Журналистика саласындағы «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары анықталды

0

Марапаттау рәсімін ресми түрде ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары Лео­нид Про­ко­пенко байқаудың дәстүрлі түр­де Тұң­ғыш Пре­зидент күніне орай ұйым­дас­ты­ры­лып жат­қа­нын айта келе, байқауға қатыс­қан жур­налистерге алғысын білдірді. 

Қазылар алқасының төрағасы Парла­мент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов журналистерді марапаттау барысында: «Біздің халқымыздың бірлігі – басты байлығымыз. Біз­дің басты қазынамыз – жер­дің астында да, үстінде де емес, адам­дардың жүрегінде. Нұрсұлтан Назарбаев көптеген ғасыр­­ бойы кемшілік деп санал­ған нәр­сені, яғни елдің көп ұлт­тылығын елдің артық­шылы­ғына айналдыра білді», деді.

Байқаудағы «Қоғамдық келі­сім мен жалпыхалықтық бір­ліктің қазақстандық моделіне арналған үздік материал» аталымы бойынша бірінші орынға «Казахстанская правда» газетінің Павлодар облысындағы тілшісі Екатерина Бескорсая ие болды. «Ассамблея қызметінің жаңа бағыттары мен жобалары туралы үздік материал» аталымы бойынша «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Талды­қор­ғандағы тілшісі Қуаныш Серікқанов бірінші орын алса, «Өскелең ұрпақты қазақстан­дық патриотизм рухында тәрбие­леуге арналған үздік материал» аталымы бойынша «Достық аймағы» журналының бас редакторы Дмитрий Пол­таренко бірінші дәрежелі диплом­мен марапатталды. «Түркістан» халықаралық газетінің тілшісі Динара Желдібаева «Мем­лекет­тік тілді насихаттауға арнал­ған үздік материал» аталымы бо­йынша бірінші орын­ға ие болды. «Әлеуметтік желілер­дегі қоғамдық келісім мен жалпы­халықтық бірлік тақырыбына арналған үздік материал» ата­лымы бойынша бірінші орын­ға «Давайте говорить» бағдар­ламасының жүргізушісі Айгүл Мүкей лайық деп танылды. 

Сондай-ақ «Астана – бей­біт­шілік пен келісімнің 20 жылы» деген тақырыптағы үздік мате­риалға тағайындалған арнайы жүлдені «Qazaqstan» ұлттық теле­арна­сының журналисі Оң­ғар Тоқанов иелен­ді. Әлеумет­тік желілерде «Тәуелсіз Қазақ­стан­ның дамуына қосқан менің үле­сім» тақы­рыбы бойынша байқауға қатысып, ең үздік пост жазған белсенді пайдаланушылар бағалы сыйлықтар және дип­ломдармен марапатталды. 

Ағымдағы жылдың маусымында «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасы аясында ҚХА «Қазақтану» мәдени-ағар­тушы­лық жобасын жүзеге асырды. Осы орайда мемлекеттік тіл­дің қолданылу аясын кеңейту және «Қазақтану» жобасына ақпараттық қолдау білдір­гені үшін ҚХА тағайында­ған гран-при жүлдесі филоло­гия ғы­лым­­дары­ның кандидаты Камал Әл­пейісоваға табысталды.

Айта кету керек, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы медиация институттарын дамытуға көмектесу мақсатында Қоғамдық ме­диатор­лар арасындағы ұйымд­ас­ты­рылған байқаудың жеңімпаздары анықталды. Батысқазақстандық Құрман Бисеғалиев «Ең үздік медиатор», Павлодар облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ орталығының меңгерушісі Ольга Николашина жетекшілік ететін кабинет «Ең үздік медиация кабинеті» деп танылды. 

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР