Ұлы даланың жеті қыры. Мақала қазақ халқының тарихын тереңнен зерттеуге үндейді – тарихшы

0
22 Қараша 2018, 15:26 195 0

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері Айтбала Әбенова Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қатысты пікірін білдірді.

«Қазақ халқында жеті — қасиетті сан. «Жеті атасын білмеген жетесіз» демекші, «жеті» деген санды қадірлеу көне заманнан басталады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мақаласында осы қасиетті жеті санын қолдана отырып, Ұлы даланың жеті қырын ерекше сипаттаған. Бағдарламалық мақаладағы жеті тақырыптың ішінде сан ғасырлық тарихы бар Ұлы Жібек жолы ерекше орын алады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, Түрік империяларының аумағын қамтыды. Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді» — деді Айтбала Әбенова.

Тарихшының айтуынша, Ұлы Жібек жолы қасиетті де қастерлі ұғым. Ұлы Жібек жолы — өз уақытысында да, қазір де Еуропа мен Азияны, Шығыс пен Батысты байланыстыратын бүкіл әлемге танымал жол. Жібек жолы әлемдік сауда жүйесінің дамуына ықпал етті.

«Ұлы Жібек жолының дәл біздің жерімізден бастау алуы адамзат өркениетіне қаншалықты үлес қосқанымызды аңғартады. Ұлы Жібек жолын халықтардың достығы мен ынтымағының жарасамдығы деп түсінген жөн. Ұлы Жібек жолының тарихи даму барысында әлемдік сахнада бұрын сонды болмаған мәдени, экономикалық, саяси әлеуметтік қарым қатынастар пайда болды. Елбасының мақаласы қазақ халқының тарихын тереңнен зерттеуге, шетелдік ірі архивтерде іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуге үндейді. Осы орайда, Ұлы Жібек жолының әлемдік өркениетке қосқан жетістіктерін қайтадан зерделеудің, жаңаша насихаттаудың маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені киелі орындарды, оқиғалар болған тарихи жерлерді тамашалау өсіп келе жатқан ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, тәуелсіздікті, рухани құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді, жас ұрпақтың мәдени және рухани мұраға деген қызығушылығын арттырады. Халқымыз «Өткенді ұлықтау — тарихты ұмытпау» деп бекер айтпаса керек. Біз дүние жүзіне өзіміздің бай тарихымызбен мақтана аламыз. Сонымен қоса, ата-бабамыздың қалдырған асыл мұрасын, қазақтың көне мәдени тарихын, қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, ұрпақтан –ұрпаққа насихаттап жалғастырып отыруымыз қажет», — деді Әбенова.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ