2019: Тоқаев митинг өткізуге заң бойынша рұқсат берілетінін айтты
Қысқа сілтеме алу
Президент бейбіт акцияларға заң бойынша рұқсат берілуі тиіс екенін атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 2 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев митинг өткізуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент халықтың мұң-мұқтажына жауап беру мемлекеттік органдардың басты міндеті екенін атап өтті. Бүгінде президент әкімшілігінде арнайы бөлім құрылған. Осы құрылым мемлекеттік органдардың арыз-шағымдарды қарау жұмысын бақылайды.
«Конституцияға сәйкес, біздің азаматтарымыз өз пікірін ашық білдіре алады. Егер бейбіт акциялар заңды және халықтың тыныштығын бұзуды көздемесе, онда заң бойынша рұқсат беріп, жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін арнайы орындар беру керек. Бірақ қаланың шетінен емес. Ал Конституцияға қарсы үндеулер мен бұзақылық әрекеттердің жолы кесіледі», — деді Тоқаев алғашқы жолдауын жариялау рәсімінде.
Мемлекет басшысының айтуынша, халықтың проблемалары далада емес, парламентте шешілуі керек.
«Халықты мазалайтын өзекті мәселелер далада емес, осы жерде – парламентте талқыланып, өз шешімін табуы шарт. Депутаттар заңды құқықтарын пайдалана білуі керек. Үкіметке маңызды проблемалар туралы сауалдар жолдап, нақты шешімдерді талап етуі қажет», — деп атап көрсетті Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы заң шығарушы және атқарушы биліктің арасында іскерлік сипатта қарым-қатынас болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл жерде жасанды текетірес жасаудың қажеті жоқ.
sputniknews.kz