Қырғызстанның экс-президенті Атамбаевтың ұсталғаны хабарланды
8 тамызда Қырғызстан қарулы күштері Кой-Ташта елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады. Бұл туралы ресейлік және қырғызстандық ақпарат құралдары хабарлады.
Ресми Бішкек бұл ақпаратты әлі растаған жоқ.
Қырғызстанның қарулы күштері Атамбаевты ұстау үшін арнайы операцияны 8 тамыз түстен кейін қайта бастаған. Арнайы жасақ пен полицейлер 16.00 шамасында Атамбаевтың Кой-Таштағы үйін қоршауға алды. Ал Атамбаевтың жақтастары Кой-Ташқа кіреберісті жауып, арнайы жасақ күштеріне тас лақтырған. Елдің денсаулық министрлігі 8 тамыз түстен кейінгі жанжал кезінде бес адам жараланғанын хабарлады. Оның төртеуі — полицей.
Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті елдің бұрынғы президентін тергеуге әкету үшін 7 тамыз кешкісін Кой-Таштағы үйіне барған. 8 тамыз түнгі үш шамасында арнайы жасақ Кой-Таштан шықты. Ол кезде күштік құрылымдар Алмазбек Атамбаевты үйінен әкете алған жоқ. Операция кезінде арнайы жасақтың бір мүшесі қаза болып, 52 адам жараланған.Олардың жартысы — арнайы жасақ өкілі. Қазір 31 адам ауруханада жатыр. Шу ауданы ішкі істер басқармасының бастығы Самат Құрманқұлова ес-түссіз жатыр. Оған екі рет операция жасалған.
27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.
Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.
Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.
Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.