Шымкенттің жаңа әкімі Тоқаевтан қандай тапсырма алғанын айтты

0

Ерлан Айтаханов Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына президенттің өзі айрықша назар аударып отырғанын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 1 тамыз – Sputnik. Шымкент қаласының жаңа әкімі Ерлан Айтаханов алғашқы жұмыс сапарын қаланың шетінде орналасқан шағын аудандардың тұрғындарымен кездесуден бастады, деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Әкім Қаратау ауданының Исфиджаб тұрғын алабына арнайы келіп, ауыз су және электр қуатымен қамту мәселесін тұрғындармен бірге талқылады. Қала басшысы ауыз су мәселесін жүйелі түрде шешу бойынша сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

«Е.Айтаханов сапар барысында Сайрам тұрғын алабына барып, ондағы инфрақұрылым жүйесімен танысты. Бұдан бөлек, қала әкімі жергілікті халықпен кездесіп, екі сағаттан астам уақыт тұрғындармен өзекті мәселелерді талқылады», — деп жазылған хабарламада.

Тұрғындарды толғандырып отырған басты мәселе ауыз су мен сапалы электр энергиясы болып отыр.

Кездесу барысында қала басшысы негізгі жұмыс халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын айтып, көтерілген мәселелерді рет-ретімен шешу міндеті тұрғанын жеткізді.

Тағы оқыңыз: Көшербаев Әбдірахымовтың қызметінен не үшін алынғанын айтты

«Өздеріңізге мәлім, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айрықша назар аударып отыр. Халықтың тұрмысын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді. Менің басты мақсатым –шалғайда орналасқан елді мекендердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасау», — деді Е.Айтаханов.

Яғни, қала басшысы Шымкентті мегаполис мәртебесіне лайықты ету үшін шалғайдағы шағын аудандардың инфрақұрылымын дамытуды бірінші орынға қойып отыр. Осылайша ол халық пен билік арасын жақындату ниетін жеткізді.



sputniknews.kz