Атамбаевтың қамау мерзімін ұзартып, әйеліне іс қозғады

0

АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТ ҒИМАРАТЫНДАҒЫ ЖАБЫҚ СОТ

Бішкек қаласының соты тамыздың 16-сы күні бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тамыздың 26-сына дейін қамауда қалдыру туралы аудандық сот шығарған шешімді күшінде қалдырды. Бұл туралы жұма күні Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінде (МҰҚК) жабық өткен көшпелі сот тыңдауынан кейін журналистерге Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев хабарлады.

Әуелде Атамбаевқа байланысты сот Бішкек сотында өтеді деп хабарланған. Бірақ кейін Атамбаевтың жақтастары көшпелі сот отырысы МҰҚК ғимаратында өтетінін естіген. Туыстары мен жақтастарын және журналистерді сотқа қатыстырмаған.

Бұрынғы президенттің ұлы Кадыр Атамбаев арнайы қызметтің мекемесіндегі көшпелі сот отырысын «қорқақтық пен аярлық нышаны» деп атаған.

Алмазбек Атамбаевтың ұлы Кадыр Атамбаев. Бішкек, 16 тамыз 2019 жыл.

Алмазбек Атамбаевтың ұлы Кадыр Атамбаев. Бішкек, 16 тамыз 2019 жыл.

Алмазбек Атамбаевтың әйелі Раиса Атамбаева билік жұбайының көптеген туыстарына қысым жасап, үйлерін «заңсыз» тінтігенін және оларға қарсы қылмыстық іс қозғағанын айтты.

Атамбаеваның сөзінше, тергеу орындары оның үстінен де қылмыстық іс ашылған. Бұл іс президент аппаратының сот реформасы және заңдылық бөлімінің бұрынғы меңгерушісі, биыл маусымда жемқорлық айыбымен ұсталған Манас Арабаевтың ісі аясында қозғалған деп хабарлады экс-президенттің зайыбы.

Раиса Атамбаеваның сөзі (Бішкек, 16 тамыз 2019 жыл)

Қырғызстан бас прокуратурасы Раиса Атамбаеваға қатысты тергеу жүріп жатқанын Азаттыққа растады, бірақ істің жай-жапсарын хабарлаған жоқ.

ЭКС-ПРЕЗИДЕНТКЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Алмазбек Атамбаев тамыздың 8-і күні Бішкектің іргесіндегі Кой-Таш ауылындағы резиденциясында күш құрылымдарына берілгеннен кейін Бішкекке жеткізіліп, МҰҚК тергеу абақтысына қамалған.

Ол жақтастарымен бірге Кой-Таштағы үйіне бекініп, тамыздың 7-і күні өзін тергеуге мәжбүрлеп жеткізуге барған күш құрылымдарына қарсылық көрсеткен. Екі күнге жалғасқан қақтығыстар барысында арнайы жасақтың бір офицері қаза тауып, 170-тен астам адам зардап шеккен. Жараланғандардың арасында күш құрылымдарының 79 қызметкері бар.

Қырғызстан билігі Атамбаевқа билік басында болған кезде лауазымын теріс пайдаланған деген айып таққан. Кой-Таштағы оқиғалардан кейін оған тағы бірнеше ауыр қылмысқа байланысты айып тағылғаны туралы тамыздың 13-і күні елдің бас прокуроры Откурбек Жамшитов Бішкекте өткен арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеген.

«Қазіргі кезде Атамбаевқа тәртіпсіздіктер ұйымдастыру, заңсыз қару айналымы, тергеуге кедергі келтіру, кепілге адам алу, кісі өлтіру және адам өлтіруге оқталу фактілері бойынша айыптар тағылды» деген бас прокурор.

Атамбаевтың адвокаты Слесарев тамыздың 15-і күні Азаттыққа берген сұхбатында қамауда отырған бұрынғы президентке жалпы саны 14 айып тағылғаны туралы мәлімдеген. Олардың арасында билік өкілдеріне күш көрсету, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, адам өлтіруге оқталу, кепілге адам алу, заңсыз қару ұстау және жемқорлыққа байланысты тағы бірнеше айып бар.

Биыл мамырда Қырғызстан парламенті бұрынғы президентке тиіспеушілік туралы заңға өзгертулер енгізген. 27 маусымда парламент Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. 2017 жылғы қазанда өткен сайлауда өзін қолдайтын билік партиясының кандидаты Сооронбай Жээнбеков президент болып сайланып, қызметін кіріскенде Атамбаев оған батасын берген.

Арада біраз уақыт өткенде Атамбаев пен Жээнбеков араздасып, екеуі бір-бірін айыптап, мәлімдемелер жасаған.

Экс-президенттің қамауға алынуы қазір билікте отырған саяси қарсыласымен арадағы шиеленістің шырқау шегіне жеткенін көрсетіп, Орталық Азияда осыған дейін биліктің ауысымен аяқталған екі революцияны өткерген елде тұрақсыздық туғыза ма деген қауіпті күшейтіп отыр.

Azattyq