Жұрт көзінен жоғалып кеткен түркімен президенті Каспий форумын ашты

0

12 тамызда Түркіменстанда Каспий экономикалық форумы басталды. 5 шілдеден бері жұрт көзінен жоғалып кеткен, кейбір ақпарат құралдары «қайтыс болды» деп хабарлаған Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов форумды ашты.

Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран өкілдері келген. Мәскеу мен Тегеран форум барысында АҚШ санкциясының салдарын талқыламақ.

Форум басында Бердімұхамедов Ресейден «Аурус» лимузиндерін сатып алуға келісті. Ресей «Аурусты» құрастыруға соңғы жеті жылда бюджеттен 200 млн доллар бөлген. Былтыр Ресей президенті Владимир Путиннің инаугурациясында осы «Аурус» лимузині қолданылған. Ресейлік лимузиннің құны – 280 мың доллар.

Бердімұхамедов пен Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведов "Аурус" лимузинін көріп тұр. Ашғабат, 12 тамыз 2019 жыл.

Бердімұхамедов пен Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведов «Аурус» лимузинін көріп тұр. Ашғабат, 12 тамыз 2019 жыл.

Шілденің ортасында ресейлік басылымдар Бердімұхамедовтің «қайтыс болғанын» хабарлаған. Бұл ақпаратты Түркіменстанның басқа елдегі елшілері жоққа шығарған.

Биыл 29 маусымда 62 жасқа толған Гурбангулы Бердімұхамедов Орталық Азиядағы табиғи газға бай Түркіменстанды 2006 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келеді. Ол — Сапармұрат Ниязовтан кейінгі елдің екінші президенті.

2017 жылы ақпанда өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 97 пайызы дауысын алған Гурбангулы Бердімұхамедов үшінші мерзімге президент болып сайланған. Бұл елде президент жеті жылға сайланады.

Батыс бақылаушылары Түркіменстанда осы кезге дейін бір де бір сайлау әділ және еркін өткен жоқ деп санайды. Түркіменстан билігін сынайтындар мен құқық қорғаушылар Бердімұхамедовтің билікке келгелі өзгеше ойлайтындарды қудалағанын және айтарлықтай өзгеріс жасамағанын айтады.

Azattyq