еңбек министрлігі 100 мамандықты атады
Қысқа сілтеме алу
Еңбек вице-министрі қазір Қазақстанға қандай мамандар қажет екенін айтып берді
НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, жоғары сұраныстағы 100 мамандықтың тізімі жасалған. Соның ішінде 35 мамандықты студенттер жоғары оқу орындарында игерсе, 65 мамандық бойынша техникалық білім алуға болады. Бұлардың басым бөлігі — ақпараттық технологиялар саласындағы техникалық мамандықтар.
«Атап айтқанда, 3D модельдеу инженерлері, IT мамандар, сәулетшілер мен дизайнерлер, туризм саласындағы мамандар бар. Нақты ғылымдарды оқытатын педагогтар қажет. Ал жұмысшы мамандықтарына келетін болсақ, өнеркәсіп саласында электр және газбен дәнекерлеуші сияқты мамандарға сұраныс бар», — деді Жылқыбаев үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.
Тағы оқыңыз: Теңізде еңбек етіп жүрген қазақстандық жұмысшылардың қанша алатыны белгілі болды
Вице-министр атап өткендей, қазір жұмыс орындарының басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар аясында ашылады. Ал жұмыссыздықты біртіндеп азайту үшін жыл сайын мыңдаған жұмыс орнын ашу қажет.
«Бүгінде еңбек нарығында шамамен 8 миллион 700 мың адам жұмыс істейді. Жұмыссыздықты 4,9 процент деңгейінде ұстауымыз қажет. Сосын осы көрсеткішті жыл сайын 0,1 процентке азайту міндеті қойылып отыр. Мұны іске асыру үшін жылда 370 мың жаңа жұмыс орнын ашуымыз керек», — дейді Жылқыбаев.
sputniknews.kz