайым бірі шешесінің оқтауын, екіншісі шаңсорғышын ұстап жүруін айтамын. Өйткені, ертеңгі күні ол біреуге келін болып барады. Сол кезде оқтауды немесе инені күйеуінің үйінде бірінші рет ұстамауы керек. Кейде мейірімділік таныта отырып, қыздарыма арасында қабағымды да көрсетіп қоямын. Неге? Өйткені қызым ертеңгі күні күйеуінің қабағын көргенде, бұл қалай деп «шок» болмауы керек. Шыққан жерінен еркектің қабағын танып барсын. Сондықтан да қызды бірде отқа, бірде суға да салып отыру керек. Әрине, бәрі әдебімен…
Балаларыма ең керемет тәрбие беріп жатырмын демеймін, жақсы тәрбиелеуге тырысып жүрген әкемін.
– Соңғы уақытта қоғамымызда ер азаматтар тарапынан қыздарға кінә тағу басым. Мәселен, ажырасып жатса – әйел кінәлі, зорланып жатса – қыз өзі деген пікірлер көп кездеседі…
– Қызға әркім қызығады. Оны пайдаланып, меншіктегісі келеді. Ол құнды гауһар тас сияқты. Бірақ, сол жаны жоқ тастың да бөтен көзден қорғайтын өз иесі бар. Ал, қазір тастан мың есе артық қыздарымыз ешкімге керек болмай қап жатыр. Қайда жүр, не істеп жүр, ойында не бар, кім текесеріп жатыр. Қазақтың «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөзі оған шектеу жасау емес, керісінше қамқорлыққа алу емес пе еді? Сондықтан, біз қыздарды қалай кінәлаймыз? Қазақ әйелдерінің бақытты және бақытсыз болуының негізгі тетігінде еркектер отыр. Еркектердің тұлғалық қасиеті төмендеген сайын әйелдер де қор бола береді.
Біздегі ажырасудың көбейіп кеткендігінің негізгі себебі – ол қызға еге болып, оны үйіріп әкететін жігіттерде тұлғалық қасиеттің аз болуында. Сондай-ақ, барған жеріне тастай батып, судай сіңе алмаған қыздың отбасылық өмірге дайын болмауы. Екі жақтың үлкендердің де дайындықсыздығы олардың ажырасуының орын алуына әкеп соқтыруда. Өкінішке орай, ұл мен қызды отбасылық өмірге дайындайтын толымды әке, тәлімді ана аз болып жатыр. Біздің ана дегендердің көбі — “бала табар, нан жабар”, ал ер азамат дегендеріміз «ас ішіп, аяқ босатар» құр жақсы, үлгісі шуақсыз адамдар болып тұр. Өкінішке орай, білмейтін біліміміз, естімеген ақпаратымыз, қатыспаған тренингіміз жоқ. Бірақ, ұл-қыздарымыздың жолын аша алмай отырмыз.
stan.kz