Судья Біләштің ісін Алматы сотының қарауына берді
Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 Алматы аудандық сотының судьясы Нұржан Мелдебаев Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі этникалық қазақтардыың құқығын қорғаушы ретінде танымал белсенді Серікжан Біләштің (құжат бойынша – Бияш) ісін Алматы қаласындағы сот қарауына беруді сұраған адвокаттың өтінішін қанағаттандырды.
Бұл өтінішті төрт айдан астам уақыттан бері Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің адвокаты Айман Омарова 29 шілде күні таңертең сағат 11-де басталған алдын ала сот тыңдауында берген. Ол «араздық қоздыру» бабы бойынша айып тағылған Біләшті қудалауды доғаруды, оны үйқамақтан босатып, ісін Алматыдағы соттың қарауына беруді сұраған еді.
Істі Алматы сотының қарауына беруге қарсы болмаған прокурор оны Әуезов аудандық сотына беруді ұсынды. Бірақ істі доғаруға ерте деп айтты. Тараптарды тыңдап болған соң сағат 13:00-ке дейін кеңесу бөлмесіне кететінін жариялаған судья Мелдебаев айтқан уақытынан ерте келіп, шешімін жария етті.
Біләш үзіліс кезінде Қытайдың аймақтағы жүргізіп отырған «экспансиялық» саясатын сынап сөйледі. Бұғақ қоса ол сотқа келген шетелдік БАҚ журналистеріне ағылшын тілінде сұхбат берді.
Азаттық тілшісінің сұрағына жауабында Біләш күш құрылымдары оған қысым жасағаны туралы наурызда тараған аудиотаспаны өзі жазғанын растады. Біләштің сөзінше, оны Алматыдағы қонақ үйде ұстаған белгісіз адамдар өздерін «Ұлттық қауіпсіздік комитетінен жоғары тұрған орган өкілдеріміз» деп таныстырған. Ол әлгі адамдар өзін адвокат Айман Омарованың қызметінен бас тартуға үгіттеп, елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының негізін қалаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы банкир әрі Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязовқа қарсы видео-мәлімдеме жасауын талап еткенін мәлімдеді.