Бас мүфти Құрбан айтта мал бағасын шарықтататындарға үндеу жасады – видео

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

2 0 0

2019 жылдың 11 тамызы – Құрбан айттың бірінші күні 

НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтай келе, отандастарын мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеді.

«Баршаңызды қасиетті Құрбан айттың келуімен құттықтаймын. Айт қабыл болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ, Алланың амандығын тілеймін!», — деді

Құрбан айт – исі мұсылманның ұлық мейрамы. Айт күндері ағайын-жұрт бір-біріне: «Айт қабыл болсын!» айтып, ізгі тілектерін жеткізіп, алғысын жаудырады. Осы ретте Бас мүфти мұсылмандар қауымына ізгі ниетпен Жаратқанның жақсылығын тіледі.

Тағы оқыңыз: Құрбан айтта не істеуге болмайды — видео

«Туыс пен бауырға, көрші мен дос-жаранға айттап бару, қадірлі қонаққа айттық беріп, үлкеннің алғысы мен батасын алу – сонау заманнан жалғасып келе жатқан мұсылмандық дәстүріміз. Осы игі дәстүрді қоғамда қайта жаңғыртып, жастарға үлгі-өнеге көрсетуге шақырамын!», — деп атап өтті Серікбай қажы Ораз.

Оның айтуынша, «құрбан»сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді.

«Құрбан айтта орындалатын ең қайырлы амал – құрбан шалу. Айт күні жағдайы бар кісілер құрбан шалып, оны қараусыз қалған қариялар мен жетімдерге, көпбалалы отбасыларға таратып, сауап алуға тырысады. Алайда, айт күндері мал бағасы қымбаттап кететін жағдай жиі болады. Осы ретте отандастарымды мал бағасын шарықтатпай, пайдаға емес, сауапқа бөленуге үндеймін. Өйткені, Құрбан айт – қанағат пен қайырымдылықтың мерекесі», — деп толықтырды діни басқарманың төрағасы.

«Ұлық мейрамда жасайтын барша сауапты амалдарыңыз, қайырымдылық істеріңіз қабыл болғай! Қасиетті Мекке қаласында қажылығын өтеп, еліміздің игілігі үшін дұға жасап жатқан ата-апаларымыздың, бауырларымыздың тілегі қабыл болғай! Алла Тағала баршамызды айттан айтқа аман-есен жеткізіп, ізгі істер мен қуанышты сәттерде басқосуымызды нәсіп еткей!», — деп түйіндеді Бас мүфти.



sputniknews.kz