Ұсталған Атамбаевтың ұлы мен жақтастары тергелді

0

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың бұрынғы кеңесшісі мен Атамбаевты қолдайтын Қырғызстан социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) мүшесі Кундуз Жолдубаева Кой-Таш ауылындағы қақтығысқа байланысты екінші рет тергелген. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Замир Жоошев хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, куәгер ретінде тергеуге бұрынғы президенттің ұлы Сейтек Атамбаев та шақырылған. Жоошев Кой-Таштағы оқиға кезінде Атамбаев ұлының «аяғы сынып, қолы жараланғанын» айтады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Сейтек Атамбаевтың ұсталып, тергеуге жеткізілгені туралы видео тараған. Кейіннен Қырғызстан ішкі істер министрлігі Атамбаев ұлының куәгер ретінде шақырылғанын, құқық қорғау органдары оны ұстамағанын хабарлады.

Бұған дейін Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті) депутаттары Асел Кодуранова мен Ирина Карамушкинаның, Кой-Таштағы операция кезінде Атамбаевты қолдаған оппозициялық саясаткер Равшан Жеенбековтің тергеуге шақырылғаны хабарланған. ҚСДП-ның ресми өкілі Кундуз Жолдубаева Азаттықтың Қырғыз қызметіне «екі депутаттың бірнеше сағат тергеуден соң босап шыққанын, Атамбаевтың басқа жақтастары тергеуге шақырылып жатқанын» айтты.

7 тамызда басталған Атамбаевты ұстау операциясы арнайы жасақ пен экс-президент жақтастарының қақтығысына ұласып, бір әскери қаза тапқан. Ондаған адам жарақаттанды. Арнайы жасақтың алты сарбазын бұрынғы президенттің жақтастары кепілге алып, ертеңіне босатқан. Атамбаев 8 тамызда жалғасқан операция кезінде өз еркімен билікке берілді. Оған жемқорлық айыбы тағылып, экс-президент 26 тамызға дейін қамауға алынды. Қазір оның ісі тергеліп жатыр.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады. Үш рет шақырту жібергенімен тергеуге бармаған Атамбаевты министрлік арнайы операция жүргізіп, күштеп әкелуді тапсырған.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтқан. Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.​

Azattyq