Пекин Гонконгтегі наразыларды «отпен ойнап жатыр» деп айыптады

0

Қытай Гонконгте наразылыққа шыққандарға ескерту жасап, оларды «отпен ойнамауға» шақырды.

Қытай мемлекеттік кеңесінің Гонконг пен Макао бойынша кеңсесінің өкілі Ян Гуан 6 тамызда Пекинде өткен баспасөз мәслихатында «наразылар орталық биліктің (Пекиннің – ред.) әлеуетін бағаламай отыр» деп мәлімдеді. Ол «отпен ойнағандар сол отқа өзі күйіп өледі» деді.

Гонконгте тоғыз аптадан бері билікке қарсы наразылық жалғасып жатыр. 5 тамызда болған наразылық кезінде елде 200-ден астам ұшақтың ұшуы кейінге шегерілді.

Наразылар күдіктілерді Қытайға беру заңынан толық бас тартуды, Гонконг аймағының басшысы Кэрри Ламның отставкасын, биліктен наразылық кезінде ұсталғандарды босатуды да, наразыларға күш қолданған полицейлерді жазалауды талап етеді.

Пекин Гонконгтегі наразыларды «Қытайды ұнатпайтын» Батыс пен АҚШ-қолдап отыр деп айыптады.

Ян Гуан Пекин Гонконг наразыларының талабы бойынша келіссөз бастамайтынын да айтты. Ол Гонконг аймағының басшысы Кэрри Ламның отставкасы «мәселені шешпейді» деді.

Ян Гуан 6 тамыздағы баспасөз мәслихатында журналистердің «Пекин Гонконгке әскер кіргізе ме?» деген сауалына: «Гонконг полицейлері мәселені өздері шешеді деп үміттенеміз» деп жауап берді.

Қазір Қытай мемлекеттік әскерінің Гонконгте арнайы бөлімшесі бар. Заң бойынша, олар Гонконг билігі көмек сұраса ғана қандай да бір әскери қимыл жасайды.

Маусымның басынан бері Гонконгте наразылық шарасы болып жатыр. Наразылар ол кезде «қандай да бір қылмысқа күдіктілерді Пекин сұраған жағдайда Қытайға беру туралы» заң жобасына қарсы шыққан. Бұл заңды Қытай билігі ұсынған.

Қала басшысы Кэрри Лам «билік бұл заңды енді қарастырмайды» деп уәде берген. Бірақ наразылар бұған разы болмай, кейбірі Ламның отставкасын да талап етіп келеді.

Заң жобасына сай, Гонконг аумағында жүрген адамды Пекин қандайда бір қылмысқа күдікті деп тапса, Гонконг ол адамды Қытай, Макао немесе Тайпейге экстрациялауы тиіс.

Наразылар «бұл заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгке келгендер, тіпті туристер зардап шегеді» деп санайды. Ал биліктің пайымдауынша, бұл заң жобасы «Гонконгке қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің» санын азайтады.

Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ «бір ел – екі жүйе» принципімен жүреді.

Гонконгтің өз заңы бар, елдегі азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады. Гонконг «қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы» 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.

Azattyq