Тарихи сананың жаңғыруы

0

Өткенге үңілсек, тарихты жасайтын да, жазатын да бірегей тұлғалар болғанын байқаймыз. Олар – әйгілі Білге қаған, Тұран әміршісі Темір мен оның ұрпағы Бабыр, Мұстафа Кемал Ататүрік пен Уинстон Черчилль секілді адамзат тарихында елеулі із қалдырған біртуар қайраткерлер. Саусақпен санарлықтай бұл тізімге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты да қосуға болады.

«Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламалық мақаланы оқыған соң қаймана қазақтың ғана емес, Ұлы даланы мекендеген түгел түркі жұрттарының тарихын түгендеген кемеңгердің кестелі сөзін оқып, ұлан-ға­йыр дала тарихының ұзын-ыр­ғасын, кесек келбетін айпарадай танығандай боласың. Бұл мақала еліміздің рухани қа­зынасын еселеп, тамырлы тарихымызды түгендеуге толайым табыс әкелген «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» сияқты іргелі мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасының ұлт ұясы Ұлытауда берген сұхбаты, Қазақ хандығының 550 жылдығында сөйлеген сөз­дерінің тұжырымы, мазмұндық жал­ғасы, сараланған түйіні, соны­мен бірге кешенді жоспар­ларды жүзеге асырудың жолы, тарихты, мұраны, өнерді зерт­теудің, ұрпаққа кәдеге жарату­дың  ілкімді тәсілі, амалы. 

Әйгілі тарихшы Рене Грус­се 1938 жылы жарыққа шық­қан «Ұлы дала империялары» деген еңбегінде Ұлы дала ұғы­мын әлемдік тарихнамаға алғаш ен­гізсе, Елбасы өзінің әр кезеңдегі ұлағатты сөздерінде Ұлы да­ланың халқымыздың рәміздік киелі нысаны болғанын әйгілеп ке­леді. Сондықтан Ұлы дала ұғымы бүгінде Қазақ­станның ұлттық кодына айналып үлгерді.

Мақалада Мемлекет бас­шы­сы Ұлы даланың қастерлі қа­сиет­­теріне, сан түрлі қырына ай­рықша тоқталыпты. Шынтуай­тында, Ұлы дала – кеңістіктің атауы, оның ауқымы өте кең. Ал­тайды кіндік жұрт санайтын алтай тілі тобына жататын ұлыстардан бастап, Байкал­дан Балқанға, Мажардан Моңғо­лия­ға дейінгі алып аумақты жай­лаған халықтардың бәрінің дер­лік түп-тамыры, генезисі Ұлы да­ладан бастау алып жатыр. 

Сонымен қатар Ұлы дала – өр­кениеттің атауы! Ал өрке­ниет­тің қатпары мен қыры, қасиеті мен қазынасы көп болары анық. Ендеше, Елбасы мақа­лада қазақ халқы қастерлі санай­тын «жеті» санын ырымдап, символикалық мағынада қол­данғандай әсер қалдырды. Көкті – жеті қат аспан­ға, текті – жеті атаға, байлығы мен мұрасын – жеті қазынаға, жа­һан­ды жеті жұртқа теңейтін баба­лары­мыздан жеткен жеті саны мақа­лада Ұлы даланың жетістік­тері мен адамзат тарихына қосқан сүбелі үлесін әдемі жүйелеп тұр.   

Елбасы мақаласында ай­тылғандай, «бүгінгі қазақ­тардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы сая­си және экономикалық тарих­тың беталысын талай рет түбе­гейлі өзгерткен». Қыран ұшса қа­наты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шексіз кеңістікте ғұмыр кешкен баһадүр бабалар тоқпақ жалды тарпаңды ерттеп мініп, арғымақтың тұяғы жеткен жерге иелік еткен, адамзат тарихында ірі бетбұрыстар жа­сап, Ұлы дала өркениетін қалып­тастырған. «Уақыт пен кеңіс­тіктің көкжиегі тоғысқан жерде» пайда болып, дәуір дауылдарына шыдас берген алып емендей тамырын тереңге тартқан, ежелгі Мысыр, Қытай, Иран, Үндістан, Рим секілді іргелі елдермен қарым-қатынас орнатып, оларға балама өркениет құрған Түркі әлемі Шығыс пен Батыстың, түстік пен теріскейдің арасын жалғаған Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік сауданың күретамырына, дүниежүзілік дипломатияның дәнекеріне айналған. Сондықтан ғалымдар көне көшпелілерді «жаулаушы ғана емес, өркениетті жасаушы һәм оны жалғаушы ұлт» ретінде бағалауда.

Тарихқа еуроцентристік көз­қараспен қарайтындар «көш­пелілер бей-берекет көшіп-қонып жүрген, оларда өндіріс орындары болмаған» деген жаңсақ ұғым қалыптастыр­ған. Шынтуайтында, мақала­да айтылғандай «біздің жері­міз материалдық мәдениет­тің көптеген дүниелерінің пайда болған орны». Түркі өрке­ниетінің алтын бесігі Алтайда темір қорыту бағзыдан бері бар екенін беріде жүргізілген архео­логиялық қазба жұмыс­тары да айқындап отыр. Түркілер арасында қара темірді қамырша илеп, болат балқытқан ұстаны киелі санау культі осылайша қалып­тасқан. Ұлы даланың құді­ретті әміршілері Тэмужин – Темір­ші, Темірлан аталуы да осы киенің сарқыты деу­ге бо­лады. Сондықтан жа­ңа ға­сырда домна пеште болат бал­­қытып, құрыштай шың­­дал­­ған Елбасының металл өн­діруді түркілердің ата кәсі­бі ретін­де қарауы – дәстүр сабақ­тас­тығының жаңғыруы!

Елбасы Ұлы даланы түркі әлемінің киелі бесігі деуі – заң­дылық. Расында, тақтары тұр­мақ, аттары да алтынмен ап­талған қаһарлы қағандар мекені болып саналатын Берел­ден бастау алатын асқақ Алтай – күллі түркінің бағзы замандарда кіндік байлаған кен ордасы. Батыстағы Сарайшық пен Сығанақтың арасы, күңіренген қобызымен тіршілік атаулыны ұйытқан қасиетті Қорқыттың қонысы – бүгінде Түркия, Әзербайжан, Түрікменстанда мем­лекет құрған оғыздар әуле­тінің берекелі бесігі. Оңтүс­тіктегі әзірет қонған әз қа­ла – Түркістанға ислам дінін қабыл­даған күллі түркі жұртшылығы тағзым етеді. Ертегіден бас­талып, Едігемен жалғасатын Ұлытау жері – кезінде Дешті Қыпшақ аталған Ұлы дала­ның алтын ордасы. Осы төрт қақпаның тура төрінде, Сары­арқаның белінде самұрығы самғаған, мәңгілік мұраты ай­қын­далған Астана төрт құбы­ласы тең қазақ елінің ғана емес, түгел түркінің тегеурінді байтағына баланып отыр. Осының бәрі шабыты шалқар Мағжан ақынның: «Көп түрік енші алып тарасқанда, қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?» – деген сөздерінің шындыққа айналғанын айғақтайды. 

Айшықты Астана бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген өрендердің басын қосып, бағын ашқан Бақордасына, жастардың қаласына айналып отырғаны ақиқат. Қазіргі елорда тұрғындары мен бүкіл Қазақ­стан халқы  –  жасы да, жасамысы да сәулет келбеті келіскен бас қаланы сөзсіз мақтаныш тұтады. Дегенмен Астана әлі жас қала болғандықтан, оның көркіне көрік қосатын ғажап ғи­ма­рат­тармен қатар, жас ұр­­пақ­тың рухын көтеретін, пат­риоттық сезімін өсіретін, рухы­на рух қосатын нысан­­дар әлі де қажет-ақ. Осы орайда, Ел­басы мақаласында: «…біз бі­ріншіден, атақты тарихи тұл­­ғаларымыз бен ола­р­дың же­тіс­тіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мү­сін­дер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық сая­бағын ашуымыз керек» деп, өте өзекті мәселені алға тарт­ты. Аталған саябақ Тұран­ның тұ­ғырлы тұлғаларын келешек ұрпаққа таныстыру, сол арқылы олардың бойында әлемдік өркениетке орасан зор үлес қосқан, тарихты жасаған ұлы­лармен сабақтастық бар екен­дігін ұғындыру тұрғысынан баға жетпес тәрбие құралына айналады деп пайымдаймыз. Өйткені біздің жастарымызға, келер ұрпаққа шамшырақ болатын, пір тұтатын брендтік тұлғалар керек. Бұл бір жағы байтағымызды түгел түркі ту көтеріп, тәу ететін киелі орынға, рухты мекенге айналдырады.

Ата тарих, баһадүр баба, шежірелі эпос, қасиетті жерлер – ұрпаққа ұдайы күш беретін энергияның қуатты көзі. Мұны миф дейміз, кие дейміз, дәстүр сабақтастығы дейміз.  Ұрпақ санасына «Ашина», «Ергенеқон», «Алып Ер Тоңға», «Қорқыт» секілді аңыздар таралып, бүгінгі ұрпақпен үйлесімді үндесіп, түркі тарихын  дүр сілкінтіп тұр. Мәселен, Қорқыт қаншама алыс жұрттарды аралап кеткен қадым заманның қария кейіпкері. Бірақ оның ардақты аты аталғанда Алтайдан Анадолыға дейінгі жайылған түркі жұртының жүре­гі дір етіп, бір сәтте басы бірігіп, бауыр болатыны анық. Сон­дықтан Елбасының Ұлы дала фольклорына назар аударуы көп түйткілдің күр­меуін шешуге бағдар бола алады.  Расында Ұлы даланың қаһар­ман­дық тарихы эпикалық сананы, ғажайып дастандарды тудырды. Күңіреніп күн түбіне жортқан Күлтегінге ұран болған киелі көкжал бөрі бертінгі Сүйінбай жырында бөрілі байрақ болып көтеріледі, Шалкиіз жырау мен Мөңке биде көкжалдарды бастайтын абадан тұлғасында сомдалады. Осылайша қасиетті ұғымдар алыс ғасырлардан жетсе де, бір-бірінен  шалғай өңірлерде жыр­ланса да үндес, сарындас. Міне, осы түркі кодындағы сабақ­тастықтың сырын сақтаған алып кеңістік – Ұлы дала, ал уа­қыт ата-бабадан жалғасқан ұрпақ­тардың өмірі деуге де болады. 

Елбасы Ұлы дала елінің этногенезіне мән беруі тегін емес. Бұл киелі ел шежіресі мен жер шежіресінің тоғысар түйіні. Антрополог, академик Оразақ Смағұлов  ұзақ жылғы зерттеулері арқылы Ұлы далада қазақ елінің табаны таймай төрт мың жылдық генетикалық өмір-тіршілігі жалғасқан деп қорытынды жасайды. Қазақ шежіресінде, әпсана-дастанында даланың мыңжылдық рухани тарихы қамтылғаны соның айғағы.

Ұлттық сана тарихи сана арқылы қалыптасады десек, ХХІ ғасырда кескін-келбетіміз­ді сақтап, ұлттық код, ұлттық мә­де­ниет, тарихи жадыны жаң­ғырту – еліміздің рухани өміріндегі тың белес. Ен­деше бұл бағдарламалық мақа­ла тарихшылар үшін жаңа мүм­кіндіктер мен ізденістерге ауқымды жол ашып отыр.  Ендігі жерде біздің алдымызда тұрған маңызды мін­дет – мақалада айтылған ба­ғыт-бағдарлар мен ұтымды ұсыныстарды, кешенді жобаларды жайдақ жиындарға айналдырмай, жүйесін тапқан мазмұнды жұмыс жүргізу бол­мақ. Тағы бір ескеретін жайт, алда атқаратын ауқымды жұ­мыс­тардың барысында жалаң ұраншылдыққа ұрынбаудың, оны түрлі тайпалардың шежі­ресін тарқатушылар мен ұлы тұлғалардың бәрін «қазақ­тан шыққан» деп қисынсызды қиыс­тыратындардың спекуля­тивтік науқанына айналдыр­маудың да маңызы зор. 

Оның үстіне, ауқымы кең болғандықтан, бұл жұмыстарға Ұлы дала ұғымындағы алып аумақты алып жатқан тамырлас, туысқан елдердің де ғ­алымдарын, ғылыми-сарап­шылық әлеуетін тартқан жөн. Мұның «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының заңды жал­ғасы бола тұра, одан негізгі айырмасы һәм ерекшелігі де осы болуы тиіс. Әсіресе «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заман­ға дейін» атты жобаны жүзеге асыру және Астанада 2019 жылы Түркологтардың дүние­жүзілік конгресін өткізу ісі – Қазақстанның әлемдік түрко­логияның орталығына айналуына мүмкіндік береді. Осы орайда Елбасының тікелей бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқаруға әзір екендігін атап өткім келеді.

Ұлы даланың тарихы сөз болғанда айтпай қалмауға болмайтын келелі жайттың бірі – келер жылы 750 жыл толатын ұлы Талас құрылтайы. Талай мемлекеттер ту көтерген киелі Талас жерінде 1269 жылы Қайду ханның шақыруымен құрыл­­тай өтіп, Ұлы далада Жошы Ұлы­сы (Алтын Орда), Моғол­стан және Шағатай Ұлысы бой көтерген еді. Сондықтан келесі жылы Арқа төсіндегі Алтын Орда мен Жетісу жеріндегі Моғолстанның құрылуының да 750 жылдығы! Бұл ұлыстардың қазіргі Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің де бастауы екенін ескерсек, атал­ған құрылтайды жоғары дең­гей­де атап өту – қазіргі Орта­­лық Азия мемлекеттерінің ын­тымақтастығына да зор серпін берері анық.   

Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту салтанатында: «…біз­дің қасиетті жерімізді ықы­лым замандардан Ұлы дала деп, ал бабаларымызды Ұлы даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жал­­ғасымыз, Ұлы даланың мұра­гер­леріміз! Осынау кең-бай­тақ Ұлы даланың көгінде хал­қы­мыздың бақ жұлдызы болып жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы дала!» деп айтқан еді. Осы сөздердің жалғасы іспет­ті болған бағдарламалық мақа­ласы арқылы Елбасы Ұлы да­ла­ның ұлағаттарын тағы бір айқындап берді.

Байқал мен Балқанның, Алтай мен Анадолының, Моң­ғолия мен Мажарстанның ара­­сын­дағы Ұлы далада ба­йыр­ғы бабалардың өнегелі ізі мен өміршең сөзі сайрап жатыр. Оның үстіне әлем бізді түркі жұртының алтын бесік – қара шаңырағы, Қазақ­стан Президентін де түркі жұртының көшбасшысы деп танитыны белгілі. Сондық­тан «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы болашақта ұлттық коды мен түпкі тарихы бір, тағдыры мен тамыры ұқсас, мақсаты мен мүддесі бір бауырлас халықтар арасын жақындастыратын, ағайын арасына алтын арқау болатын іргелі жобаға айналады деп сенеміз. Алаштың ақ парағына жазылған Елбасы мақаласы түркі жұртының рухани ұстыны, адастырмас темір­қазығы, Ұлы Даланың Ренес­сансы болары анық!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ