Жүргізушілер неге өзге елдің нөмірін Қазақстанда тіркегісі келмейтінін айтты

0

НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде – Sputnik, Арман Асқар. Бүгінде Қазақстанда көрші елдердің мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген көліктер көп. Ресей, Армения мен Қырғызстанның жалауы бар автокөліктер жол жүру ережесін жиі бұзады. Ал бейнебақылау жүйесі оларға айыппұл жаза алмайды. Себебі базада тіркелмеген. Sputnik Қазақстан тілшісі осы санаттағы көлік жүргізушілерімен әңгімелесіп, олардың өз көліктерін Қазақстанда тіркемеуінің негізгі себебін біліп қайтты.

Ресейлік нөмірмен қымбат неміс көлігін мініп жүрген Дана Қарсақбаева – Ресейдің Челябі облысының тумасы. Алты жыл бойы Қазақстанда тұрса да,  жеке көлігі Ресейде тіркелген.

«Мен – Ресей Федерациясының азаматымын. Сол себепті көлік Челябі облысында тіркелген. Ал Қазақстан азаматтығы болмағаннан кейін бұл жерде көлікті менің атыма тіркемейтін сияқты. Сосын үйге жиі барып тұрамын ғой. Мына жаққа қайтып келіп жүрмін. Сөйтіп, екі арада жиі қатынаймын», — деді Қарсақбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Дана көрші елдің нөмірімен жүріп, арасында ережені бұзатынын да жасырмады. Бірақ Қазақстанның әкімшілік полициясы ұсынған онлайн тіркеуді енгізу бастамасын қолдап отыр. Себебі заң барлығына ортақ.

«Мен өзім ережені сақтауға тырысамын. Енді, шыны керек, анда-санда асығып тұрғанда ережені бұзуға тура келеді. «Сергектің» түсіріп тұрғанын да білемін.  Бірақ менде ресейлік нөмір болғаннан кейін айыппұл келмейді. Әрине, онлайн тіркеу керек. Өйткені елорданың өзінде жергілікті нөмірлер «Сергектен» бірден көрінсе, біздің нөмірлерімізді аталған жүйе анықтай алмайды. Ол — әділетсіздік. Сондықтан онлайн тіркеу керек. Әрине, мен сияқты көлік жүргізушілеріне қиындау болады (күлді)», — дейді Қарсақбаева.

Тағы оқыңыз: Армян және қырғыз нөмірлерімен жүрген көліктерді тіркеу жүйесі өзгереді 

Дана бір рет айыппұл төлегенін де жеткізді. Бейнекамералар оның нөмірлерін анықтай алмаса да, жол полициясының қызметкерлері ұстаса, хаттама толтыра алады. Айыппұл жеке сәйкестендіру нөмірі бойынша рәсімделеді. Себебі оған Қазақстанда тұруға рұқсат берілген. 

«Ағамның алдында ұятқа қалмауға тырысамын»

Астаналық Бақытжан Ермеков те ресейлік нөмірі бар автокөлік мініп жүр. Көлік құралы Ресейде тұратын ағасының атына тіркелген. Ол інісіне сенімхат жазып берген. Бақытжанның айтуынша, сенімхатпен жүрген адам айыппұлдан құтыла алмайды.  

«Иә, Ресейде тіркелген көлікпен ережені бұзып, камераға түсе беруге болады. Алайда бір күні сені жол полициясы ұстаса, бұған дейін жиналған айыппұлдарды төлетіп алмай ма? Өйткені сенімхат саған жазылған және рөлде өзің болдың. Мысалы, мен бұған дейін өзім емес, көліктің иесі камераға түсті деп ақталсам да, бәрібір айыппұлды маған салатын сияқты. Сол себепті өз басым ережені бұзбауға тырысамын. Ағамның алдында да ұят», — дейді Ермеков.

Оның сөзіне қарағанда, Ресей, Армения мен Қырғызстанда көлік арзан. Сол себепті қазақстандықтар аталған мемлекеттерге барып, темір тұлпар мініп келеді. Ал өз елімізде жаңа көліктер қымбат. Ескі көліктер де арзан емес. Содан көбісі Еуразиялық одаққа мүше елдерге көлік іздеп барады.

«Мысалы, мына жақта бір миллион теңгеге ескі-құсқы машиналар сатылады. Ал ана жақта сол ақшаға жақсы көлік мініп келуге болады. Мен Армениядан бір автокөлікті алып келгенмін. Сол жерде уақытша тіркеуге тұрып, көлікті өз атыңа аударуға мүмкіндік бар. Армяндар ондай қызметті өздері ұсынады. Олар көлікті сатып алған адамды өз үйіне уақытша тіркеуге қояды да, машинасын сатып жібереді. Сөйтіп, ол елдің нөмірімен жүруге болады. Себебі Армения да, Қазақстан да Еуразиялық одаққа кіреді. Негізі, ережені бұзатын да осы көліктер», — деп атап көрсетті Ермеков.

«Көлікті өз елімде тіркейтін еді, бірақ…»

Астананың тағы бір тұрғыны Қайрат Жұманов көлігін Армениядан алып келген. Ол да мемлекеттік тіркеу нөмірін ауыстырмаған. Көлік жүргізушісі осы шешімнің себебін түсіндіріп берді.

«Иә, мен өзім Арменияда уақытша тіркеуге тұрдым. Ол жақта ақшасын төлесең, сені бір үйге уақытша тіркеп қояды да, машинаны сатып алушының атына аудара салады. Сонда нөмірді де ауыстырудың қажеті жоқ. Ал бәріміз бір одаққа кіргеннен кейін осы көлікпен емін-еркін жүруге болады», — дейді Жұманов.

Оның айтуынша, Арменияда сатып алынған көлікті өз жерімізде тіркеуге болатын еді. Бірақ утилизациялық алым-салық бар. Бұдан бөлек, көліктің экологиялық қауіпсіздігіне қатысты бірқатар талапты сақтау қажет.

«Мен бұл көлікті өз елімде тіркейтін едім. Бірақ анау алым-салықтың бәрін төлесем, көлік қымбатқа түсейін деп тұр. Ал Арменияда «б/у» көліктер арзан. Бізде ол ақшаға жақсы машина келмейді. Содан өзге елдің нөмірлерімен жүруге мәжбүрмін. Біздегі жаңа көліктерді арзандатса, өзімізден алатын едік», — деп атап көрсетті ол.

Өзге елдің көліктерін онлайн тіркеу қалай жүргізіледі?

Бүгінде шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді онлайн режимде уақытша тіркеу бастамасы көтеріліп отыр. Жақында ІІМ әкімшілік полиция комитеті шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді онлайн тіркеудің тәртібін түсіндірген болатын.

Комитет төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда Ресей, Армения мен Қырғызстанның тіркеу нөмірлерімен жүрген автокөліктер көп. Ондай көліктердің нақты саны да белгісіз.

«Өкінішке қарай, біз ол көліктердің иесін және кімнің айдап жүргенін де білмейміз. Ал тіркеу жүйелері жол жүру ережесін бұзу фактісін тіркесе де, көлік иесін анықтай алмайды. Себебі камераға өзге елдің нөмірі түседі. Әкімшілік хаттаманы да толтыра алмаймыз», —  деді Кеңісбаев арнайы баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы осы санаттағы көліктердің иесі 40 мыңнан аса ереже бұзса, биыл алты айдың ішінде аталған көрсеткіш 42 мыңнан асқан.

Осыған байланысты шетелдік нөмірлермен жүрген көліктерді уақытша тіркеуді онлайн режимде енгізу бастамасы көтеріліп отыр.

«Аталған шара тегін жүргізіледі. Ешқандай құжат алудың қажеті жоқ. Біз көліктердің тіркелгенін өзіміздің ақпараттық базамызда көре аламыз. Аталған деректер әрбір полицейдің планшетіне шығарылады. Осылайша, өзге елдің нөмірімен жүрген көліктер тіркеуге алынады. Соның арқасында жол қауіпсіздігін ғана емес, сан алуан қылмыстарды да анықтауға мүмкіндік болады», — деп атап көрсетті Кеңісбаев.

Осы бастаманың аясында кеден қызметі мен ішкі істер органдарының ақпараттық базаларын интеграциялау жоспарланып отыр. Осылайша, полицейлер Қазақстанға кірген көліктерді көріп отырады.



sputniknews.kz