Атамбаевты әкетуге барғанда мерт болған офицердің қазасына күдікті ұсталды

0

Қырғызстанда бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты «тергеуге мәжбүрлеп жеткізу» операциясы кезінде мерт болған мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Альфа» арнайы жасағы командирінің орынбасары полковник Усенбек Ниязбековтің қазасына күдікті ұсталған. Бұл туралы ақпаратты жәбірленуші тараптың адвокаты Кайрат Загибаев растады деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Жергілікті бірқатар басылымдар күш құрылымдарындағы дерек көздеріне сілтеме жасап, офицерді өз қаруынан атқан және күдікті мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысына қамалған деп хабарлады.

Арнайы қызметтің айтуынша, бұл іс бойынша ішкі істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Ішкі істер министрлігі бұл жөнінде ақпарат кейін берілетінін айтты.

7 тамыздың Қырғызстанның Шу облысындағы Кой-Таш ауылында «Алмазбек Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп жеткізуге» барған арнайы жасақ офицері Усенбек Ниязов оқ тиіп, қаза тапқан. Марқұмды 9 тамызда Бішкек маңындағы Ала-Арча зиратына жерледі.

13 тамызда Бішкектегі баспасөз мәслихатында Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Орозбек Опумбаев «сот-медициналық сараптамасының қорытындысы бойынша, Ниязбековті кеуде тұсына тақап атқаны анықталды» деп мәлімдеген.

Қырғызстанның бұрынғы президенті 62 жастағы Алмазбек Атамбаевты 8 тамызда Кой-Ташта ұстағаннан кейін сот шешімімен 26 тамызға дейін МҰҚК тергеу абақтысына қамады. Билік оған бірнеше ауыр қылмысқа байланысты айыптар тағылғанын хабарлады. Ұсталғанға дейін Атамбаев өзіне тағылған айыптады терістеп, істің «саяси астары бар» деп мәлімдеген.

Azattyq