Президент Жээнбеков Атамбаев ісі туралы алғаш рет пікір білдірді

0

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев ісі туралы пікір білдірді. Шу облысында 31 шілдеде өткен тұрғындармен кездесу кезінде журналистер сұрағына жауап берген президент «Атамбаевтың ісі заң аясында шешілуі керек. Барлық адам заңға бағынуы тиіс» деді.

«Қырғызстандықтардың Атамбаев ісіне қатысты мені не дер екен деп отырғанын білемін. Атамбаевқа қатысты болып жатқан оқиға, оның тергеуге шақырылуы – заңды құбылыс. Құқықтық мемлекетте заң аясында ғана әрекет ету керек. Адам кім болса да, бұрынғы президент пе, шенеунік пе, әскери не қарапайым қызметкер ме – заң алдында бәріміз теңбіз, бәріміз заңға бағынуымыз керек. Сонда ғана ел дамиды. Атамбаевтың ісі де Қырғызстан заңнамасының аясында шешілуі керек» деді Жээнбеков.

Бұл – Жээнбековтің Атамбаев ісіне қатысты алғаш рет пікір білдіруі.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі бұрынғы президентті үш рет тергеуге шақырғанымен, Атамбаев ешбіріне бармаған. Оның заңды өкілі Сергей Слесаревтің сөзінше, 2003 жылғы президент қызметі туралы заңға сәйкес, Атамбаевтың тиіспеушілік мәртебесі бар. «Сондықтан полицияның тергеу кел деп жіберген шақыртуларының заңды күші жоқ» дейді Атамбаевтың адвокаты.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен қозғалған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Azattyq