Нұр-Сұлтанда Екінші дүниежүзілік соғыс туралы көрме ашылды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Қазақстан астанасындағы көрмеге қойылған архив құжаттары жуырда ғана құпиясыздандырылған

НҰР-СҰЛТАН, 4 қыркүйек — Sputnik. Нұр-Сұлтанда Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы туралы архивтегі құжаттар мен фотосуреттердің көшірмесі көрмеге қойылды. Қазақстанның Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінде «1939 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Халық назарына Екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдындағы оқиғалардан сыр шертетін архив құжаттары мен фотосуреттерінің көшірмесі ұсынылған. Құжаттар 1930 жылдардың аяғында қалыптасқан күрделі халықаралық ахуал кезіндегі Кеңес Одағы іс-қимылы туралы баяндайды.

Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін екі апта бұрын Иосиф Сталин мен Адольф Гитлердің өзара ресми хат-хабар алмасуы да көрмеге қойылған.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Германия мен Кеңес Одағы арасындағы сауда-саттық жөніндегі Гитлер мен Сталиннің өзара хат-хабар алмасуы

Алғашқы күні көрменің қонақтары Қазақстан Қарулы күштерінің Бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов және Ресей Федерациясының төтенше әрі өкілетті елшісі Алексей Бородавкин болды.

«Көрменің халықаралық маңызы зор әрі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа елеулі үлесін қосады. Мұндай көрмелерді өткізу әлемдік мәдени-тарихи мұраны сақтау үшін ғана емес, әскери дипломатиядағы халықаралық қатынастарды дамыту үшін де өте маңызды», — деді Қарулы күштердің Бас штабы бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов көрменің ашылу салтанатында.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Тарихи-деректі көрменің ашылу салтанаты

Ресейдің төтенше әрі өкілетті елшісі Алексей Бородавкин өз сөзінде атап өткендей, көрмеге Ресейдің сыртқы істер министрлігі, Ресейдің Мемлекеттік әскери архиві, сондай-ақ Ресейдің тарих қоғамының қорларынан алынған бірегей материалдар қойылған.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Ресейдің төтенше әрі өкілетті елшісі Алексей Бородавкин

«Бұл құжаттар жақында ғана құпиясыздандырылып, жалпы қоғамдық мұраға айналды. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейіне, әскери-патриоттық орталығына алғысымды білдіргім келеді. Біз осы шараны ұйымдастыру үшін бірігіп көп жұмыс атқардық. Осы орайда көрмеге қойылған материалдар музейдің тұрақты пайдалануына берілетінін қуана хабарлаймын», — деді Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше әрі өкілетті елшісі Алексей Бородавкин.

«1939 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы» көрмесі

Көрме 1938 жылдың 29 қыркүйегіндегі Мюнхен келісімінен бастап 1939 жылдың жазындағы әлемдік саяси дағдарыстың тереңдеуі және 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германияның Польшаға шабуылдауына дейінгі кезеңді қамтиды.

Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Еуропадағы күштердің қалай бөлінгендігін айқындаған Англия, Франция және КСРО арасындағы 1939 жылғы келіссөздерге ерекше назар аударылған. КСРО-мен тең әскери-саяси одақ құруға қатысты Ұлыбритания мен Франция тарапынан болған саботаж, сондай-ақ КСРО-ның нацистік агрессияға қарсы бірлескен әскери іс-қимыл туралы ұсынысынан Польшаның бас тартуы туралы айтылады.


©
Sputnik / Абзал Калиев.

Тарихи-деректі көрмеге келген қонақтар

Тарихи-деректі көрмені Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшілігі мен Нұр-Сұлтандағы Ресейдің ғылым және мәдениет орталығы Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінің қолдауымен ұйымдастырған.

Көрме 2019 жылы қыркүйектің 4-інен 30-ына дейін өтеді. Кіру тегін.



sputniknews.kz