Тараздықтар халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алды
Қала орталығындағы «Желтоқсан» скверінің маңындағы Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюсті маңына Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері және батырдың туыстары жиналып, еске алу шарасын өткізді. Жиында департамент бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев сөз алып, ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын, сын сағатта қаза тапқан азаматтардың есімі әрдайым халық жадында екенін айтты. «Біз тәуелсіз Отанымызға адал қызмет еткен ержүрек жігіттерімізді жоғалттық. Лаңкес қолынан қаза тапқан жамбылдық полицейлер Ғазиз Байтасов, Полат Аянқұлов, Жақсыбек Байсейітов қиын сәтте халық мүддесін бәрінен жоғары қоятын нағыз батыл, отансүйгіш азаматтар еді. Олардың ерлігі – Отан алдындағы қызмет етудің нағыз үлгісі», деді ол.
Сонымен қатар Халық Қаһарманын еске алу шарасында облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың жасөспірімдерден құралған «Полиция академиясының» мүшелері ант қабылдады. Өз кезегінде полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың жары Гүлмира Тәжиева «Әрдайым Ғазизды елі ұмытпай еске алып, ерлігіне тағзым етуде. Ұлдары өсіп келе жатыр. Үлкен ұлы әке жолын жалғастырып, жоғары оқу орнында заң факультетінде оқып жүр. Болашағымыз қашанда жарқын болсын», дей келе батыр ұлдың рухына тағзым еткен көпшілікке алғысын білдірді.
Қапияда қаза тапқан бейбіт күннің батырлары рухына арнап Арман Оразалиев бастаған жамбылдық полицейлер Ғазиз Байтасовтың бюстіне гүл шоқтарын қойды. Ерлік елдікпен бірге мәңгі жасай беретінін еске салды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы