Тоқаев ағылшын тілін оқытуды 2-3 немесе 5-сыныптан бастауды ұсынды
Қысқа сілтеме алу
Президенттің пікірінше, ағылшын тілін оқытуды ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды болмақ
НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады. Бұл туралы бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент үштілді білім беру жүйесін енгізу күн тәртібіндегі өзекті тақырып екенін атап өтті. Ең алдымен, бұл мәселені жан-жақты талдап, салмақты шешімге келу қажет, деді ол.
«Үштілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады. Бұл ретте ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндіктеріне қарай оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асырылуы тиіс», — деді Тоқаев тамыз конференциясында.
Мемлекет басшысы осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілі үш тілдің біреу болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деген өнегелі сөзін еске салды.
«Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын», — деді ол.
Президенттің айтуынша, жоғары сыныптарда жаратылыстану, техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарай жүргізу қажет.
sputniknews.kz