Өрісі кең өміршең жоба |

0


Оқылды:
696

Әдетте, ауылдық жердегілер үшін атауы таңсық емес әктің қолданылу аясы кең екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Ішкен тамағымыздан бастап, киген киіміміз, тұрмыста тұтынатын заттарымызды жасауда да осы қарапайым әктас пайдаланылады екен. Бұл – өз алдына. Облысымызда қарқын алған құрылыс саласын айтпағанда, кен өндіру, металлургия саласында да қарапайым осынау әксіз қадам жасау мүмкін емес. Еліміздің экономикасында ойып тұрып орын алатын Қарағанды өңірі үшін әктің қаншалықты қажеттігін өзіңіз де бағамдай беріңіз. Осакаров ауданында салынатын сапалы әк өндіретін зауыттың нарық сұранысын қамти алатын қуаты бар.

Жоба бастамашысы «Saryopan Operating» ЖШС болса, инвесторы – бельгиялық «Carmeuse Group» компаниясы. Ал, қазақстандық серіктесі – «Global Chemicals Company» ЖШС.

Бельгиялық трансұлттық компания Осакаров ауданындағы Сарыопан кен орнындағы зауыт құрылысына 20 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған «Carmeuse Group» компаниясы әк өндіруде әлемдік көшбасшылар қатарында. 25 елде жүзге тарта зауыты бар компания енді Қарағанды облысында да жоғары сапалы әк өндіретін болады.

Жобаның жалпы құны – 55 млн. доллар, ал, бір жылдық жобалық қуаттылығы – 300 мың тонна известь. Сондай-ақ, жаңадан 100-ден аса жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

Инвесторлар «қолданылатын технологиялық желі шикізат сапасына қарамастан, байытылатын кеннің кез келген физикалық-химиялық талаптарына сәйкес өнім өндіруге мүмкіндік береді» дейді. Жоғары сапалы әк түсті және қара металды алудағы технологиялық көрсеткіштерді арттырады.

– Жобамыздың жаңашылдығы – қолданылатын технология жеңіл сөндірілген және қатты сөндірілген әк өндіруге мүмкіндік беретіндігінде, — деген болатын Сарыопан кен орнына келген «Carmeuse Group» компаниясының өкілі Вибаш Чаудхури.

Жоба бастамашылары, сондайақ зауыт құрылысы кезінде қоршаған ортаға зиян да азаяды дейді. Бұл – ең басты критерийлердің бірі.

Компания өнімі – жоғары сапалы әк импортты алмастыру аясында металлургия саласы мен құрылыс индустриясының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін болады.

Ауыр өнеркәсіп қана емес, жеңіл өнеркәсіп саласы да аталмыш зауыт іске қосылар болса, өнім өндіру үшін қажетті жоғары сапалы әкті ат арылтып, алыстан іздемей-ақ, өз елімізден алу мүмкіндігіне ие болады. Өзіміздікі, демек, құны да арзан. Сарыопан кен орнынан өндірілетін жоғары сапалы әктің тұрмыс тіршілігімізді жақсартудағы ролі орасан. Айтпақшы, ауыл шаруашылығы да бұған зәру. Мал жемдеу мен ауыл шаруашылығында зиянкестерді жоюда да әкті қолданатынымыз бар. Олай болса, 2021 жылға дейін жүзеге асырылады делінген зауыт іске қосылса, өзге де салалардың өркендеуіне серпін берері анық.

Айта кету керек, «Carmeuse Group» трансұлттық компаниясы 1860 жылы Бельгияда құрылған. АҚШ, Канада, Италия, Франция, Словакия, Венгрия сияқты дамыған елдерде, Африка және Азия елдерінде де зауыттар бар. Ал, компанияның жылдық айналымы шамамен 1,5 млрд.еуро екен.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»