Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына сот үкімі шықты
Сотталушының адвокаты сот үкіміне шағым түсірілетінін мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Серік Аманғалиевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды жергілікті «Лада» порталы.
Өңір басшысының бұрынғы бірінші орынбасарына ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 4-тармағы бойынша (аса ірі көлемде пара алу) айып тағылған болатын.
Сот отырысы бүгін Ақтау қаласында өтті. Судьяның үкімімен Серік Аманғалиев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын жеңіл тәртіптегі түзету мекемесінде өтейтін болды. Сондай-ақ бұрынғы шенеунік «Құрмет» орденінен де айырылды.
Тағы оқыңыз: Ұлттық тестілеу орталығының экс-басшысы не үшін ұсталды?
Сотталушының адвокаты Сәуле Көпжанова сот шешіміне қатысты пікір білді.
«Соттың шешіміне көңіліміз толмайды. Соңғы уақытты пара алғаны үшін жазаны айыппұл түрінде төлеу жиі кездеседі. Менің қорғауымдағы адам өз кінәсін толығымен мойындап, жасаған қылмысына өкінетінін айтты. Біз сот бас бостандығынан айырмайтын жаза қолданады деген үмітте болдық. Себебі 60 жастағы адамды түзету мекемесіне жіберу үшін адами фактор қажет. Оның 94 жастағы қарт анасы бар. Біз соттың үкіміне шағым түсіреміз», — деді ол.
Сонымен қатар адвокат Серік Аманғалиевтің мемлекетке адал қызмет еткенін, үлкен дәулетке ие болмағанын, қоғамның дамуына өз үлесін қосқанын атап өтті.
Айта кетейік, 2018 жылдың қарашасында Маңғыстау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Серік Аманғалиев Ақтау қаласы мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен 2 айға қамауға алынған. Бұрынғы басшыға мемлекеттік қызметке және мемлекеттік басқару қызметіне нұқсан келтіретін аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген айып тағылды.
Тағы оқыңыз: Полковник пен майор пара алғаны үшін ұсталды
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Серік Аманғалиев 2018 жылдың 3 қарашасында сағат 18.40 шамасында Ақтау халықаралық әуежайының аумағында ұсталған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері облыс әкімінің бірінші орынбасарынан 115 000 еуро (59 миллион 450 мың теңге) тәркіледі.
sputniknews.kz