Алматы әкіміне 10 кеңес: Сағынтаев назар аударуы тиіс бас мәселелер қандай? — Қазақстан жаңалықтары
28 маусымда Алматыға жаңа әкім келді. Бақытжан Сағынтаев шаһар басшысы ретінде жұмысын Сейфуллин даңғылын жезөкшелерден тазалаудан бастады. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі танымал қоғам қайраткерлері, шоу-бизнес жұлдыздары мен қала тұрғындарының арасында сауалнама жүргізіп, жаңа әкім назар аударуы тиіс мәселелерді анықтады.
Дос Көшім, саясаттанушы:
1. Қаладағы жазбаларды тексеріп, мемлекеттік тілдің қолданылуы мен сақталуын қамтамасыз ету. Бұл жерде мынадай мәселелер жүзеге асуға тиіс:
• Қоғамдық орындардағы жазбалардың дұрыстығын тексеру;
• Кино, театр, монша, мұражай, т.б. билеттерінің қазақ тілінде болуын қамтамасыз ету;
• Көшелердің аттарына мониторинг жүргізіп, идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қазақ еліне, Алматы қаласына ешқандай қатысы жоқ, еңбегі сіңбеген тұлғалардың аттарын алып тастау;
• Көшелерге жаңа атаулар бергенде абстаркты, жалпылық мағынадағы (Мысалы, «қарлығаш», «лашын», «шағала», «мейірім», «махаббат», т.т.) атауларды беруге тиым салу;
• Қазақ тілінің заңдылықтары сақталмаған атауларды дұрыстау. Мысалы, «Алматы-2», «Айнабұлақ-3» емес, «2-Алматы», «3-Айнабұлақ», т.с.с.
• Қала дүкендеріндегі тауарлардың сыртқы жазбалары мен нұсқаулықтарының қазақ тілінде болуын бақылайтын азаматтық комиссия құру. Ай сайын бұл бағытта тексеріс ұйымдастыру.
2. Қалалық әкімшілік пен қалалық мәслихаттың отырыстарына кез-келген қала тұрғыны бақылаушы ретінде қатыса алатын Ереже қабылдау.
3. Азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыру мақсатында бейбір шерулер мен митингтер, пикеттердің өтуіне толық мүмкіндік беру.
4. Идеологиялық тұрғыдан ескірген ескерткіштерді анықтап, оларды алып тастауды жүзеге асыру.
5. «Желтоқсан көтерілісі» күнін (17 желтоқсан) қала көлемінде арнайы іс-шаралармен атап өту.
Шыңғыс Мұқан, кәсіпкер, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары:
Алматы қаласының әкімі талай қызметтің басында болған, өмірлік тәжірибесі бар, ақыл айтуды қажет етпейтін тұлға. Бірақ көшбасшылық тұрғыдан әкім ескеру керек бір-екі дүние бар.
1. Билік пен халықты жақындастыру. Халыққа биліктің жақындауы. Алматы қаласының әкімдігі мемлекеттік құрылым ретінде халықтың сеніміне ие болуы керек. Оның да құралдары көп. Коммуникацияны жақсарту керек. Халық пен оған қызмет етуші әкімдік арасындағы екіжақты байланыс кішкентай тұйық көше сияқты болмауы керек. Сеніміне ие болудың түрлі жолдары бар.
2. Бұдан бөлек мен айтатын жалғыз нәрсе — тазалық. Жемеу керек те, жегізбеу керек те. Жемқорлықты түп-тамырымен шабу керек. Осы шаруаны шеше алса, қалған дүниенің бәрі реттеледі деп ойлаймын. Бұл мәселені шешпей, басқа шаруаларды қолға алса да, құны көк тиын болады.
3. Тағы бір ескеретін нәрсе, Алматы — нөмері бірінші қала (Астананы қоспағанда), мәдени-қаржылық астана. Халықтың көп қоныстанған жері. Сондықтан, қала дамуының парадигмасын өзгертіп жіберетіндей жаңалық алып келу керек. Кәсіптің басқа түрлерін дамыту керек. Болашағы бар дүниеге ақша салып, содан бірдеңе шығару керек. Бұрын ешкім істемеген нәрселермен айналысу керек.
Білемін, әкімдік қызмет көп отыратын жұмыс емес. Берілген уақытта көздегеннің бәріне қол жеткізуге уақыт болмауы мүмкін.
Қазіргі кезде бүкіл үкімет, билік жабылғанымен қолдан ешнәрсе келмей жатыр. Әлем жасаған нәрсені жасай алмай отырмыз. Шынында да қолдан келетін және өте көкейтесті шаруа жемқорлық деп ойлаймын.
Динара Имашева, банк қызметкері:
1. Кинотеатр, театрларда айына бір рет мектеп оқушыларына, жоғары оқу орын студенттеріне және жай қарапайым халыққа тегін кіру мүмкіндігі болса. Адамгершілік қасиеттер насихатталатын, патриоттық, өмірлік құндылықтар жайлы фильмдер көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені көп адам қазіргі таңда күнкөріс қамымен оған уақыт, қаражат таппайды, сондықтан рухани азған. Азған адам, азған қоғам салдары — белгілі.
2. Сонымен қатар, жеке басым маңдайшаларды, жарнамаларды тек бір тілде қалдыру керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда қазақ тілі мен латын тілі өзекті болғандықтан, орысша, ағылшынша жазу қажетсіз.
3. Жедел жәрдем көліктерін жаппай ауыстырған абзал. Кеңес заманынан қалған көліктеріне отырсаңыз, сау адамды ауру қылып жеткізеді (Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретіндегі шаруа, дегенмен бәлкім әкімдік Жедел медициналық жәрдем станциясының автопаркін жаңартуға қол үшын тигізе алады — ред.).
4. Бала күтіміне байланысты демалыс 3 жасқа дейін төленсе екен деймін. Өйткені 3 жасқа дейін балабақша алмайды, ал бір жастан кейін төлемейді. Сонда ортадағы 2 жылда ана мен бала қалай, неге күн көреді. Әсіресе асыраушысыз қалған, ипотекасы бар аналар үшін өте қиын (Бұл бір қала әкімі шешетін мәселе емес, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құзіретіндегі шаруа, жалпы мемлекет саясаты — ред.).
5. «Қызыл сызықта» жатқан жер телімдеріне құжат рәсімделмеуі керек. Жер комитеті мемлекеттік акт береді, ал Сәулет және қала құрылысы басқармасы ол жерде қызыл сызық болғандықтан үй салуға рұқсат жоқ дейді. Халық соңғы ақшасына жер сатып алып, қиналады.
6. Қала әкімінен оңтүстік астананың ішінде тығыз салынып жатқан құрылыстарды бақылауға алуын сұраймын. Әсіресе осыны Сайын-Жұбанов көшелерінің қиылысында салынып жатқан құрылысқа қатысты айта аламын. Үй аралары тым жақын. Ешбір арақашықтық сақталмаған. Қасындағы «Современный» тұрғын үй кешенінің тұрғындарына жел соқпайды, күн түспейді.
Эльнура Мамбеталиева, мейрамхана әкімшісі:
1. Қаланың ең басты мәселесі — көгалдандыру жұмысының дұрыс жасалмайтынында, жасыл желек дұрыс суарылмайды. Орталық көшелерден кейінгі аудандардың басым бөлігінде ағаштарға, өсімдіктерге күтім жасалмайды. Саябақтар жан баспаған ормандарға ұқсайды. Өсімдіктерді, ағаштарды қайтадан дұрыстап отырғызу керектігі айдан анық көрініп тұр. Осы көгалдандыру мәселесі қолға алынса екен.
2. Сондай-ақ, Шығыс айналма жолындағы жылдамдықты сағатына 80 шақырым етіп қайтадан арттыру қажет.
Құдайберген Бекіш, әнші:
1. Мен Алматыда Шығыс айналма жолы жағында тұрамын. Сол жерде жеке үйлер бар. Бірақ сол басты жолды әдемі етіп жөндейді де, қалған артқы жағын қоқысқа толтырып тастайды. Жолдың бойында арық бар, жөндеу жұмыстарына келген жұмысшылар сол жерді қоқысқа айналдырып кетеді. Мысалы, жабайы шөптерді қырқады да, соны арыққа тастай салады. Төле би көшесінің бойына дейін солай жатыр. Біз жақта Сағадат Нұрмағамбетов атындағы кішкентай көше бар. Жұмысшылар жолдың бойын тазалап біткен соң, қоқыстарын сол жаққа және басқа да жанасып жатқан көшелердің арығына лақтыра салады. Біз көріп жүрген соң айтып, кейде ескертеміз. Бірақ қоқыс лақтыру әлі тоқтамай келеді. Бәрі елдің көзіне түсіп тұратын үлкен жолды тазалайды да, ана кішкентай көшелерге қол тигізбейді. Әйтпесе жанама жол екеуінің арасы бір ғана метр. Ол жердің асфальт жолдары қопарылып кеткен. Сол үшін әкімге Алматы қаласының кішігірім көшелерін тазаласа деген кеңес бергім келеді.
2. Екіншіден, қаладағы кейбір көшелерді бір бағыт қылып қойған. Бос жатқан сияқты болып көрінгенімен, сол көшелер кептеліс туғызады. Күндіз көлік аз уақытта бір бағыттағы жолдар жақсы. Алайда, кешкі кептеліс басталғанда, жүру қиын болып кетеді. Былай қарап тұрсаң, Алматыға өте керек емес дүниелерді жасап тастаған. Қалада қиын көшелер көп. Алматы о баста бір бағыттағы көшелердің қаласы ретінде құрылған жоқ қой. Сондықтан осы секілді бағыттағы көшелердің санын азайтып, кәдімгі жол жасаса деймін. Шенеуніктер өздері күндіз жүрген соң, оларға көшенің қиындығы біліне бермейді. Бірақ қарапайым халық жұмыстан қайтқан уақытта кептелістен қиналып қалады.
Әлия Іңкәрбек, ақын:
Алматыдағы ықшамаудандарға қатынайтын қоғамдық көліктердің көлемі де, қызметі де көңіл қуантпай тұр
1. Ару қала Алматының дидарын бір көруді арман еткендер қаншама?! Сүйікті қаламыз күннен-күнге көркейіп, жылдан-жылға жаңарып келе жатқаны рас. Дегенмен, олқылықтар да жоқ емес. Мәселен, Алматы маңындағы ықшамаудандарға қатынайтын қоғамдық көліктердің көлемі де, қызметі де көңіл қуантпай тұр. Мұндай жағдайда қала маңына емес, шалғай бір ауылға бара жатқандай күй кешесіз. Сондықтан, ықшамаудандарға қатынайтын автобустардың көлемін үлкейтіп, жолаушыға көңіл бөлуді қолға алу керек тәрізді. Байқауымша, дамыған елдерде қоғамдық көліктің жай-күйінен-ақ халықтың жағдайын саралауға болады.
2. Екіншіден, өзім қатарлы жастардың көпшілігіның ойынша Алматыдағы базардың көптігі тұрғындарға қолайсыздық тудырады екен. Базар болғанда жай базар емес, «жайма базар», қай жерді көңілі хош көрсе сонда сауда жасайтын саудагерлер… Әрине, күнкөрістің қамы, өмір көшіне ілесу керек.. Мұның бәрі түсінікті. Әйтсе де, қала көшелерінің келбетін бұзатын осындай ұсақ-түйектерге назар аударып, ден қойсақ сүйікті шаһарымыз талайдың арманын асқақтатарына сенімдімін!
stan.kz