Тағы бір қорықшы браконьерлер қолынан қаза тапты

0

23 шілдеде «Охотзоопром» инспекторы 43 жастағы Қаныш Нұртазинов браконьерлер қолынан қаза тапты. Тағы бір қорықшы Самат Оспановқа Джерзинск қаласындағы ауруханада операция жасалды. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев хабарлады.

Министрліктің дерегінше, 23 шілдеде шамамен түскі 11-де қорықшылар Ақмола облысы Жарқайың ауданы аумағында киіктерді атып жүрген браконьерлерді байқап қалған. Кейін «Нива» көлігінде отырғандар қорықшыларға оқ атқан. Қазір Жарқайың аудандық полициясы күдіктілерді іздеп жатыр.

Қаза тапқан Қаныш Нұртазинов Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Қоскөл ауылында тұрған. Артында әйелі мен төрт баласы қалды.

Биыл 13 қаңтарда қорықшы Ерлан Нұрғалиев браконьерлер қолынан мерт болған. Toyota Land Cruiser көлігіндегі браконьерлер екі қорықшы Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиевке қарсылық танытып, шабуылдаған. Ауылшаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, көліктен түскен «шымыр денелі қарулы» адамдар инспекторларды ұрып, із жасырған. Ауыр жараланған екі инспекторды кейін өзге әріптестері тауып алған. Ерлан Нұрғалиевті 14 қаңтарда туыстары Астанадағы №1 қалалық емханаға жеткізген. Бір тәуліктен артық ес-түссіз жатқан Нұрғалиев 15 қаңтарда қайтыс болған.

Оқи отырыңыз: «Жазадан құтылғандар бізге күліп кетеді»

21 қаңтарда ішкі істер министрлігі қорықшы өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген үш адамның Қызылордада ұсталғанын хабарлаған. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Azattyq