«Халық пен биліктің арасы қатты ажырап бара жатыр»: Балғынбек Имашев неден қорқатынын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Stan.kz тілшісі танымал айтыскер ақын, қоғам қайраткері, қазақтың сүйікті ұлы Балғынбек Имашевпен сұхбаттасып, биліктегі дінсіздер, зорлық-зомбылық секілді қоғамды толғандырып жүрген сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітті. Көптің көзайымына айналған ақын өзін вахабист деп атайтындарға жауап беріп (Сұхбаттың басы), елдегі идеология, бір-бірінен ажырап қалған халық пен билік туралы да тілге тиек етті. 

Мамыр айында өткен концертіңізден кейін көрінбей кеттіңіз, шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр? 

Айтыскерлер жазушылар одағында, не өнер адамдарының арасында жоқ. Көбісі бізді шығармашылық адам деп есептемейді. Айтыскерлер аралық жанрға жатады десек болды. 
Осы жыл үлкен шығармашылық концерттермен басталды. Ел алдында жүргенімізге біраз жыл болып қалған соң, Айнұр екеуіміз 3-4 жылдан бері есеп беру кешін өткізуді ойлап жүрген едік. Осы жылы наурыз айында Айнұрдың, мамыр айында менің кешім өтті.  Ал қазіргі KazakhTV арнасында «АйтысLife» бағдарламасының тізгінін қолыма алып жатырмын. Алдағы уақытта шет елдегі қазақ диаспорасына арнайы сапармен барып келсек деген ой да бар. Министрлік тарапынан әзірге нақты жауап болмай тұр. Алдағы уақытта телеарнадағы жұмыстарды қолға алатын боламыз.

Қазіргі айтысқа көңіліңіз тола ма? Кемшін тұстары қандай?

Айтысқа көңілім толады. Көптеген дарынды балалар шығып келе жатыр. Бірақ оларда екі кемшілік бар. Біріншісі әуен, мақам, саз жағынан өзіндік ерекшелік жоқ. Екіншісі, стиль жоқ. Бұрын айтыскерердің даусын радиодан есітсек, кім екенін біліп қоятынбыз. Қазіргі жастар радиодан шықса, айтыс саласында жүрсем де, кім екенін білмеймін. Өйткені, өзіндік стилі жоқ. Сол жағынан кемшілік болғанымен, өте дарынды қабілетті жастар шығып келе жатыр. 

«Мәдениет» арнасы ашылғанда қатты қуандық. Бірақ қазақтың мәдениетін, өнерін, айтысын көрсетпегенде не көрсетіп жатқандарын түсінбеймін. Өңірлік айтыстарды немесе архивтегі айтыстарды беріп отырса да біраз бағдарламаларға арқау болар материал болушы еді.

Сондықтан қазір айтыстың егесі жоқ деп айта аламыз. Айтыстың егесі Жүрсін де емес, «Нұр-Отан» да емес, министрлік те емес. Айтыс — халықтікі, игесі дейтін сөз жоқ. Бірақ сол халық айтысының көшін біреу сүйремесе кенжелеп қалады. Нақты қолға алатын ешкім болмай тұр.

Бұдан бөлек қазіргі биліктің айтысқа деген қарым-қатынасы ұнамайды. Айтысты «Нұр-Отан» да, министрлік те қолдаған сияқты болып көрінеді. Бірақ эфирлерден берілмейді, дұрыс насихат жасалмайды. Айтыста барлық мәселелер қамтылып айтылғанымен халыққа жетпей қалып жатады.

Еркін сөйлеймін деп таяқ жеген кездеріңіз болды ма? Қазір айтыста сөз бостандығы қалды ма?

Айтыста сөз бостандығы бар. Барлығын айтуға болады, бірақ ойыңа келгенді емес. Айтатын сөз бар, айтпайтын сөз бар. Ал бұны айыра алмаса, ақын ақын емес. Айтысқа билік өкілі келді екен деп оның төбесінен төпей берсең, келесі жолы ол келмек түгілі айтысты мүлде болдырмауға тырысады. 

Бір келгенде төбесіне боқ құйып, өкіметтің бар кемшілігін сол кісіден көріп, бетіне басып отырсаң, біріншіден, әділетсіздік болады, екіншіден, популизм. Халық алдында өзіңді батыр қылып көрсету үшін өзгенің абыройын төгу. Былайша айтқанда жезөкшелік сияқты. Ақынға айтқыштықтан гөрі парасат, көрегенділік, даналық керек. 

Популизм менде де болған екен. Кейіннен айтыстарымды қарсам, бір жерде былай деппін:
Көзі соқыр сотың бар, 
Үкіметің тас керең. 
Аузы мылқау парламент
Шұлғып отыр баспенен. 
Соларға сөзім жетпейді 
Дәл осыған бәс берем.

Сырт көзге батыр сөз болып көрінгенмен, өте ауыр сөз. Осы сөздерім үшін кейін Алла алдында жауап беремін ғой деп қорқамын.

Өзіңіздің қатарластарыңыз — көптің көзайымына айналған, елді аузына қаратқан ақындар. Жаңа буын айтыскерлерден кімнің потенциалы мықты?

Айтып өткендей талантты жас ақындар баршылық. Аттарын жаттап айта алмаймын. Оның үстіне қазір бір ақынды айтпай қойсам ренжиді. Айтыс туралы сұхбат шығыпты десе айтыскерлер елеңдеп қарайды да өзінің атын оқымаса, «ағам неге мені айтпады» деп өкпелеп жатады. Әр облыстан бір-бір ақынды айтсам, аз болып қалады, екі-үш ақыннан айтсам көп болып кетеді. Айтылмай қалғандары ренжиді. 

Осы ақындар немен күн көреді? 

Айтыскер-ақын деген мамандық жоқ. Ешкім оларға айлық төлемейді. Кейіннен айтыскер-ақын деген мамандық ашылды, бірақ оқуын бітірген соң, кім болып жұмысқа кіретіні белгісіз. Қазіргі ақындар айтыстан гөрі, тойларда бет ашып, асаба болып, арнау айтып, негізгі табыс көзіне айналдырған. Бірақ көбінің мамандығы мұғалім, журналист. Жұмыссыз жүрген ақындар да көп. 

Өзімізді шығармашылық адамбыз деп ойлаған соң еркін жүргенді жақсы көреміз. Өйткені бір жерге жұмысқа байлансаң, екі-үш рет айтысқа сұрансаң, одан кейін бастыққа қарауға ұяласың. Шақырған айтысқа бармаса, ел ренжиді, жұлдыз боп кетті, машина жүлдеге берілмесе айтыспайды деген сөздер айтады. Бір жерде жұмыс істеген адам не айтысты қою керек, не жұмысты қою керек. Ал жылына бір рет айтысқан ақын қарайып қалады. 

Ақынның қай-қайсысын алсаңыз да, бәрі кедей. Не үйге, не киімге жарымайды…

Мүмкін ақындардың қолынан басқа кәсіп келмегеннен кейін шығар. Тілін безеп қана мал табатын болған соң, оның үстіне жел сөзбен тапқан ақша желге кетеді деген сияқты жармай қалатыны содан шығар. «Күніне жүзді беріп, мыңды алсам да, қалтамның түбі тесік байымаймын» дегеннің кебі. Айтыскерлерге де күніне қанша табыс келсе де құтаймайды. 

Ақындардың жағдайын қалай дұрыстау керек?

Кеңес үкіметі ақын-жазушылардың қабілетін өз идеологиясына өте жақсы пайдаланғанымен, олардың жағдайын барынша жасады. 
Ол кезінде жазушы, ақын, редактор секілді қадірлі ешкім болған жоқ. Бір ғана фельетон жазып қойса, одан қорқып, асты-үстіне түсіп тұратын. Кеңес үкіметінде солай жүріп, халық алдында еркелеп қалған ақындардың мына заманда идеология туралы айтқан сөздері керексіз болып қалды. Әлеуметтік желіде немесе айтыста айтып жатсың ба, далаға барып қойға айтып жатсың ба, ешкім қарамайды. Сондықтан қазір —  айтыстың өзі де, сөзі де қадірсіз болып тұрған заман. 

Тәуелсіз еліміздегі үлкен проблема, егемендікті иемденгелі бері идеология дұрыс қолға алынған жоқ. Әр түрлі қысқа мерзімді бағдарламалар жалаулатып-алаулатып ұранмен өте шыққандай болып көрініп тұр.

Ең бірінші құлдық санадан арылуымыз керек. Біз отар болған елміз. Құлдық сана әлі де бізді билеп түр. Татар ма, корей ма, өзбек па қарамаймыз өзге ұлт өкілін көрсек, орысша сөйлеп кетеміз. Бұл отар болғанымыздың көрінісі.

Тәуелсіз сананы, дүниетанымды қалыптастыру үшін отарлықсыздандыру саясаты жүруі керек. Идеологияны қалыптастыру үшін ақын-жазушыларды пайдаланып, солардың жалақыларын көтеріп елдің қамы үшін қызмет істеуі керек.

Билік басындағылар халыққа қажетті реформаларды тезірек қолға алса екен. Мемлекетімізді кері итеріп отырған нәрселер өте көп. Халық пен биліктің арасы өте қатты ажырап бара жатыр. Билік пен халық қақтығысуы мүмкін. Біз сияқты халқы аз мемлекетке ол керек емес. Азаматтық соғысты көтере алмаймыз. 

Ал сол идеологияны кайта әкелсе, билік сөзін сөйлеуге дайынсыздар ма? 

Біздің сөзімізді сөйле деген ешкімге ұнамайды. Бұл қадамға билік басқа жолмен келу керек. Сендердің жағдайыңды жасап отырған билік емес, қазақ мемлекеті, сендер сол халықтың мемлекеттігіне жұмыс істеңдер, бар күштеріңді салыңдыр десе, ақындар сол жолда жұмылады.

Мемлекетшілдік пен билікке жағыну деген екі дүниені айыра алмай келе жатырмыз. Мемлекетке қызмет істеу арқылы біз өз ұлтымызға қызмет істейміз. Мемлекетке қызмет істеу билікке қызмет істеу деген түсінік қалыптасып қалған. Бұл пікірден арылуымыз керек.

Бұның бәрі ақындардың жағдайын жақсартудан шығып отыр ғой. Сізге табыс әкеліп отырған өз бойыңызда ақындықтан бөлек тағы қандай өнер бар? 

Оқуды бітірген бойда журналист болып радиода істедім. Магистратура бітірген соң Астанада ресми түрде қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі болдым. Аспирантурабітіріп, кандидаттық диссерация қорғадым. Яғни тіл маманы ретінде біраз жыл өз мамандығым асырады. 

Бұдан бөлек телеарналарда аударма жасадым. Бұл сала да бізде кенже қалып отырған сала. Қазір кинотеатрларда көрсетілімдердің 90-95%-ы орыс тілінде. «Арыстан патша» филіміне балаларымызбен барсақ, қазақ тілді нұсқасы бір-ақ сеанс. Өте ыңғайсыз уақытқа қойылған. Бұның барлығы мемлекеттік тілге деген құрметсіздік. Дубляж саласына барғаныма басты себеп те осы. Өйткені, біздің қазақ тілі аударма, аударылған тіл болып қалды. Бүкіл дүние орыс тілінде жазылады да кейін барып қазақ тіліне аударылады. Бұл  — үлкен қасірет. Балаларымызға қазақша мультфильм көрсете алмасақ, қазақша кино көре алмасақ, эфирлерден қазақша бағдарламалар көре алмасақ, онда біздің мемлекет болғанымыз қәне? 

Бүгінгі таңда жеке шығармашылыққа бет бұрып, бірнеше шет елдік, әлемдік классиктерді қазақшаға аудардым. Ол да біраз уақытты қажет етеді. Өзімді өзім тәрбиелеумен айналысып жүрмін десем де болады.

Дәулеткерей ақын: «айтыс табиғилығын жоғалтып алды, қазір келісіп шығады» дейді. Өзіңізде ондай жағдай болды ма? Осылай жүргенде айтыстан айырылып қалмаймыз ба?

Болды. Мысалы айтысқа шығатын жұбым 20 жылдан бері танитын азамат болса, екеуміз айтысқалы тұрсақ, халыққа не айтамыз деп ақылдасамыз ғой. Танымайтын өзге елдің ақынымен айтысатын болсақ, онымен ақылдаса алмайсың. Осы мәселені айтыста айтқан Ринат та бір айтыста менің үйіме бір апта бұрын келіп, жатып, не айтатынымызды ақылдастық.

Келісіп айтысудың да екі мәселесі бар. Кейбір ақындар жазып алып, сөзбе-сөз жаттап айтысса, бізде ондай жоқ. Бізде тек қай бағытта айтатынымызды, қандай тақырыптағы мәселер айтатынымызды кезегімен қойып ақылдасамыз. 

Сөзбе-сөз келісіп айту жалғаса берсе айтыс табиғатынан айрылып қалатынымыз сөзсіз. Айыста дәл осылай келісуге алып келген нәрсе — уақыт, шектеу. Егер екі ақынды отырғызып, сөздерің таусылғанша айтысыңдар десе, бұндай мәселе болмас еді. 

балғынбек имашевЖалпы айтыста қанша көлік ұттыңыз? Ең қомақтысы…

Кез-келген кездесу, сұхбат болсын барлығы осы сұрақты қояды. Бұл нені білдіреді? Көзқарасымыздың мүлде өзгергені, нарықтық экономикаға қалай кіріп кеттік, содан бері санамыздың барлығы дүниеге байланып қалғанын білдіреді. 

Отыз жылға таяу айтысып жүріп, не қалдырдың, қандай сөз айттың, не жаңалық алып келдің, қанша шәкірт тәрбиеледің дегеннен гөрі қанша машина ұтқаным қызығырақ болып тұрады. Айтыс арқылы кімнің қандай мәселесін шешуге, не болмаса ұлттың қандай да бір мәселесін шешуге септігің тиді ма деген сұрақ еш жерде қойылмайды. 

Халыққа сенің не айтқаның, қалай айтқаның керек емес, соны айтқан кезде кім саған не берді, қанша алдың, қалай сен материалдық жағдайыңды түзедің деген қызығырақ. 

Осы уақытқа дейін 15-20 көлік ұтқан шығармын. Ең үлкен жүлдем — алғашқы тігілген миллиондарды бірінші болып ұтып, миллионер болғаным шығар. Бір айтыста үй алғаным бар. 

Айтыскерлер арасында құмар ойынына салынғандар, пәтері мен көліктерін тігіп жібергендер көп дейді… оларға қандай ағалық ақылыңызды айтасыз?

Тапқан табысын ойынға салып, ішкілікке салынып кетіпті дегенді естімеймін, бірақ бір бауырымыз туралы солай естіп қалдым. Құмар ойынның торынан құтылып кетсе екен деп тілейміз.

Ондай ақындар көп емес. Мен танитын айтыскер ақындардың 60-70% намазхандар. Ішкілікке салынып жүргенін көрмеймін. Ішсе де мені көргенде мас болып әңгіме айтқан емес.  

Адам шекесі тасқа тимейінше біреудің ақылын қыстырмайды. Өзі содан сабақ алмаймынша біреудің ақылы оған нан болмайды. Алдағы уақытта інілерге үлгі боламыз десек, өзіміз дұрыс жолда жүруіміз керек. 

 

 

Сұхбаттасқан: Мәлік Жанна

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

 

 

stan.kz