Өлең: Шәкәрім Құдайбердіұлы (Сәлем Әбдіғали бауырым – жалғызға)
Осы әнімді үйрен салғыз да.
Бұл – даусыңа сенің лайық ән,
Толға, бір нүктесін қалғызба!
Мұңлы үнмен басын майдалап,
Ортасын шырқат «айдалап».
Тағы да баяулап, сызылтып сайрат,
Жебей басып, құбылтып, түрлендіріп,
Тынар жерде жайнат.
Болған баяғыдан жолдасым – қарындаш,
Осымен өткен жарым жас.
Бар сұрағанға сәлем айтқайсың.
Емес еш адамға қаным қас.
Аралап байдың баласын,
Сәлемім түгел тарасын.
Жықа апам ауылын ұмытып қалмай,
Мұса, Қыздар, Төкеме түгелдеп айт,
Дәл өз көзім бардай.
Қайғы-қасірет жоқ бұл күнде басымда.
Болмаса да жолдас қасымда.
Мен еш нәрсеге мұқтаж емеспін,
Дайын ішетұғын асым да.
Байқошқар барам, еріксем,
Қорама кетем желіксем.
Ойлансам, толғансам, мекенім сонда,
Өлең жазып ермек қып жалғыз жатам
Неше күндей онда.
Маған осы өмірім көрінер бейістей,
Уайым жоқ сіздің кейістей.
Дәл кесімді ажал келіп жеткенше,
Ойдан сөз теремін жемістей.
Өмірдің сырын білгемін,
Талайдан сынап жүргемін.
Патса бол, бағлан бол, пайда жоқ бақтан,
Әйтеуір бір құлайсың ақырда
Бұл шірік аяқ тақтан!
Жеткіз сәлемімді өзімдей ініме.
Кейімесін мынау күніне.
Шын жаралыстың салған жолы бар,
Болар күні жалғас түніне.
Адамды алдап асығыс,
Ойлатар нәпсі талай іс.
Өткен бақ – өкініш, не пайда онан,
Мың жыл жатса түрмеде, құтылған соң
Не зиян бар сонан.
Міне, бұл өмірдің сыры бар осындай,
Күні түнге тұрмас қосылмай.
Бақ келсе-дағы аспа, бауырым,
Сор келсе, шыда, шошымай.
Қиянат қылма адамға,
Таза еңбек істе заманға.
Осыны үйретіп балаңа бастап,
Қайғы көрмей тыныш өт, ұғып алып,
Өкінішті тастап!