ҰҚК Qaznet сертификаты сынақ болғанын, алда өшірілетінін хабарлады
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті «қауіпсіздік сертификаты» алдағы уақытта өшірілетінін мәлімдеді. ҰҚК жеке құрылғылар мен ұялы телефондардан сертификатты алып тастау жолдарын жақын арада сайттарына жариялайтынын хабарлады.
ҰҚК мәлімдеуінше, Qaznet серификаты сынақ болған және бұл тест сәтті аяқталды.
«Ақпараттық қауіпсіздікті реттеу ұлттық орталығы соңғы айда мемлекеттік органдарға, жеке компанияларға қарсы 8 миллионнан астам вирус және 130 мың кибер шабуыл жасалғанын анықтады» деп жазылған ҰҚК мәлімдемесінде.
Комитет қауіпсіздік сертификатын енгізу кезінде туындайтын мәселелер мен байланыс операторларының жұмысына әсерін де тексергенін хабарлады. ҰҚК сертификаттың байланыс операторларына қалай әсер еткенін ашып жазбаған.
Комитет алдағы уақытта ұлттық қауіпсіздікке кибер шабуыл жасалған жағдайда халыққа ескертіп, сертификатты қолданатынын мәлімдеді.
Жаңалық толықтырылады