Қарағандыда өлі табылған 3 жасар баланың әжесі оқиғаның қалай болғанын айтты
Қысқа сілтеме алу
Кішкентай Максимді ұрлап әкеткен Игентай баланың әжесіне қоңырау шалған екен
НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек — Sputnik. Қарағанды маңындағы ауылда үш жасар баланың өліміне күдікті Игентай Сопыжанов сәби жоғалғаннан кейін төрт күннен соң ұсталды. Оқиғаның қалай болғанын кішкентай Максимнің әжесі айтып берді, деп хабарлайды КТК арнасы.
Вера Гервектің айтуынша, қызы Ника мен Игентай мектеп кезінен бір-бірін ұнатып, қыз бен жігіт болып жүрген. Алайда сезімдерінің аяғы ұрыс-керіспен жиі аяқталатынын қыздың туыстары байқап, қызғаншақ жігіттен алшақтатуға тырысыпты. Ал ашуға бой алдырған 17 жастағы бозбала ғашығының үйіне балтамен келген.
«Таңертең сиыр саууға тұрғанда аңдып тұрып балтамен ұрған. Сіңлім сол жерде тіл тартпай кетті. Вероникамен «арамызға түстің» деп өшіккен көрінеді. Содан 9 жылға сотталған болатын. Алайда жылдың басында мерзімінен бұрын шығып, қызыммен қайта кездесе бастады», — дейді Максимнің әжесі.
Тағы оқыңыз: Алматыда 12 жасар қызды анасының көңілдесі зорлады
Игентай түрмеде отырғанда Ника басқаға тұрмысқа шығып, ажырасып кеткен. Төркінінен құшағындағы ұлымен оралып, оны анасы бауырына басыпты. Ника мерзімінен бұрын босап шыққан бала күнгі ғашығымен қайта қосылған. Бірақ екеуі қыркүйектің 5-і күні ауылдағы дүкеннің алдында тағы жанжалдасады. Сол сәтте Игентай келіншектің қолындағы баланы ала қашыпты.
«Жұлып алды, тартып жұлып алды. Ана бала бажылдап айқайлап, тіпті аяқ киімі де түсіп қалды. Ол клуб жаққа қарай қашты. Баланы көтеріп сонда тұрды. Әйел артынан барған жоқ, дүкенге кіріп кетті. Қорыққан болар», — дейді Бұрма ауылының тұрғыны Бану Қолдыбаева.
Сол кеткеннен Игентайды тірі жан көрмеген. Алайда ол үйінде қан жұтып отырған баланың әжесіне қоңырау шалыпты.
«Баланы қайтаршы деп жалындым. Аяғыңа жығылайын, кішкентайымды әкеліп бер деп жыладым. «Маған іздеу жариялапсыңдар ғой» деп зіркілдеді де, тұтқаны қоя салды. Содан кейін телефонын мүлдем өшіріп тастады», — дейді Вера Гервек.
Сол күннен бастап полиция мен еріктілерден құралған 100-ден аса адам Максимді іздеп жер-көкті шарлаған. Алайда Максимнің денесі 3 күннен соң ауылдың тура іргесінен табылды. Қаскөй мәйітті шөптің арасына тереңдетіп, көміп кеткендіктен, бірден табылмаған.
Тағы оқыңыз: ШҚО-да өз үйінің ауласынан жоғалған екі жасар сәбидің денесі табылды
Ал Игентай ауыл маңындағы теміржолдан тауар таситын пойызға жабысып, қарасын батырғаны белгілі болды. Сол пойызбен Таразға дейін жетіп, Қарағандыға да пойызбен оралған бойда құрықталды. Полицейлердің айтуынша, бір отбасыны екі рет қан қақсатқан ол «қылмысын толық мойындады».
sputniknews.kz