Қырғызстанда жемқорлықпен айыпталған бұрынғы шенеунік 14 жылға сотталды

0

Бішкек соты 30 шілдеде «жемқорлық» бабы бойынша айыпталған Қырғызстанның көлік және жолдар министрінің бұрынғы орынбасары Азимкан Жусубалиевті 14 жылға соттады. Прокуратура соттан шенеунікті 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Тергеу орындарының дерегінше, айыпталушы «50 мың АҚШ доллар көлемінде пара алу кезінде» ұсталған. Тендер комиссиясын басқарған Азимкан Жусубалиев жол салу бойынша тендерде пара берушінің мүддесіне қарай «оң шешім шығаруы» тиіс болған. Оның бұған дейін 120 мың доллар көлемінде пара алғаны айтылады.

Қорғау тарабы сотта тағылған айыптармен келіспеді. Жусубалиевтің адвокаты оны ақтауды сұраған. Енді апелляциялық шағым түсірмекші.

«Пара беруде делдал болған» екінші айыпталушы Болот Токтобаев алты жылға сотталды. «Пара берді» деп айыпталған Бехруз Гулрузовқа екі миллион сом (29 мың долларға жуық) айыппұл салынып, сот залынан босатылды.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Азимкан Жусубалиевті 2019 жылдың 6 желтоқсанында қамауға алған. Бұдан кейін Қырғызстанның көлік және жолдар министрі Жамшитбек Калилов қызметінен кеткен.

Azattyq