Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды
XIV Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалі өз мәресіне жетті. Кинофестивальдің жабылу салтанаты Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті. Рәсімге әлемдік және қазақстандық кинематографтың жарқын жұлдыздары қатысты.
Кинофестивальдің “Тоғысу” деп аталатын халықаралық фильмдер бөлімі бойынша жеңімпаздар:
Үздік фильм – “Канделария”, режиссеры Джонни Хендрикс Инестроса (Колумбия);
Үздік режиссер – Бенедикт Эрлингссон, “Соғыстағы әйел” фильмі (Исландия);
Қазылар алқасының арнайы сыйлығы – “Күнбағыс” фильмі, режиссеры – Жан Луопинь (Қытай).
Түркі халықтарының фильмдеріне арналған “Атамекен” бөлімі бойынша жеңімпаздар:
Үздік фильм – “Патша құс”, режиссеры – Эдуард Новиков (Якутия, РФ);
Үздік режиссер – Болат Қалымбетов, “Талан” фильмі (Қазақстан);
Үздік сценарий – “Шынар” фильмі, режиссеры – Мустафа Карадениз (Түркия);
Үздік актриса – Феруза Саидова, “Әкем ауырып қалды” фильмі, режиссеры – Зульфикар Мусаков (Өзбекстан);
Үздік актер – Ақылбек Әбдіқалықов, “Түнгі көлік апаты” фильмі, режиссеры – Темирбек Бирназаров (Қырғызстан);
Қазылар алқасының арнайы сыйлығы – “Тұлғалық өсу дәрісі” фильмі, режиссеры – Фархат Шәріпов (Қазақстан);
NETPAC арнайы жүлдесі – “Тұлғалық өсу дәрісі” фильмі, режиссеры – Фархат Шәріпов (Қазақстан);
“Әлемдік кинематографияға қосқан үлесі үшін” арнайы жүлдесі – актер Сердар Гёкхан (Туркия).
Өнерде бәсекелестік болмайды. Абайдың шығармалары Фирдоусидің немесе Низамидің шығармаларынан асып түседі, Құрманғазының күйлері Моцарттың симфонияларына қарағанда әлдеқайда биік деп айта алмаймыз ғой. Әркімнің өз орны бар, кинофестивальге қатысушылардың бәрі жеңімпаз. Қатысушыларды жүлделерімен шын жүректен құттықтаймын және алғысымды білдіремін! Біз осы фестивальді адамдар өздерін үйдегідей сезінсін деп қарапайым түрде ұйымдастырдық. Осы залда отырған жазушы Олжас Сүлейменов бірде “Зеңбіректен оқ атып көрмеген генералдардың заманы туды” деп айтқан еді. Бұл залға зеңбіректен оқ атқан, окоп қазған нағыз сарбаздар жиналып отыр. Қазақстанға арнайы келген кино майталмандарына, отандық кинематографияға үлес қосып жүрген жандарға алғысымды білдіремін, – деді Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов.
Сонымен бірге “Ел арна” телеарнасының директоры Арман Сейтмамыт тағы үш фильмді осы телеарнаның арнайы жүлдесімен марапаттады:
“Талан” фильмі, режиссеры – Болат Қалымбетов (Қазақстан);
“Әкеге қоңырау шалу” фильмі, режиссеры – Серік Апырымов (Қазақстан);
“Мумие” фильмі, режиссеры – Юрий Курочка (Хакасия, РФ).
Аталған фильмдер “Ел арна” телеарнасынан бірнеше рет көрсетіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Шәкен Айманов халықаралық кинофестиваль аясында отандық туындыларға Қазақстан кинематографистер одағы атынан “Құлагер” ұлттық жүлдесі берілгенін хабарлаған едік. Жеңімпаздар соңғы екі жылда шыққан фильмдер арасынан таңдалды. Көркем фильм жанры бойынша Ардақ Әмірқұлов (“Үнсіздікте”) үздік режиссер атанса, үздік фильм ретінде Сәбит Құрманбековтің “Оралман” туындысы марапатталды.
Еске сала кетейік, Алматыда XIV Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалі 17 қарашада басталып, 21 қарашаға дейін жалғасты. Кинофестивальдің конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрды. Бөлімдердің әрқайсысына Шәкен Айманов картиналарының атауы берілген. “Тоғысу” деп аталған бөлімде көрермен әлемдік фильмдерді тамашаласа, “Атамекен” бөлімі түркі халықтарының фильмдеріне арналған. Ал отандық фильмдер “Біз осында тұрамыз” деген бөлімде байқауға қатысты. Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан кинематографистер одағы ұйымдастырған кинофестивальге барлығы 300 өтініш келіп түскен. Фестиваль күндері Алматыдағы Kinopark 11 (Esentai Mall) және Kinoplexx Sary Arka кинотеатрларында картиналар тегін көрсетілді.