Көшербаев: Ғабидолла Әбдірахымов сенімді ақтай алмады — Қазақстан жаңалықтары

0

Президенті әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев Шымкенттің экс-әкімі  Ғабидолла Әбдірахымовтың отставкасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ғабидолла

Оның айтуынша, Әбдірахымов халық алдындағы жауапкершілігін толық ұғынған жоқ. 

«Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазіргі басты міндет – халықтың сенімі, халық пен билік арасында диалог орнату. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ғабидолла Әбдірахымов ел билігінен қолдау тауып, таудай сенім арқалады. Оны еліміздегі ең лауазымды әрі жауапты қызметтерге тағайындады. Өкінішке қарай, мұны өзі жеткілікті түрде ұғынған жоқ», — деді Көшербаев Шымкент қалалық мәслихатының сессиясында. 

Президент әкімшілігінің жетекшісі экс-әкімнің ұнамсыз қылықтарын атап өтті.

«Оның қылықтары БАҚ пен әлеуметтік желілерде егжей-тегжейлі жарияланып жүрді. Мұның бәрі дәл қазіргі уақытта – халық мемлекет қолдауына мұқтаж болып отырғанда, Арыс енді ғана еңсесін тіктеп, Түркістан жаңарып, еліміз жаңа заманның сын-қатеріне жауап іздеп жатқанда болды.

Бұл — мемлекет басшысының тапсырмаларына кереғар, биліктің абыройын түсіретін жағдай. Бүгінде Ғабидолла Әбдірахымовқа артылған саяси сенім шегіне жетті. Халық биліктің барлық тармағының адал жұмысына лайық. Осыған байланысты өңір басшылары халыққа қалтқысыз қызмет етіп, өздерін келісті ұстауы керек», — деп түйіндеді сөзін Қырымбек Көшербаев. 

Еске сала кетсек, бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласының әкімі лауазымынан босатылды. Оның орнына осы күнге дейін Отырар ауданын басқарып келген Ерлан Айтаханов тағайындалды.

stan.kz