Басшылар жаңа қызметке нөкерімен бірге барудан жаңылмайды
СЕНІМДІ АДАМДАР КӨШІ
Биыл маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі (ең жас облыс әкімі болған) Алтай Көлгіновты Нұр-Cұлтан қаласының әкімі етіп тағайындады.
Көлгінов жаңа қызметке ауысқанына бір ай толғанда, Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде қарамағында істеген Алтынбек Қайсағалиевті (2013 жылдан 2019 жылға дейін Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы, кейінірек орынбасары болған) өзіне орынбасар етіп алды. Нұр-Сұлтан қаласының стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев та бұрын Батыс Қазақстан облысында осыған ұқсас қызмет атқарған.
2016 жылы Батыс Қазақстан облысын Көлгіновке дейін басқарған Нұрлан Ноғаев көрші Атырау облысына әкім боп тағайындалған кезде, Батыс Қазақстандағы бұрынғы қызметкерлері жаңа орындағы маңызды қызметтерге жайғасты.
Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек биыл маусымда биліктегі ауыс-түйістен соң «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары боп тағайындалды. Байбек Алматы әкімі болған кезде қарамағында істеген бұрынғы қызметкерлері енді партия хатшысына айналды. Мұндай лауазымға ілінгендер қатарында 2016 жылдан бері Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары болған Жігер Қалиев, 2019 жылдың сәуірінен бастап Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасының жетекшісі қызметін атқарған Әлібек Әлденей және 2015 жылдан бері Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы, кейінірек әкім орынбасары болған Марат Сембеков бар.
Байбектің тұсында Алматы әкімі аппараты басшысының орынбасары болған Юрия Жулина мен баспасөз хатшысы Тимур Базарбаев та (партияда олар ұқсас қызметтерге тағайындалды) жаңа қызметке отырды. «Нұр Отан» партиясы аудит қызметінің басшысы қызметіне Айвар Байтілеуов (бұрын Алматы қалалық әкімдігі аудит қызметінің басшысы болған) келді.
Көлгінов пен Байбек қазақстандық әкімдердің жаңа буынына жатады. Екеуі де Еуропада «Болашақ» бағдарламасымен оқыған. Басшының соңынан нөкерлерінің ілесе баруы әкімдіктер мен министрліктердегі тағайындаулар кезінде де жиі байқалады. Жергілікті билік өкілдері мен әртүрлі ведомство басшыларының, оларға жақын қызметкерлердің өмірбаянынан олардың бұған дейін де әріптес болғанын байқауға болады.
КОМАНДА БОП КӨШУГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент, қазір Қауіпсіздік қызметінің төрағасы болып отырған Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік аппарат қызметі тақырыбында сөйлеген сөзінде командалық көшудің зияны туралы бірнеше рет айтқан.
2015 жылғы президент сайлауы кезінде Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасында «Мемлекеттік аппаратта белгілі бір басшының айналасына команда жиналады. Бұл командаға әдетте кәсібилігі үшін емес, жерлес болғаны үшін қызметке қабылданған басшының туыстары мен жақындары кіреді» деп жазылған.
Дәл сол жылы партия мүшелерімен кездесуде Назарбаев командамен көшуді «советтік дәуірдің қалдығы» және «жемқорлық» деп атаған. Ол «Біз мұны Совет одағынан алдық және әлі күнге дейін осыдан арыла алмай жүрміз. Бұл жемқорлыққа жол ашып, кадрлық әлеуетті әлсіретеді. Бір министр ауысса, соңынан бір топ адам қоса жүреді. Біреуі туысы, біреуі құдасы. Жемқорлық деген осыдан туады. Бұлай болмауы керек» деген.
Қарашаның 24-і, 2016 жыл. Ақордада модернизация бойынша ұлттық комиссия жиыны өтіп жатыр. Жиынға сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік етіп отыр. Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің сол кездегі басшысы Қайрат Қожамжаров (қазір сенат депутаты) есеп беріп тұр.
— Әкімді жаңа қызметке жіберсе, соңынан жүз адам еріп келетін тәжірибе тыйылды ма? — деді Назарбаев.
— Нұрсұлтан Әбішұлы, мұндай жағдай жиырма бес есе қысқарды, — деді жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының басшысы.
Сол жылы қаңтардың 30-ы күні өзі төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясының 17-съезінде Назарбаев партия алдындағы еңбегі туралы сөзінде, елде командамен көшу мүмкіндігіне заң жүзінде шектеу қойылғанын айтқан.
Ал 2017 жылы Назарбаев бұл мәселе әлі де жалғасып келе жатқанына назар аударған. Модернизация бойынша ұлттық комиссияның кезекті бір отырысында ол «Бірқатар мемлекеттік органдарда командамен көшуге байланысты басшылық қызметтің ауысуы жиі байқалады» деген.
«САЯСИ ШЕШІМ КЕРЕК»
Кей сарапшылар командамен көшуден оғаштық көрмейді. Қазақстандық «Кто есть кто в Казахстане» биографиялық энциклопедиясының авторы, саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұл мәселеге келгенде «баланс сақтап, келісімге келе білу керек” деп есептейді.
— Басшының жанындағы бес-алты адам ауысса түсінуге болар. Команда мүшелерінің басшының міндеттерін нақтылауға жұмыс істегені өте қолайлы. Бірақ басшының өзімен бірге хатшы, жүргізуші мен еден жуатын адамды да қосып алып, ондаған, жүздеген қызметкерді өзімен бірге ауыстырғаны — артық нәрсе, — дейді Әшімбаев.
Саясаттанушының пікірінше, ұлттық заңнама командамен көшуге тыйым салуға тырысқанымен, мемлекеттік аппарат шектеуді айналып өтудің түрлі жолын табады.
— Бір кездері саяси мемлекеттік қызметке тағайындалған кезде өзімен бірге командасын қоса әкелуге тыйым салған, бірақ олар оның жаңа амалын тапты. Кандидаттарды бір-екі аптаға ауылдық округтерге әкім етіп қоятын болған. Олар жаңа жұмысына кіріспестен, қажетті кәсіби деңгейге қол жеткізген саналып, ары қарай өсетін, — дейді Әшімбаев.
Оның айтуынша, облыс әкімінің орынбасары немесе аппарат басшысы, сонымен бірге аудан әкімдерін тағайындауға президент әкімшілігі де араласады.
— Президент әкімшілігі келіссе, командамен көшуге қарсы қандай күрес жүргізсек те, бұл жерде мәселенің жоғары деңгейде шешілгені түсінікті. Мұнымен күресу үшін президент пен оның әкімшілігі саяси шешім қабылдауы керек. Бірақ өзін әкімшілікпен бір деңгейге қойып, президент қабылдауына тікелей кіре алатын адамдар да бар, — дейді Әшімбаев.
«ШЕНЕУНІКТЕР АППАРАТЫН ТОЛЫҚТАЙ ЖАҢАРТУ ҚАЖЕТ»
Өзге сарапшылар командамен көшу мемлекеттік аппарат қызметі жұмысына кедергі келтіреді деп санайды. Олар бұл принципті бұрынғы президент Назарбаевтың өзі мақсатты түрде құрғанын, командамен көшу тәжірибесінің Совет одағы тарағаннан кейін пайда болған қазақстандық бюрократиялық жүйенің алғашқы күндерінен бастап әлі күнге жалғасып келе жатқанын айтады. Осындай пікірге қосылатындардың бірі – тәуекелді бағалау тобының жетекшісі, саясаттанушы Досым Сәтпаев.
— Ел билігі осылайша элита өкілдерін бір-біріне қарсы қою арқылы белгілі бір балансты сақтап отырады. Элитаны бақылауда ұстағыңыз келсе, оның арасындағы сенімсіздікті өшірмей, үнемі үрлеп отыруыңыз керек. Әртүрлі топтар бір-біріне сенбеген кезде, оларды таластырып қойып, «бөліп ал да, билей бер» қағидасымен басқаруға болады, — дейді Сәтпаев.
Саясаттанушының сөзінше, мұндай жағдайда барлық деңгейдегі басшылар ең алдымен кәсіби жағынан майталман болмаса да, өзіне адал қызметкерлерден тұратын командасына ғана арқа сүйей алады.
— Осыдан кейін элита өкілдеріне мемлекеттік емес, топтық мүдде әлдеқайда жақын болады. Мұндай топ мүшелері бастығынан ажырамауға тырысады, өйткені бұл жүйеде өз бастығынсыз ешкім емесін түсінеді, — дейді саясаттанушы.
Сәтпаевтың пікірінше, командамен бірге көшу «бюрократиялық аппаратты кәсіби кадрлардан жұрдай қылады». Оның айтуынша, билік жүйесінде мемлекетке пайда әкелгені үшін емес, туыстығы мен тамыр-таныстығының арқасында жүргендер көп.
— Соңында мемлекеттік орган мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға қабылетсіз боп шығады. Ол қоғамдағы мәселелерге назар аударуды қойып, бұрыс шешімдер қабылдайды, — дейді саясаттанушы.
Сәтпаевтың пікірінше, командамен көшуді тыюдың «жалғыз емі» — Грузия тәжірбиесіндегідей, шенеуніктер аппаратын толық жаңарту болмақ.
— Ескі шенеуніктерден жаңа команда құрып, оларды жаңаша жұмыс істеуге үйрету мүмкін емес. Қисық ағашты түзете алмайсың. Оны алып тастап, орнына жаңа ағаш егуге болады. Мемлекеттік қызметте тек кәсіби мамандарды, бұрын белгілі бір командаға кірмегені үшін ғана өсе алмай жүрген қызметкерлерді қалдыру керек, — дейді ол.
Ел билігінің ескі бюрократиялық басқару жүйесіне «Болашақ» бағдарламасының түлектері сияқты жаңа менеджерлерді қосуға талпынысы жастардың сол жүйеге жұтылып, ескі ойын ережесін бойына сіңіріп алуымен аяқталды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева жаңадан тағайындалған Алтай Көлгінов туралы пікірінде, «әкімнің ауысуы оның бұрынғы командасы да ел астанасына көшті дегенді білдірмейді» деді. Оның сөзінше, қала әкімінің орынбасары болған Қайсағалиев Нұр-Сұлтанда оқып, президент әкімшілігінде (айтпақшы, Көлгінов та сонда істеген) және Алматыда қызмет атқарған.
«Қайсағалиев — үлескерлер мәселесін шешумен айналысатын жеке орынбасар. Өйткені үлескерлік нысандар өзекті мәселеге айналып отыр. Командамен көшу емес» деді Олжабаева.
Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі департаментінің директоры Жарқын Тілеукеновтің дерегінше, 2018 жылы әртүрлі мемлекеттік органдарға қызметке жаңадан барған 250 шенеунік конкурсқа қатыспай, басқа ведомстволардан ауысып тағайындалған.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 4-бабы 9-тармағында елдегі мемлекеттік қызмет меритократия принципіне сай жүретіні, мемлекеттік қызметкерлердің лауазымын өсіру кезінде олардың жетістіктері мен қабылеті, кәсіби дайындығы ескерілетіні жазылған.