Он екі жылдық білімге бірқалыпты көшуді қамтамасыз ету керек
Қысқа сілтеме алу
Жаңа модельге көшу 2025 жылға дейінгі мемлекеттік білім және ғылымды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асады.
НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жаңа 12 жылдық модельге көшуге қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің айтуынша, бүгінде әлемде 12 сыныптық жалпы орта білімнің белгілі бір стандарты қалыптасқан. Сонымен қатар, бастауыш сыныптарда оқу процесін ұзарту үрдісі сақталып отыр.
«Әлем елдерінің 60 процентке жуығында мектепте оқу алты жастан басталады. Бұл баланың ерте және интеллектуалды дамуына, әлеуметтенуіне септігін тигізеді. Үкіметке жаңа 12 жылдық модельге ойластырылған әрі бірқалыпты көшуді қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Тоқаев дәстүрлі тамыз конференциясында.
Жаңа модельге көшу 2025 жылға дейінгі мемлекеттік білім және ғылымды дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асады.
«Мұнымен қоса, техникалық және кәсіптік білімнің қай бағытта ілгерілейтінін түсіну маңызды», — деді президент.
©
Sputnik / Абзал Калиев.
Елордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен тамыз конференциясы өтіп жатыр
Айта кетсек, астанадағы Тәуелсіздік сарайында президенттің қатысуымен дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр. Жиынға республиканың түкпір-түкпірінен екі мыңға жуық мұғалім келген.
Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыланып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылады.
sputniknews.kz