Мәскеудегі митингіден соң бірнеше адам қамалды. Кейбірі айыппұлға кесілді
Мәскеудегі Щербин аудандық соты муниципалдық депутат Илья Яшинді 10 тәулікке қамады. «Медиазона» басылымының хабарлауынша, сот оны митинг өткізу ережесін бұзды деп таныған. Илья Яшин — биыл 8 қыркүйекте өтетін Мәскеу қалалық дума сайлауына тіркеле алмаған тәуелсіз кандидаттың бірі.
Тап сол сот Валерий Родинді қалалық дума сайлауына тіркеле алмаған үміткерлерді қолдау акциясына қатысқаны үшін 12 тәулікке қамады.
Бұған дейін Троицк соты Иван Гаращукке 15 мың рубль (236 доллар) айыппұлға кескен. Сот оны «өмірге қажетті нысандар жұмысына кедергі келтірді» деп таныған. Гаращук бұл бап бойынша 15 тәулік қамалуы мүмкін еді.
Нагатин соты Матвей Соколовский мен оның әкесін 10 мың рубль (157 доллар) айыппұлға кескен.
29 шілдеде Мәскеудегі аудандық соттар сенбі күні өткен митингі кезінде ұсталғандардың ісін қарай бастаған. Олардың кейбірін полиция шақырғанда келуге міндеттеп босатқан.
27 шілдеде Мәскеуде қалалық дума сайлауына қатысқысы келген тәуелсіз кандидаттарды қолдау акциясы өтті. Ресей ішкі істер министрлігінің дерегінше, оған 3 500 адам қатысқан. Ал «ОВД-Инфо» құқық қорғау порталының хабарлауынша, шеруге одан да көп адам қатысқан, 1 373 адам ұсталған, олардың 43-і — кәмелеткен толмағандар. ІІМ 1074 адамның ұсталғанын айтты. Акцияны тарату кезінде полиция шерушілерді аямай ұрып-соғып, резеңке таяқ қолданған. Жетпістен аса адам жарақаттанған.
Еуропа одағы мен Amnesty International құқық қорғау ұйымы наразыларды күшпен ұстаған Мәскеуді сынап, күштік құрылым әрекетін тергеуді талап еткен.