«Вообще қиын адамдар, бұлар». Қауымдасық қандастардан «қиындық» көріп отыр ма?
Атағы Алатаудай болғанымен, атқарар ісі тарыдай ғана «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» деген ұйым бар. Бәріміз білетіндей, қауымдастық 1992 жылы жер бетіне тарыдай шашырғаған қазақтың жоғын жоқтайды деген үмітпен құрылған болатын. Алғаш құрылған жылдары қазақ үшін көп қызмет атқарды делінетін ұйымның бүгінде бар-жоғы білінбейді.
Өзгеге көл, өз қазағына шөл болған ел билігі аталған ұйымға қаржылай көмек көрсетуді тоқтатқалы аз уақыт болмаған көрінеді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметін сынға алсаң алдыңнан шығатын себеп осы. Ұйымның қолын қаржының жоқтығы байлап отыр дейді. Білетіндердің айтуынша, бұл ұйым ғаламдағы қаймана қазаққа қорған болу былай тұрсын, қол астындағы аз ғана қызметкерлеріне жалақы төлей алмай отыр. Ал ақшасыз шөптің басын сындыру мүмкін емес мына заманда қалтасы таяз қоғамдық ұйым қазақты жарылқайды деп үміттенудің өзі күлкілі.
Салыстыру үшін айта кетейік, елімізде «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген тағы бір ұйым бар. Қазақ қауымдастығынан үш жас кіші болса да бұл органның бет-беделі бес атанға жүк болады. Бүгінде конституциялық орган деп мойындалатын Ассамблеядан ел Парламентіне депутаттар сайланып жүр. Қазақ қауымдастығының қызметкерлері жалақы ала алмай отырғанда Ассамблея мүшелері комсомолдың жүз жылдығын тойлап жүргенін көрдік. Екі ұйымның да төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болғанымен, неге екені белгісіз Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы өгей баланың күнін кешіп жүргені жасырын емес.
Өткен жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайынан кейін Елбасының тапсырмасымен қазақ қауымдастығы Елордаға көшкен болатын. Қауымдастық Астанаға көшіп, ресми билік органдарына жақындағанда енді бұлардың да бет-беделі биіктер дегенбіз. Алайда, бұл үмітіміз ақталмады. Баяғы жартас сол жартас күйінде қала берді. Бас кеңсе Астанаға көшкен соң Алматыда қауымдастықтың филиалы құрылып, оған өткен жылы қазан айында Айбөпе Мақұлбекқызы басшы болып тағайындалды. Ал биыл наурыз айында Алматы қаласы және Алматы облыстық филиалы біріктірліп, тізгіні сол Айбөпе ханымға тапсырылды.
Алматы өңірінде шеттен келген қандастарымыз өте көп. Ресми мәлімет бойынша, тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден көшіп келген қазақтардың 1/5-і Алматы өңіріне қоныстанған. Сол үшін де Алматыда қандастарға қатысты қызмет қызғын жүргізілуі керек еді. Алайда, қазақ қауымдастығының қара шаңырағында отырған Алматы филиалының жұмысы көп сынға ұшырауда. Біз қауымдастықтың Алматы филиалы шынымен мүлде жұмыс істемей ме, әлде істеген істері елеусіз қалып жатыр ма деген сұрақтармен филиал басшысы Айбөпе Мақұлбекқызын сөзге тарқан болатынбыз.
Ол кісінің айтуынша, қара шаңырақта отырған санаулы ғана қызметкер қаржының жоқтығына қарамастан қолдан келгенше еңбек етіп жатқан көрінеді. Филиал жұмысына жегілген екі қызметкер жалақы алмаса да жалғасты жұмыс істеп жатыр екен. Айбөпе ханымның сөзіне қарағанда, атқарылған ең маңызды шара — Алматы облысының 12 ауданында қауымдастықтың бөлімшелері ашылғаны болса керек. Әр аудандағы қандастарды қолдау мақсатында ашылған осы бөлімшелердегі қызметкерлер де тегін жұмыс істейді.
— Көмек сұрап келген қандастарымыз болса кеудесінен итеріп көрген жоқпыз. Бәрін қабылдап, қолдан келген көмегімізді көрсетеміз. Құжаттарын жасатуына жол сілтейміз. Олардың өтініштеріне сай көші-қон полициясымен, өзге де мемлекеттік мекемелермен байланыс орнатып жұмыстарының тез шешілуіне ықпал етіп жатырмыз. Атап айтқанда, биыл бірқанша студенттің оқуға түсуіне, жатақхана алуына көмек қолымызды создық.
Бұдан бөлек, шеттен келген өнерпаздардың қатысуымен Алатау театрында кеш өткіздік. Жасөспірімдер театрымен бірігіп елге келген бір-екі ақын-жазушының шығармашылығына арналған поэзия кешін ұйымдастырдық. Белгілі азаматтардың өткізген іс-шараларынан қалмаймыз. Мәселен Таңжарық Жолдыұлының 115 жылдығына арналған шараға қатысып, баяндама жасадым,- деді Айбөпе ханым.
Айбөпе Мақұлбекқызы айтқан осы іс-шараларға қарап қауымдастық түк тындырмады деуге ауызың бармайды. Мүмкін осы жақсы әсермен қауымдастық қызметіне оң бағамызды берер ме едік, егер біз Қытайдағы қазақ мәселесі жайлы сұрамағанда. Біз «Қытайда туысы қамалған қазақатар неге қауымдастықтан көмек сұрамай, сырттағы қоғамдық бірлестіктерге жүгінеді» деп сұраған едік. Дәл осы сұраққа жауап беру барысында қазақ қауымдастығының Алматы өңірі филиалын басқарып отырған Айбөпе ханымның Қытайдағы жағдайдан мүлде хабарсыз екенін аңғардық.
— Аталған қоғамдық бірлестіктер құр сөзге сүйеніп, айқай-шу шығарып отыр. Бұл өкімет тарапынан шешілетін мәселе. Қоғамдық бірлестіктердің де, біздің де қолымыздан келмейді. Осы мәселе Сыртқы істер министрлігінде де, Ішкі істер министрлігінде де, Парламентте де көтерілді. Бізден ол елге арнайы делегация барып, барлық жағдайды айтты. Осыдан кейін Қытай көп істі мойындады. Міне осы жұмыстардан кейін көп іс шешілді. Біраз адам өзі таза болса лагерлерден босап шықты. Мен білсем Қытай тарапы ешқандай кінәсі жоқ адамдарды ұстап отырған жоқ. Еш кінәсі жоқ көп адам босап шығыпты, естіп жатырмыз. Бұл жерде бізден кеткен қателік, Қытайдың саясатын жамандап, керісінше сөз сөйлеп жүрміз. Содан олар да қатаң шараларға барып жатыр. Біз бәрін (қытайдағы қазақтардың) қоғай алмаймыз. Себебі, олардың да кінәлары бар. Ал кінәлілерді олар өз саясатымен жазалайды. Біз олардың ішкі ісіне араласа алмаймыз. Ұсталғандардың өзінде кінә болса, өздері мойындау керек. Ал кінәсі жоқ болса түбінде босап шығады, шығып та жатыр, — деді.
Дүниежүзіндегі қазақтарды қорғауы тиіс ұйымның білдей бір филиалын басқарып отырған басшының көзғарасы осындай. Бұл кісінің пікірінше, Қытайда ұсталған қазақтар өздері кінәлі екен. Қара қылды қақ жаратын әділ Қытай билігі әр істің ақ-қарасын анықтап барып істеп отыр. Ал біз болсақ мына жақта Қытайды жамандап, бекер шу шығарып жүрміз.
Біз тырнақ астынан кір іздеп отырған жоқпыз. Бұл Айбөпе Мақұлбекқызының өз сөзі. Осындай көзғарастағы кісілер басқарып отырған қазақ қауымдастығынан не үміт, не қайыр болсын?! Осыдан кейін қауымдастыққа қаржы бөлмеді деп билікті кінәлаудың да жөні жоқ екенін байқайсыз. Өз жұмысын білмейтін, жүктелген міндетті атқара алмайтын ұйымды қаржыландырудың қажеті не?!
Шынын айтқанда, қазақ қауымдастығы білікті басшыға жарымай жүр. Былтыр ғана қызметінен босаған бұрынғы басшы Талғат Мамашев мырза осыдан біраз жыл бұрын «оралмандарды ұрғаным бар» деп айды аспанға шығарған болатын. Қазақты қорға деп қолына берген билік қамшысымен өз қандасын сабап жүрген Мамашев секілділер тұрғанда қауымдастық қайдан оңсын. Бұндайды қазақ қасқырға қой бақтыру дейді.
Талғат Мамашев бастаған команда қызметінен кеткенде бөркін аспанға атқан қазақ ерте қуанғанын енді біліп жатыр. Себебі, қауымдастық тізгінінде отырған қазіргі қызметкерлердің де бұрынғылардан асып тұрғаны шамалы. Соның анық көрінісі біз айтып отырған Айбөпе Мақұлбекқызы. Айбөпе ханым бізге берген сұхбатының соңында «Шетелден келген қазақтар мен біздің менталитетіміз мүлде бөлек. Олардың сөзі көп, іске жоқ» деді. Міне, әлемдегі қазақтарды бір тудың астына жинау үшін жұмыс істейтін қызметкердің сөзі. Елге-елді қосып елдестірер елшінің сөзі емес енді. Онсыз да аз ғана қазақты жерге бөліп, ала қойды бөле қырқып отырған Айбөпе ханымның өзі жақтырмайтын оралмандардың басынан сипай қоюы екіталай.
Адам өнімді жұмыс істеу үшін қолындағы қызметке ынтасы болу керек. Ал өзімен тікелей жұмыс істейтін қандастарды «өте қиын адамдар» деп отырған қауымдастық қызметкері қандастар мәселесіне бар ынтасымен атсалысады деу қиын. Қауымдастықтағылар қаржымыз жоқ деп көз жастары көл болып отыр. Бірақ бұл ұйымда бұрын қаржы болды. Дұрыс жұмыс істеп тұрғанда мемлекет тарапынан көмек аз болмаған. Кейін ауызындағы астан қағылып жүрген тағы өздері. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қауымдастықты «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры арқылы қаржыландыру туралы айтқан. Алайда Елбасының осы сөзін тиімді пайдаланып, мемлекеттен қаржы тарта алмады. Тіпті, бұрынғы басшы Талғат Мамашевтың қызметтен кетуіне де қаржы мәселесі себеп болған көрінеді.
Бұл туралы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Алматы облыстық филиалының бұрынғы меңгерушісі Дамир Жайнақов айтты.
— Талғат Асылұлының қызметтен кетуіне бөлінген көп қаржы өз орнына жұмсалмады деген әңгіме себеп болды. Ал Заутбек Тұрысбеков келгелі қауымдастықта мүлде ақша жоқ. Қауымдастық қызметі тұралап тұр. Кезінде Талғат Мамашев жұмыс істемеді деп сынағандар қазір ол кісінің кезімен жылап көрісетіндей болып жүр. Кезінде көші-қон саласын басқарған Заутбек Қауысбекұлы бұл салада біліктілігін көрсете алмай отыр.
Ал Алматы филиалының жұмысына келсек, бұл кісілерді мүлде жұмыс істемей жатыр деуге келмейді. Қолдарынан келгенін жасап жатыр. Қазіргі басшысы Айбөпе Мақұлбекқызы бұл жұмысқа келгелі бір жыл ғана болды. Саланың қыр-сырына қаныққан жоқ. Ол кісіге әлі екі-үш жыл уақыт керек деп есептеймін. Одан да маңыздысы қаржының жоқтығы. Алматы филиалында екі-ақ адам жұмыс істеп отыр. Жағдайлары жасалмаған. Салыстыру үшін айта кетейін, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүмкіндігі қауымдастықан әлдеқайда артық. Жеке көліктеріне дейін дайындап берген. Жұмыс істеп отырған қызметкерлері де аз емес,— деді Дамир Жайнақов.
Мұқан Мамытханұлы. Қауымдастықтың жанынан құрылған «Отандас ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
— Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында 1997 жылдан бастап қызмет істедім. Шетелдегі қазақтарда туындаған кез-келген мәселеге қауымдастық араласуға міндетті. Өзге елді тұратын қазақтарды елге көшіп келуге үгіттеуге де құқылы. Алайда, қауымдастық қазір бұл бағытта қандай жұмыс істеп жатқанын білмеймін. Оны жауапты адамдар өздері айтады. Ал өзім Қытайға барған делегацияның құрамында болдым. Қытайдан келген делегациямен де кездестім. Сол кезде қандастарда сақталып отырған жеті түрлі мәселені толық айттық. Екі жақта бөлініп қалу, зейнетақыны бермеу, саяси үйренуге қамалған қазақтар мәселесі бәрін де көтеріп жүрміз.
Қауымдастықтың Алматы филиалының атқарған басты жұмысы, Алматы облысына қарасты 16 ауданның 12-сінде қауымдастықтың бөлімшесі құрылды. Бұлардың басты міндеті өз аудандарында қанша оралман бар, қай мемлекеттен келген, қаншасы азаматтық алған, жұмыспен қамтылған ба, баспанасы бар ма деген мәселелерді анықтау болып отыр. Ал екінші жағынан қиыншылығы бар қандастарға көмек қолын созуды да назарда ұстайды. Бұдан бөлек, біз айтып отырған бөлімшелер шетелден келген қандастардың ықтияр хат немесе азаматтық алуына көмектесіп жатыр. Тағы бір айта кетелігі, Талдықорған қаласында «Ұшқын» тіл орталығымен бірлесіп сырттан келген балаларға ағылшын тілі, орыс тілін үйрететін курс ұйымдастырып жатырмыз. Бұның бәрі біздің жұмыстың бастамасы деп біліңіздер. Алда облыс көлеміндегі оралмандар мәселесін түбегейлі өз қолымызға алуды жоспарлап отырмыз,- деді.
Сөз соңында айтарымыз, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы өз атына сай жұмыстар атқара алмай жүр. Бұған біріншіден мемлекет тарапынан қолдаудың болмауы себеп. Жауапты қызметкерлердің айтуынша, қауымдастықта мүлде қаржы жоқ. Ал қаржысы мен қолдаушысы жоқ ұйымның қолынан қазақтың мәселесін шешу ешқашан келмейді. Екіншіден, баста айтқанымыздай қауымдастық қызметкерлері қазаққа шын жанашыр бола алмай отыр. Бұрынғы басшы Талғат Мамашев «оралмандарды ұрдым» десе, қазір жауапты қызметте отырған Айбөпе Мақұлбекқызы «оралмандар қиын адамдар» деген көзқараста. Демек, қазақты жақтырмайтын жандар қазаққа жақсылық жасап жарытпайды.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Қуаныш Қаппас
Abai.kz