Жетеуден қалған екеуміз немесе достар туралы реквием |

0


Оқылды:
347

Біздер 1974 жылы ҚазМУ-дың атақты журфагын жаңылмасам 54 қыз-жігіт бітіріп шықтық. Солардың ішінде Қарағандылықтардың қарамы әжептәуір еді. Саттар, Тілеш, Самат, Жүрсін, Аманжол, Дәуітәлі және өзім бар, бір өңірден бақандай жеті жігітпіз. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа қонғанда, жер қайысқан қол едік» деп Махамбет жырлағандай, жетеуіміз бірге жүргенде, журфактың түңдігі желпілдеп кетуші еді. Қайран дүние, өттің де кеттің. Бұлай деп күңіреніп отырғаным, осылардың ішінде тұлпардың үйірінен қалған тұяқтай, қыранның қанатынан қалған қияқтай ғана болып енді Жүрсін екеуміз ғана қалыппыз. Өрт шалған ормандай болып сиреп қалдық.

Ал Тілеш кеткенде сиреп емес, таза күйреп қалдық. Анау-мынауға жіби қоймайтын Жүрсіннің өзінің бордай езіліп, күзгі жаңбырдай егіліп отырып «Тілеш кеткенде» деп арнайы қазанама жазуы ақын жүректің алқынысы, сарғайған сезімнің толқынысы болар деп топшылаймын. Иә, қарағандылықтардың қайығында енді екеуміз ғана ескек ұстап, мынау өткінші өмірдің арынды ағысына түсіп алып, әзиз достарымыздың кеткен жағына қарай заулап келеміз. Бүкіл қызық өмірдің қырмызы тірілігінің бәрі сол достарымызбен бірге кеткендей. Ойын-күлкінің бәрі солармен бірге сарқылып, бізге тек қарып түсер қара суыққа төзе алмай сарғайған жапырағы қалт-құлт етіп қалтыраған күзгі өмірдің күрсінісі, жұлмаланған жүректің бұла бір бұлқынысы ғана қалғандай.

– Жүрсін, ананы қара, — деймін,- қара бұлт тұмшалаған қара аспанды нұсқап. Түнгі аспанды тілгілеп дәл бір тәңірдің қамшысының өріміндей иректеліп найзағай жарқ ете қалғанда арғы жағынан ай нұрына бөккен бір тамаша әлем көрініп кеп қалады. Ішінде баяғы бірге жүрген жора-жолдас, ағайын-туыс өріп жүр. Бәтір-ау, анау Дәутәлі көкем ғой. «Сәукен, бірдеме әкелдің бе?» дейді әдеттегідей мені еркелетіп. Өзі жазған «Тамұғы мен жұмағының» арасында ол жақтың астан-кестеңін шығарып, жортып жүрген сияқты қасқаң. «Бауыр-бүйрек, жүректі алатындай, Мен Сізге бір қуырдақ қарыз ба едім!» деп құдекеңе де қиястанып тұр ма, қалай?

Жаратқанның атқан жебесіндей болып, найзағай тағы жарқ етті.

 Анау Саттар ғой. Сері Саттар. Ашылмай кеткен талант. Бізге бір қырындап, алысқа-алысқа қарап, емешесі кетіп, үздігіп тұр. Өзі кеткен соң жеңгеміз Люба бала-шағасын алып Ресейге біржола көшіп кетіпті деп естуші едік, сол жақта тұрып, солығын баса алмай тұр-ау қайран дос.

Ал анау – Самат. Арамыздан ертерек кеткен ертегінің еріндей ерен мінезді Саматымыз. Қызылды-жасылды ұлпадай бір ұйықтан асығыс шығып келеді. Фирдаус деген жұмақтың төрі болады деуші еді. Сірә, сол осы болар. Дос десе өткір кездікпен өзегін өзі тіліп беретін періште көңіл, бұлақтай мөлдір, тұмадай таза азаматымыз еді, ақыры алланың алқауына іліккен екен. Баяғы сол мінезі, көрмейсің бе әне, «Тілешім-ау, бауырым-ау, мен сені көп күттім ғой!» деп қолына қоржынын алып ұшып келеді. «Өй, пәтшағар!» деп өзінің риясыз бала күлкісімен ішек-сілесі қатып жайраңдап Тікең де қарсы ұмтылып барады.

 – Тілеш, қайт, қайт! — деп ышқына айғайлаймын жерде тұрып. Қайдаа-а, ғапыл даусым, ғарыш түгілі, мына дүниені тұмшалап тұрған қап-қара бұлттың бір жемелегін де желп еткізе алмады. Құдай-ау, біз неткен әлжуаз, әлсіз бейшара едік. Тағдырдың талайына тосқауыл болмақ түгілі, тәңірдің қалауынсыз тіпті қыбыр етіп қимыл да көрсете алмайды екенбіз. Әйтпесе, бізге салса, бір жақта, бір топта топырлап бірге жүрмес па едік әлі де.

Бір-бірлеп жоғалып барамыз мынау жалғанның жарығынан. Жүрегіміз де, тілегіміз де бірге Тілеш кетті дегенде ала қайғының ащы запыраны лықсып кеңірдегіме шейін келді. Бірге өткізген өміріміздің бүкіл ащы-тұщысы өксік болып өрекпіп, бүкіл кеудемді кернеп, жанарымнан жас боп ақты. Алланың әміріне амал қайда. «Мені де ала кетші» деп шалғайынан шап етіп ұстап, біраз сүйретіліп барып едім, балуан білек, сәби жүрек жан досым бір бұлқынып қалдырып кетті. «Жүре тұр, пәтшағар, мынау жалған дүние жалықтырғанда келерсің сен де» дейді және еңкілдеп жылап тұрған маған лекіте күліп.

Сарыарқаның сақылдаған сары аязында қалшиып қатып тұрған Қарағандыға жаныңмен жылу беріп, қабағын жібітіп тұратын сен едің, Тікебайым. Енді сен жоқсың. Қаламыз қайтадан сұп-сұр болып қатып қалғандай. Дәл бір саған соққан ескерткіш тәрізді ме қалай. Жерлестерім кешірсін, енді мен Қарағандыны дәл осылай елестетіп, ол ой-санама дәл осылай орнығады. Иә, дәл осылай. Ал сіздер бұрынғыдай ойнап күліп жүре беріңіздер. Құдай одан айырмасын. Жаралы көңілдің қаралы көші бізбен кетсін. Онсыз да майы сарқылып, пілтесі біткен шамдай болып таусылуға айналдық қой.

Жанымда қалған жалғыз Жүрсін өлең оқыды:

Біз сені еркелетіп Тілеш дедік,

Айтармыз әрқайсымыз бір естелік.

 Қиналған кездеріңде демегенмен,

 Сергелдең сапарыңа ілеспедік!

Ойпырым-ай, ақын да алғасады екен-ау! Неге ілеспейміз. Жо-о-қ. Алжасып отырған мен екенмін. Жүкең мынау пәни дүниені айтып отыр екен ғой. Ал, анау мәңгі сапардың шұбырындысына ерте ме, кеш пе бәріміздің де қосылатынымыз анық.

 Қорқыт бабасына тартқан Жүкең ол жаққа аттап басқысы жоқ. Мына пәни дүниеге мен сияқтылардың талайы келіп, кетіп жатыр ғой. Ал, Жүрсін болса халықтың ойында, айтыстың тойында жүрген айтулы азамат. Ақындығы қандай. Ендеше атының өзі айтып тұрғандай Жүкең әділетсіздікпен айтысып-жұлқысып жүре берсін.

 Жалған болса да мына сиқыр дүние тәтті ғой, шіркін. Ал немерелеріміз одан да тәтті. Алыстағы, ғарыштағы ағайындар, сәл асықтырмаңдаршы.

 Найзағай тағы да гүрс ете қалды. Астапыралла!

Сәулебек Жәмкенұлы.