Қазақстан жарты жылда 104 діни әкімшілік іс қозғады
19 шілде күні Forum 18 халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда діни бостандығын пайдаланып, жоралғысын жасаушыларды әкімшілік жазаға тарту шаралары көбейіп бара жатқанын хабарлады.
Ұйымның ақпаратына сәйкес, 2019 жылғы қаңтар мен маусым айларының арасында Қазақстан билігі рұқсат етілмеген құлшылық қылды, тыйым салынған діни әдебиет сатты және мешітте «Әмин» деп дауыстап айтты деген айыппен 104 әкімшілік іс қозғап, 102 адамды сотқа тартқан. Үш істің аясында сот тәркіленген діни әдебиетті жойып жіберу туралы үкім шығарған. Үстінен іс қозғалғандардың ішінде бір діни қауымдастық пен бір компания бар. Жазалау кезінде 92 адам айыпты деп танылып, 86 жеке тұлға мен бір заңды тұлғаға айыппұл салынған.
Ұйым Қазақстанда діни себеппен қозғалған әкімшілік істердің саны артып бара жатқанын айтып, соңғы жарты жылда қозғалған 104 әкімшілік іс пен былтыр жыл бойы қозғалған 169 істі салыстырады.
Forum 18 биыл қазақстандық судьялардың айыппұл салумен ғана тоқтамай діни жоралғыларға уақытша тыйым салу, құлшылық орнын мүлдем жабу мен діни әдебиетті тәркілеп, жойып жіберу сияқты қатаң шаралар қолданғанын жазады. Мұндай жазаға тартылғандардың ішінде мұсылмандар, протестанттар (әсіресе, баптистер) және Иегова куәгерлері бар. Оларға 88 375 теңгеден 505 000 теңгеге дейін түрлі айыппұл салынған.
Қазақстан билігі елде исламның сүннизм бағыты мен христиандықтың православие тармағын «дәстүрлі дін» деп сипаттайды және діни азшылықтарға қатысты қолданып жатқан шараларын «экстремизмнен сақтандыру» деп түсіндіреді.