Қытайдан ұшып шыққан ұшақ Нұр-Сұлтанға шұғыл қонды
Қысқа сілтеме алу
Ұшақтың ішінде 234 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі болды
НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз — Sputnik. SCAT әуе компаниясының Boeing 757 ұшағы Нұр-Сұлтан әужейына шұғыл қонды, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті.
«Бүгін Сания (Қытай) – Нұр-Сұлтан бағытындағы VSV464 рейсі сағат 16:58-де шұғыл қонды. Сания әуежайы диспетчерлік қызметінің ақпараты бойынша ұшу-қону жолағынан резеңке бөлшектер табылған. Болжам бойынша ұшақ әуеге көтерілген кезде белгісіз затты басып өтіп, салдарынан шассидің сол жақ негізгі тіреуінің артқы доңғалағына зақым келген», — деп жазылған ресми хабарламада.
©
Photo : Комитет гражданской авиации
Сания (Қытай) – Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақ әуежайға шұғыл қонуға мәжбүр болды
Осы жағдайдан кейін әуе компаниясы ұшақты қондыру мәселесін Нұр-Сұлтан әуежайымен пысықтаған.
«Ұшақ аман-есен қонды. Ұшақтың ішінде 234 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі болды», — деді азаматтық авиация комитетіндегілер.
Авиация оқиғаларын тергеу басқармасының комиссиясы тексерісті бастады, деп хабарлады комитет.
sputniknews.kz