«ҚДТ-ны қолдады» деп айыпталған тұрғын үйқамақта отыру керектігін білмеген
Қазақстанда экстремистік деп танылып, қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдады деп істі болып жатқан тұрғын Еркін Қазиев үйқамақта екенін білмеген. Бұл жағдай Алматы облысы Қарасай аудандық сотында өткен 15 тамыздағы отырыста белгілі болды.
Сотта прокурор 10 тамызда Еркін Қазиевтің үйіне полиция қызметкерлері екі рет барғанын, сол кезде үйқамақта отыруы тиіс белсенді үйінде болмағанын айтты. Осының негізінде прокурор судья Амангелді Маханбетовтен Қазиевті үйқамақтан изоляторға ауыстыруды сұрады. Бірақ белсендінің адвокаты Гүлнар Жуаспаева «Қазиевті екі ай үйқамақта ұстау туралы шыққан шешім 30 маусымда аяқталған, кейін ұзартылмаған» деді. Екі тарапты тыңдаған судья прокурордың өтінішін қанағаттандырған жоқ. Бірақ судья Маханбетов Қазиевке «сіз әлі үйқамақтасыз» деп, ескертусіз ешқайда шықпау керектігін айтты.
Айыптау актісіне сай, Қазиев елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар әлеуметтік желідегі чаттарға тіркеліп, ұйымды қолдайтынын ашық білдірген.
Еркін Қазиев өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Қазиев былтырдан бері бірнеше рет билік рұқсат бермеген митингілерге қатысып, әкімшілік жауапқа тартылған. Егер ол бұл іс бойынша айыпты деп танылса екі жылға сотталуы мүмкін.
2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын «экстремистік ұйым» деп тану және тыйым салуды сұраған бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырған. Ақорданы сынаушы қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған қозғалыс материалдарын таратуға да тыйым салынды. Әблязов «Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаны» жүзеге асыруды мақсат тұтатын қозғалыс құрылғанын 2017 жылы сәуірде жариялаған еді. Әблязов ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны «экстремистік ұйым» деп таныған сот шешімімен келіспейді.
Өткен жылдан бері Қазақстанда «ҚДТ-ға қатысы бар» деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің «экстремистік ұйым» туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер жауапқа тартылғандар негізгсіз қудаланды дейді.
Ресми мәлімет бойынша, 9-12 маусым күндері Қазақстанның екі ірі қаласында ҚДТ шақырған рұқсат етілмеген митингілерге қатысқан төрт мыңға жуық адам ұсталған. Жүздеген адам әкімшілік жазаға тартылып, 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамалған.
Қазір елде «ҚДТ қозғалысын қолдады» деген айыппен бірнеше адамның үстінен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.