Ертісбаев Қазақстанның Беларусьтегі елшісі қызметінен босатылды
Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрғанда үш рет оның кеңесшісі болған Ермұхамет Ертісбаев Қазақстанның Беларусьтегі елшісі, ТМД жарғылық органдары жанындағы тұрақты өкілі қызметінен босатылды. Бұл туралы елдің ресми басылымдары хабарлады.
Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ертісбаевты қызметінен босату туралы жарлығы 12 тамызда президент әкімшілігі сайтында жарияланды. Ертісбаевтың орнына Тоқаевтың жарлығымен Асқар Бейсенбаев тағайындалды. Бейсенбаев осыған дейін сенат депутаты болған.
Ертісбаев 2017 жылдан бері Қазақстанның Беларусь пен Грузиядағы елшісі, ТМД жарғылық органдары жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарып келген. Биыл 63 жасқа толатын Ертісбаевтың жаңа қызметке тағайындалғаны, я тағайындалмағаны белгісіз.
Ертісбаев алғаш рет 1995 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Назарбаевтың кеңесшісі болып тағайындалған. 1998 жылы президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеу институтын басқарды. 2000-2002 жылдары президент әкімшілігінің қоғамдық-саяси бөліміне жетекшілік етті. Одан кейін қайта президент кеңесшісі болды. 2006-2008 жылдары мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарды. Ертісбаев 2008 жылы үшінші рет президент кеңесшісі болды.