АҚШ Қазақстан экономикасына 5,3 миллиард доллар салды
Америкалық инвестициялардың Қазақстан экономикасына ағымы 44,7%-ға артты
НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде — Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозермен кездесті, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің ресми сайты.
Кездесу барысында инвестициялық салада, мұнай саласында, агроөнеркәсіптік сектордағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
«Құрама Штаттар Қазақстанның басты серіктестері мен инвесторларының бірі болып қала бермек», — деген Қазақстан премьер-министрі өзара тиімді іс-қимыл көкжиегін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Депутат Өксікбаев Қазақстанды қарызға батырғандарға ашуланды
2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 37,3%-ға 2,2 миллиард долларға дейін өсті. Америкалық инвестициялардың Қазақстан экономикасына ағымы 44,7%-ға артып, 5,3 миллиард долларға жетіп, жаңа абсолютті рекорд орнатты.
«Инвестициялар тартып, стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвесторларға аса қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады— деді А. Мамин.
Оның айтуынша, жаңа тәсілдер америкалық серіктестер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасайды.
Перспективалы экспортқа бағдарланған салаларда инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін тиімді шешу үшін тікелей шетелдік инвестициялар бойынша Үйлестіру кеңесі және Тікелей шетелдік инвестициялар қоры құрылды.
У. Мозер инвестициялық ахуалды жақсарту тәсілдерін жоғары бағалап, америкалық тараптың ынтымақтастықты қолданыстағы форматта жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
sputniknews.kz