«Маңдайыңызға жазылған сүйіктіңізді жолықтырасыз»: Нумерологтан қыркүйек айына болжам — Қазақстан жаңалықтары
Көзды ашып-жұмғанша жаз мезгілі өте шықты. Енді күздің салқын күндері басталып, жаныңызды жабырқатуы мүмкін. Алайда, қыркүйектің де өзіне тән ерекшеліктері мен жақсылықтары бар. Танымал нумеролог Динара Бақтыбай Stan.kz тілшісіне қыркүйекте адамдарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтып берді.
Сурет: ai__sulu/?hl=ru
Нумерологтың айтуынша, биылғы жылдың күз мезгілі ойламаған өзгерістермен басталады. Дегенмен, бұл шығармашылық жолда күйзелістерге алып келмейтін көрінеді. Бұл жаңашылдық жақсы жағынан әсер ететін болады.
«Қыркүйек шығармашылық шарықтайтын уақыт. Келер ай егін жинау үшін ғана емес, сондай-ақ жаңа идеяларды жүзеге асыруға да қолайлы. Үлкен мекемелер мен мемлекеттік жүйелерде едәуір өзгерістер болуы мүмкін. Ол өзгерістер аяқастынан орын алады. Сонымен қатар, қыркүйек мәдениет пен білім саласына өзгерістер енгізбек», — дейді Динара Бақтыбай.
Сол себепті күнделікті жұмыстан демалып, шығармашылықпен айналысқаныңыз жөн. Қыркүйекте білім деңгейіңізді өсіріп, мәдени тұрғыдан дами түсіңіз.
«Қаржы жоспарын жасауға қолайлы»
Қыркүйекте жеке бизнесіңізді дамытуға жол ашылатын болады. Алайда, қаражат мәселесіне сақ болған жөн. Көптен ойлап жүрген жұмыстарға қыркүйекте ақша салымын жасау жөн болмайды. Оның өзіндік себептері де бар. Нумеролог қаржы және бизнес мәселесіне толық тоқталды.
«Ал іскерлік пен бизнесте әртүрлі технологияларды дамыту, қызметкерлер құрамын кеңейту үшін күз өте жақсы уақыт. Сонымен қатар, ұжымдық білім алу да аса маңызды. Алайда белгілі бір жұмыстарға қаржы салу уақыты әлі келе қойған жоқ. Өйткені бұл әрекетіңіздің арты шытырман оқиғаларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұл уақыт алдағы бірнеше айға қаржы жоспарын жасауға өте қолайлы. Кез келген үлкен сауда-саттық жасау алдында толығымен ойланып алыңыз, риясыз таңдау жасамаған абзал», — дейді маман.
Нумерологтың кеңесіне құлақ асып, ірі істерге қаржыңызды салмай тұра тұрыңыз. Мүмкін бұл сіз үшін бар қаражатыңызды еселеу үшін жасалған мүмкіндік шығар.
«Саяхатқа шығу жақсы әсер қалдырып, жаңа достар табуға көмектеседі»
«Отбасы тұрғысынан қыркүйекте ойламаған жұмыстар болуы мүмкін. Кейбір адамдар жоспарсыз жөндеу жұмыстарын жасаса, енді бірі асығыс көшетін болады. Оған қоса, саяхатқа шығу, шетелге іс-сапарға бару мүмкіндігі туса қапы қалмаңыз. Өйткені бұл сапарлар жақсы әсер қалдырып, жаңа достар табуға көмектеседі», — дейді нумеролог.
Бұл айда үй ішінде қалыпты жағдайдан бөлек, жедел түрде орындауды қажет ететін жұмыстар пайда болуы мүмкін. Яғни асығыс жасалатын әрекеттердің саны артпақ. Алайда, мұндай әрекеттердің арасында саяхат жасап, іс-сапарға шығу болса, бас тартпағаныңыз жөн болады. Егер нумерологтың кеңесіне құлақ түретін болсаңыз, өміріңізде жақсы жаңалықтар болады.
Өмірлік серігіңді қай жерден кездестіруге болады?
«Ал махаббатқа келгенде қыркүйек ең қолайлы ай. Таро-нумерологиясындағы Жрицтің әсерінен адамдар бір-біріне түсіністік танытып, қолдау көрсететін болады. Ал екінші жартысын таппаған адамдар үшін іздеу салуға болады. Өмірлік серігіңізді қай жерде кездестіруіңіз мүмкін деген сұраққа нумерология түрлі шығармашылық кеш пен концерттерде, көрмелерде деп жауап береді», — дейді Динара Бақтыбай.
Демек, өмірлік серігін тапқысы келіп жүрген адамдарға әртүрлі танымдық шараға көбірек бару керек. Шынайы махаббатыңызды кездестіріп қалуыңыз әбден ықтимал емес пе. Сол себепті, жан-жақтарыңызға қарайлай жүргендеріңіз абзал.
Күздің алғашқы айы денсаулығыңызға қауіп төндірмейді. Тек жекеленген адамдар үшін сырқаттанып қалу ықтималдығы жоғары. Дегенмен, өзіңізге күтім жасауды ұмытпаңыз, суықтап қалуыңыз мүмкін.
«Денсаулыққа қатысты мәселелер екінші кезекке шығуы ғажап емес. Алайда, әр айдың 3, 12, 21 күндері туғандар эмоционалдық тұрғыдан тез шаршайтын болады. Оған қоса, депрессиялық жағдайға ұшырап, эмоцияналдық деңгейі төмендейді», — деп айтты нумеролог.
«Жаңа таныстық көп ұзамай жемісін береді»
Бұл айда адамдарға көбірек көңіл бөліп, өміріңізге жаңашылдық енгізуге тырысыңыз. Сол кезде сіздің еңбегіңіз жемісін беріп, жаңа шығармашылық жұмыстарға бірден кірісіп кетесіз.
«Қыркүйек шығарашылық идеялар мен шығармашыл адамдардың уақыты. Сондықтан кез келген іске ойланбастан кірісіп, өзіңіздің шығармашылық деңгейіңізді өсіріңіз, оған шектеу қоймаңыз. Бұл айды жаңа таныстыққа арнасаңыз қателеспейсіз. Өйткені ол танысулар көп ұзамай өз жемісін береді», — деп түсіндірді маман.
Күздің алғашқы айында жақсылыққа кенелемін десеңіз, өзіңіздің ішкі жан дүниеңізге құлақ түріп, жан-жағыңыздағы жақсы адамдарға мән беріңіз. Сонда ғана өміріңіз өзгерістер мен жаңашылдықтарға толы болмақ.
stan.kz