Ақша айырбастау тәртібін өзгерту жобасы екіұдай пікір туғызды

0

ҰЛТТЫҚ БАНК НЕ ДЕЙДІ?

Ұлттық банк валюта айырбастау пунктерінің жұмыс уақытын шектеу туралы ұсынысын «әлемдік тәжірибе» және «қауіпсіздік шарасы» деп түсіндірді. Ресми мәлімдемеде «Италия, БАӘ, Таиланд, Польша және басқа мемлекеттерде валюта айырбастау орындары тек күндіз ғана жұмыс істейді. Бұл ең алдымен халық пен валюта айырбастау пунктерінің қауіпсіздігі үшін қолға алынған шара» делінген.

Ұлттық банк жарғылық капитал көлемін 100 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды валюта айырбастау орындары үшін «қажет шара» деп атап, бұл «халық сұранысын толық қамтамасыз етіп, нарықтағы дүрмек пен валюта бағамының негізсіз өсуіне әкелетін қолма-қол шетелдік валюта тапшылығының алдын-алады» дейді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева жарғылық капиталдың кемінде 20 пайызын банк есепшотында сақтау «валюта айырбастау пункті бұл қаржыны қажет кезде шетелдік валюта сатып алуға жұмсай алуы үшін керек» деп түсіндірді. Ұлттық банк өткен тәжірибесіне сүйеніп, жаңа өзгерістер нарыққа оң әсер етеді деп отыр.

Ұлттық банктің ресми жауабында «Бұған дейін жасалған ең төменгі капитализацияны көтеру шарасы оң нәтиже берді. 2018 жылдың қаңтар айында банктен тыс айырбас пунктерінің ең төменгі жарғылық капиталы алты есе артып, 30 миллион теңгеге жетті. Ал банктен тыс валюта айырбастау пунктерінің валюта сатылымы 2018 жылдың қаңтар — наурыз айларында 6 пайызға немесе 39 миллиард теңгеге көбейген. Спредтер (бұл жерде валюта айырбастау пунктері арасындағы бағам көлеміндегі айырмашылықты меңзеп отырған болуы мүмкін – ред.) қысқарды, нарықта сапалы бәсеке пайда болды» делінген.

РЭКЕТ, МАРЧЕНКО, КЕЛІМБЕКТОВ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Бірақ ұсынылған өзгерістерге күмәнмен қарайтындар бар. Әлеуметтік желіде ұсыныстарды «заңсыз» деп санайтын заңгерлердің Ұлттық банкке қарсы сотқа шағым түсірмек болғаны туралы хабарлама да тарады.

Ұлттық банк жоспарын сынаушылар қатарында Алматыдағы валюта айырбастау желісінің иесі, валюта айырбастау пунктері қауымдастығының басшысы Арчин Ғалымбаев та бар. Ол Қазақстандағы жекеменшік валюта айырбастау саласының дамуын өз кәсібін бастаған 1990 жылдардан бері бақылап келеді. Мектеп бітірген жылы қылмыстық кодекске қарамастан, валюта айырбастауға көшкен Ғалымбаев кәсібін ресейлік рубльдерді алып-сатудан бастап, кейін доллармен жұмыс істей бастаған.

— Ол кезде, ұмытпасам, Қазақ ССР қылмыстық кодексінің валюталық операциялар туралы 74-бабы болатын. Мен сияқты қолма-қол шетелдік валютамен заңсыз операциялар жасайтындар осы бап бойынша жауапқа тартылатын. Базарда, вокзалда жүріп, жасырын жұмыс істейтінбіз, — дейді ол.

Ғалымбаев теңгенің пайда болуын «шынайы мереке» деп атайды. Кәсіпкер ол кезде төрт теңге тұратын долларды бес теңгеден сатқан.

— Яғни, 400 теңгеге 100 доллар сатып алып, оны 500 теңгеге сатып, үстінен 100 теңге пайда көруге болатын. Таза пайда 25 пайызды құрады. Тапқан ақшамызға 50 тиыннан кәуап сатып алып жейтінбіз. Шаруамыз жақсы жүрді. Валютаға сұраныс артқан сайын, ақша айналымы да көбейді. Көтерме саудамен айналысатындар, Алматыдағы «барахолка», «Балалар әлемі» бізбен жұмыс істей бастады. Мен базарлар, Алматы-1 вокзалымен жұмыс істедім, – дейді Ғалымбаев.

Бірақ бәрі бірдей жақсы болған жоқ. Елде рэкет күшейді. Ғалымбаевтың айтуынша, қарақшылар мен полиция қызметкерлері «қорғаушы» («крыша») болған. Алайда бұл да валюта айырбастаумен айналысатын адамның қауіпсіздігін толық қамтамасыз етпейтін.

— Өйткені валютамен айналысатын адамның қалтасында үнемі бірнеше мың доллар ақша жүреді. Ол кезде екі-үш мың долларға пәтер сатып алуға болатын, — дейді Ғалымбаев.

1996 жылы валюталық операцияларды реттейтін заңдар шыға бастағанда, кәсіпкер заң аясында жұмыс істеуге көшіп, алғашқы валюта айырбастау пунктін ашқан. Оның айтуынша, билік үш жылдан кейін міндетті салық бастамасы арқылы валюта айырбастау саласына көлемді өзгерістер енгізуге тырысқан.

— Теңге бірінші рет еркін айналымға жіберілді. Ол кезде билік валюта сатып алуға бір пайыздық салық енгізуге тырысты. Көлеңкелі нарықта валюта айырбастайтындар пайда болды. Олар ақша айырбастау пунктерінің айналасында жүріп, валютаны бір пайыздық салықты төлеместен сатып алуға шақырды. Мың долларға салық мың теңгеге дейін баратын. Ол кезде бұл кәдімгідей көлемді ақша еді, — дейді ол.

2000 жылы қаңтардың 1-нен бастап сол кездегі премьер-министр (қазіргі президент) Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметі салықты алып тастаған. Ғалымбев валюта айырбастау нарығындағы келесі өзгерістерге 2009 жылғы девальвацияны жатқызады.

— Ол кезде көп касса теңгемен қалды. Девальвацияның алғышарттары болған жоқ, айырбастау пунктерінің жұмысы бірқалыпты болатын. Сондықтан девальвация бізге күтпеген соққы болды. Теңгеде жинаған ақшамыз бір сәтте 20 пайызға құнсызданды, — дейді Арчин Ғалымбаев.

Ол кезде Ұлттық банк төрағасы болған Григорий Марченко болған жайтқа валюта айырбастау пунктерін кінәлап, тек банкке тиесілі пунктерді қалдырып, қалғандарын жабуды ұсынған.

— Біз үшін күтпеген жаңалық болды. Валюта айырбастау пунктері – нарықтың көңіл-күйін білдіретін лакмус қағазына ұқсайды. Девальвацияға айырбастау пунктерін кінәлау дұрыс емес шешім. Біз Ұлттық банкпен пікірталас бастадық, бірақ қаржы реттеуші қарсылығымызға жауап берген жоқ. Айырбастау пунктерін жабудың қандай пайдасы бар деген жалғыз сұраққа ғана жауап алдық. Банктер де жекеменшік ұйым болғанына қарамастан, олардың иелігіндегі айырбастау пунктерін қалдыру ұсынылды, — дейді Ғалымбаев.

Оның айтуынша, 2014 жылы Марченконың отставкасынан кейін Ұлттық банк төрағасы болған Қайрат Келімбетов кезекті девальвациядан соң, валюта бағамын кешкі уақытта ауыстыруға тыйым салған.

— Біз Азия, Европа, Америка нарықтарынан тыс жұмыс істей алмаймыз. Мұнай котировкасы тәулік бойы жүреді. Қор нарығы тоқтаусыз жұмыс істейді. «Азиаттар» ашылғанда, Америка жабылып жатады. Одан соң Еуропа нарығында жұмыс қызады. Яғни, жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Ал Қайрат Нематұлы валюта бағамын кешкі уақытта ауыстыруға тыйым салды, — дейді ол.

14 сағат ішінде – сағат 17-ден келесі күнгі таңертеңгі 9-ға дейін валюта бағамы күрт өзгеруі мүмкін. Осының кесірінен, валюта айырбастау пунктерінде кейде валюта, кейде теңге болмайтын.

— Котировканы бақылайтын адамдар мұнай бағасы қатты көтерілгенде, Ресейде доллар бағамы күрт төмендейтінін бақылап отырады. Ертеңіне теңге котировкасы да жоғары болады. Бәрі айырбастау пунктеріне асығып, теңгені өткізе бастайды. Айырбастау пунктері бағамды өзгерте алмайды. Осылай бізде теңге таусылады. Немесе керісінше: доллар өсіп, мұнай бағасы түседі. Халық келесі күні үстіне ақша қосып сату үшін айырбастау пунктіне жүгіріп, доллар ала бастайды. Нәтижесінде, айырбастау пунктінде доллар таусылады. Осыдан кейін айырбастау пунктерінің таблосында кілең нөл көріне бастады, – дейді Арчин Ғалымбаев.

Кейіннен бұл өзгерістердің күші жойылған.

ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР: КІМ ҚАЛАЙ ОЙЛАЙДЫ?

Ғалымбаев Ұлттық банк ұсынған өзгерістер туралы екіұшты пікірде. Мәселен, ол жарғылық капиталды өсіру туралы талапты «қалыпты жағдай» деп қарағанымен, 100 миллион теңге өңірлер үшін тым көп ақша деп есептейді.

— Ұлттық банк тарапынан дифференцация жасалса дұрыс болар еді. Облыстық маңызы бар қалалар үшін 30 миллион теңге бекітілгені жөн. Шағын ауылдарға бұл көрсеткішті 20 миллион теңге деп белгілеуге болады. Бұл тек жекеменшік пунктерге емес, банктер мен «Қазпошта» бөлімшелеріне де қатысты, — дейді ол.

Кәсіпкер аталған соманың 20 пайызын екінші деңгейлі банктегі есепшотта сақтау туралы талапты түсінбегенін айтады.

— Сонда бір жекеменшік кәсіпкерден [валюта айырбастау пункті] алған ақшаны екіншісіне [жекеменшік ұйым – банк] бере ме? — дейді ол.

Ғалымбаевқа клиенттер туралы деректерді тіркеп отыру туралы талап та орынсыз көрінеді. Ол валюта айырбастау пунктерінің клиенттердің жұмыс орны, қызметі, тұрғылықты мекен-жайы сияқты деректерді тексеруге мүмкіндігі жоғын айтады. «Олар бәрін адамдардың айтуымен ғана жазып алады» дейді ол.

— Кей адамдар сол жерде ойынан шығарып айта салады. Бізде бір адам жұмыс орны туралы сұраққа: «Қазақстан Республикасының президенті, Ақорда» деп жауап берген. Біз онымен келісімшарттан бас тарттық, — дейді кәсіпкер.

Жаңа өзгерістерге нарық ойыншыларының көбі күмәнмен қарайды. Нұр-Сұлтан қаласындағы валюта айырбастау пунктері желісінің басшысы Айгүл Салыбекова жарғылық капиталды 100 миллион теңгеге дейін өсіруді «қалыпты жағдай» деп санамайды. Ол бұл ұсыныс көп кәсіпкердің жұмысына кері әсер етуі мүмкін екенін, өйткені валюта айырбастау пунктерінде мұндай ақша жоғын айтады.

— Аталған 100 миллионның 20 миллионын екінші деңгейлі банкте ұстау керек. Не үшін? Бұл тіпті депозит емес. Ақшамыз депозиттерге кепілдеме беру бағдарламасы бойынша сақтандырылмаған, – дейді ол.

Салымбекованың айтуынша, клиенттер туралы дерек жинау талабы бұл ақпараттың құпиялығына қауіп төндіреді.

Экономика институты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының директоры Жангелді Шымшықов та 20 миллион теңгені банкте сақтау туралы ұсынысты сынады.

— Бюджеттің бір тұсына ақша жетпей қалған ғой. Әйтеуір бір жолмен осы тапшылықтың орнын толтыру керек. Онсызда қаншама айыппұл бар! Айыппұлдар көлемі кейде салықтан да көп шығады. Бұл не қылған экономика? Қазіргі валюта бағамы – экономика айнасы, — дейді Шымшықов.

Валюта айырбастау пунктерінің жұмыс уақытын шектеуге байланысты пікір білдірген Financial Freedom қоғамдық қорының директоры Расул Рысмамбетов Ұлттық банк ұсынып отырған әлемдік тәжірибені жартылай емес, толық күйінде енгізу керек деп есептейді.

– Халықаралық тәжірибеге бет бұрсақ, оны толық күйінде енгізген дұрыс деп ойлаймын. Банктер жұмысы бойынша да сұрақ көп. Мәселен, олар қайтарылмаған займдарды қалай анықтайды? Бұл салада қаржы нарығы халықаралық тәжірибеге жүгінуге асықпайды, — дейді ол.

Экономистер мен кәсіпкерлер жаңа өзгерістердің кері әсері көп болады деп сенеді. Экономист Шымшықовтың болжамынша, валюта айырбастау пункттерінің көбі жұмысын тоқтатуы мүмкін.

— Жаңа өзгерістердің салдарынан ресми валюта айырбастау пунктерінің 80 пайызы жабылып қалуы ықтимал. Қалғаны көлеңкелі бизнеске кетіп, валютаны жасырын саудалауға көшеді, — дейді ол.

Экономист Рысмамбетовтың пікірінше, соңында нарық ойыншыларының тек кейбірі ғана жеңімпаз боп шығады.

— Менің ойымша, өзгерістердің артында валюта айырбастаудың жалғыз операторы боп қалуды көздейтін банктер тұруы да мүмкін. Екі тенденция болады деп ойлаймын. Бұл талаптарды ұсынылған күйінде қабылдап, валюта айырбастау пунктері өз құқықтарын қорғай алмаса, банктер монополиясы орнайды. Екінші жағынан алғанда, банктер жаңа жағдайға жедел бейімделе алмайды. Сондықтан 1990 жылдардағы жағдай қайталанып, валюта айырбастайтын заңсыз пунктер пайда болуы мүмкін. Ұлттық банк заңсыз операцияларды қысқарту үшін ресми валюта айырбастау саласында банктер монополиясын құрып, көлеңкелі нарыққа жол ашады, — дейді ол.

Ұлттық банк ұсынған өзгерістер күшіне енсе, отыз жыл бұрынғы жағдай қайталанады деген пікірмен Арчин Ғалымбаев та келіседі.

— Шамамен Қазақстандағы валюта айырбастау пунктерінің жартысына жуығы, өңірлерде 70 пайызы, қалада 30 пайызы жабылады. Сұраныс бар, бірақ ұсыныс болмайды. Мұндай жағдайда заңсыз болса да, сұранысты қанағаттандыратын біреу табылады. Нәтижесінде біз 90-жылдардағы кейпімізге қайта ораламыз, — дейді ол.

Azattyq