Сел қаупінен соң Алматының үш шағын ауданы сусыз қалды
Алматының Наурызбай ауданындағы сел қаупінен соң қаладағы үш шағын аудан — Қарағайлы, Тау самалы және Құрамыс шағын аудандары ауызсусыз қалды. Бұл туралы бүгін, 15 шілдеде Наурызбай ауданы әкімдігіне сілтеп, қазақстандық басылымдар хабарлады.
«Қарағайлы өзені — үш шағын аудандағы ауызсудың негізгі көзі. Тасқын мен өзен суы лайланып кеткен соң Қарағайлыдан су жіберуді тоқтаттық» деді Наурызбай ауданының әкімдігі. Билік хабарына қарағанда, су берілгенше үйлерге ауызсу көлікпен жеткізіледі.
Жергілікті әкімдік судың қашан қосылатынын айтпаған.
Кеше, 14 тамызда Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті Алматының Наурызбай ауданына Қарғалы өзенінде сел жүру қаупі төніп тұрғанын хабарлап, дабыл жариялаған. «Қарғалы өзені ағатын Наурызбай ауданында сел жүру қаупі бар, себебі су деңгейі күрт төмендеген. Бөгетті кез келген сәтте бұзып кетуі мүмкін» деген еді. Бірақ сол күні түстен соң билік «ешқандай сел қаупі жоқ» деп, тұрғындардың қауіпсіз жерге көшірілмейтінін айтты.
2015 жылы шілдеде Алматының Наурызбай ауданы аумағында сел жүрген. Төтенше оқиғадан мыңнан астам адам эвакуацияланды. Ресми дерек бойынша, қаза тапқандар жоқ. Билік дерегінше, селден 450-ден астам үй зардап шеккен. Ресми орындар селге Алматы маңындағы Қарғалы өзені бассейніндегі 8-мұздық астында орналасқан, шамамен 40 мың текше метр суы болған көлдің табанын бұзып кетуі себеп дейді.